09 Мамыр, 2014

Ерлік пен елдік рухты үлгі тұтқан ұрпақпыз

2228 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Без имени-1Адамзат тарихында үлкенді-кішілі 15 мыңға жуық соғыс өткен екен. Бірақ солардың ішін­де ауқымы, алапаттығы мен құрбандықтары жағынан ең жан-түршігерлігі екінші дүниежүзілік соғыс және оның құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысы болды. Сондықтан, оған қатысып жеңіске жеткен және осы жолда өмірлерін құрбан еткен асыл азаматтарды еске алып, құрмет көрсетіп отыру бәрімізге қасиетті борыш, қастерлі міндет. 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына тұтқиылдан, соғыс жарияламастан басып кірді. Жау жағының басымдығына қарамас­­­­­­­тан, шекарашылар, олар­дың қатарында Брест қорғау­шылары алғашқы ұрыстың өзін­де теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Олар­дың сапында А.Мүсірепов, К.Абдрах­манов, К.Иманқұлов, Ғ.Жұ­матов, Ш.Шолтыров, Қ.Бат­талов секілді жауынгерлер жау­дың алғашқы соққысына қарсы­лық көрсетіп, аса айрықша ерлікпен көзге түсті. Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 атты әскер диви­зиясы, 7 атқыштар бригада­сы, 50-ге жуық полктер мен батальондар жасақталып, майданға аттандырылды және олар ерлік­пен шайқасты. Мәскеу бағы­тындағы Волоколамск тас жолын қорғауда Алматыда құрыл­ған 316-шы дивизия генерал-майор И.В.Панфиловтың бас­шылығымен ерліктің ерен үлгісін танытты. Атап айтқанда, 28 панфиловшылар жаудың 50 танкісін жойып жіберіп, олар Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Панфиловшы аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі шайқаста өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Соғысты Бауыржан Момышұлы полковник шенінде, 9-шы гвардиялық дивизиясының командирі болып жүріп аяқтады. Орыстың белгілі жазушысы Александр Бек «Волокалам тасжолы» кітабын Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігіне арнады. Алайда, Бауыржан Мо­мышұлы Кеңес өкіметі тарапынан өз дәрежесінде бағаланбады. Тек 1990 жылы еліміздің Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың тікелей араласуымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Досжан Балабекұлының фотосы-9 мамыр Алматы (1) Мәскеу түбіндегі болған ұрыс­тарда қазақ халқының көптеген ұлдары ерлікпен шайқасты. Олардың қатарында Кеңес Ода­ғының батырлары Мәлік Ғаб­дуллин, Төлеген Тоқтаров, Рашид Жанғозин, Рамазан Елебаев бар. Алексин қаласы үшін шайқасқа қазақ халқының аты аңызға ай­­­­нал­ған батыры Амангелді Имановтың ұлы, қатардағы автоматшы Ра­ма­зан Амангелдиев қатысып, асқан ерліктің үлгісін көрсетті. 1942 жылдың 19 желтоқ­са­нында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе шайқасында қарағандылық ұшқыш Нұркен Әбдіров өзінің оқ тиіп өртенген ұшағын жаудың шынжыр табан техникалары шоғырланған жерге бағыттап, экипажымен бірге ерлікпен қаза тапты. Н.Әбдіров, минометші К.Сы­патаев Ста­линградты қорғаудағы ерен ер­лік­тері үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Айта кетерлік бір жайт, Сталинград жеңісінің 70 жылдығына орай жерлесіміз, астаналық жазушы-жур­налист, қазақстандық жауын­гер Әскен Нәбиев туралы, оның атақты трактор зауытын қор­ғау­дағы қайталанбас ерлігі тұрғысында журналист Моисей Гольдбергтің «Казахстанская правда» газетінде жариялаған көлемді очеркімен танысып, қаһармандығына сүйсінген Ресей елшісі М.Бочарников қазіргі Волгоград қаласының көрнекті бір көшесіне Әскен Нәбиұлының есімін бергізуге нақты шараларды қарастыруда. Үш жылдан астам уақытқа созылған Ленинград үшін шай­қаста да қазақ жауынгерлері ерлік танытты. Олар қоршаудағы қаланың «Үлкен жермен» байланысын қамтамасыз етуге, Ладогадағы «өмір жолын» салуға, Ленинград облысының 22 елді мекенін азат етуге қатысты. Қазақ жауынгерлері Балтық теңізінің шептерін табанды түрде қорғады. Қызыл тулы «Киров» крейсерінде соғыс басталғанға дейін жіберілген 156 қазақстандық өз ерліктерімен көзге түсті. Еділ бойы мен Дон даласында, Курск иінінде, Днепрден өту шайқастарында да мыңдаған қазақстандық жандарын аямады. 25-ші гвардиялық атқыштар корпусының командирі 1943 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан еңбекшілеріне жазған хатында: «Днепрдегі ұлы шайқаста қазақ халқының ұлдары жауға өздерінің біздің Отан-анамызға деген ыстық махаббатын тағы да танытты, олардың тамырларында өз аталарының батырлық қандарының суымағанын көр­сетті. Днепр жағалаулары мен Днепрден өту кезіндегі қазақтар көрсеткен ерліктердің барлығын санап бітпейсің», деп ағынан жарылуы тегін емес. Қазақ қыздары да соғыс ауырт­палығын ер азаматтармен бірдей көтерді. Соғыстың алғаш­қы күндерінен бастап соғыс­қа сұранып, хат жазған қазақ қыздары өте көп болды. Мысалы, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа сұранып өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан. Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінде 3 мың өтініш, ал Алматы қала­сы­ның тек Фрунзе ауданы бо­йын­ша 112 өтініш түскен. Қазақ арулары түрлі әскери құрамдарда болып, ерен ерлік көрсетті. Қолдарына қару алып, қан майданға аттанған Шығыс жұлдыздары Мәншүк пен Әлия Қазақстан даңқын әлемге паш етті. Авиация саласындағы қазақ қызы Хиуаз Доспанова ұшқыш штурманы болып 300-ден астам мәрте әуеге көтерілді. 2004 жылы Президенттің Жарлығымен Х.Доспановаға Халық Қаһарманы атағы берілді. Жауһария Сафар­бекова қалалық радиостанса бастығы болып, Ленинград майданында аса ерлігімен көзге түссе, 1942 жылы Қазақстанда құрылған 34-ші жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта аруы Курск иініндегі шайқасқа қатысып, бірнеше марапат иеленді. Ұлы Отан соғысының ірі, шешуші операциясы – Берлин қаласын алуға қазақстандық 118-ші, 313-ші, 150-ші атқыштар дивизиясы қатысты. Шайқас қызып жатқанда қазақстандық офицер Рахымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен жеңіс туы желбіреп тұрды. Қазақстандықтар тек майданда ғана емес, жау тылын­да да шайқасты. Елдің өзге халық­тарымен бірге олар жау уақытша басып алған аумақтардағы партизан қозғалысына қатысты. Украинаның құрамалы отрядтарында, кейбір деректер бойынша – 1500, Ленинград облысында 220 қазақ шайқасты. Соғыс жылдары партизан қозғалысына қатысқан қазақстандықтардың саны 3,5 мыңға жетті. Партизандық қозға­лыстың Ғалым Ахмедияров, Ға­лым Омаров, Нұрым Сыдықов, Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов, Тоқтағали Жангелдин, Жұма­ға­ли Саин секілді батыр­лары­ның есімі көпке таралды. Халық кекшілдерінің қата­рында қа­зақ қызы радист Нұрғаным Байсе­йі­това аянбай шайқасты. Еуропа елдерінде қарсыласу қозғалысына қатысушы қазақ­стандықтар фашистерге қарсы күресте батырлық пен ерлік көр­сетті. Поляк партизандық жасақ­тарында жамбылдық Сәтім­бек Төлешов, Югославия жерінде көкшетаулық Телжан Жел­қо­жинов, Ақтөбе облысынан Арық Есентаев ұлы жеңіске жету­ге молынан үлес қосты. Фран­цуз қарсыласу қозғалысы сапын­да Дәулет Қаражұманның батыр­лығымен аты шықса, италия­лық қарсыласу қозғалысы құра­мында Қарағандыдан Т.Әл­пейі­сов, Ақтөбеден Ж.Келшіков, Қызылордадан А.Халықбаев, Қ.Дүйсенбеков, Целиноград облысынан Т.Сәдуақасов жаумен қасық қаны қалғанша соғысты. Соғыстың аяғына дейін әске­ри бөлімдер ретінде ерлікпен шай­қасқан 12 қазақстандық диви­зияға құрметті атақтар берілді. Әскери ерліктері үшін 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 104 қазақ иеленді. Төрт қазақстандық ұшқыш – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Ба­тыры атағына екі дүркін ие болды. Осылайша, қазақ халқының аяулы перзенттері 1418 күнге со­зылған Ұлы Отан соғысында жанқиярлық ерлік жасап, бабалар аманатына берік екендігін паш етті. Олардың туған ел, туған жер азаттығы үшін аянбай шайқасқандары жастарымызға мәңгілік өнеге. Соның бір жар­қын айғағы ретінде жас тәуелсіз мемлекетіміздің Қарулы Күштері құрамындағы сарбаздар бүгінгі күні бейбіт өмірімізді көздерінің қарашығындай сақтап, ата-бабаларымыздың ғасырлап күт­кен арманы, Елбасы белгілеп берген ұлтымыздың басты идеологиясы – Мәңгілік Елді баянды ету жолында аянбай тер төгуде. Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы, «Бас редак­­торлар клубы» қоғамдық  бірлестігінің президенті.