09 Мамыр, 2014

Рухы күштілер

551 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Без имени-1Немістер ол кезде көп нәрсені біл­меді. Өз тұсында төрткүл дүние­ні ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың лайықты ұрпағы қарсы тұрғанын білмеді. Азаттық жолында қаншама қиындықтарды бастан кешкен қазақ халқының ауырт­палықтардан қабырғасы қайысса да, морт сынбайтынын, ең­сесі езілсе де, рухы түспейтінін, асылын берсе де, намысын бермейтінін білмеді. Қазақтың қаһарман ұлдары тіпті өзгенің түсіне кірсе, шошып оянатындай қорқынышты оқиғаларды бас­тан кешті. Бұл ретте мына ес­те­лік жұрт жадында жаңғыруға лайық. Мәскеу түбіндегі соғыс кезінде Бауыржан өздері тұрған тұстан кейінгі жердің картасын жыртып тастап, отқа жақтырған. Онысы – Мәскеуді жау алса, бәрі біткені, әрі қарай туған жер, оған жіберуге болмайды деген тұжырымы еді. Қасым Қайсенов айтқандай, фран­цуздарға Мәскеуді өртеп тастап кеткен Кутузовты «ұлы қолбасшы» дейді, ал, оған жауды енгізбеген Бау­ыржанға олар көзі тірісінде батыр атағын бермеді. Батыр бабамызға тек Тәуелсіздік кезінде ғана лайықты бағасын бере алдық. Тарихи әділдікті қалпына кел­тіруге алдымен өзіміз мүд­делілік танытып, түрткі салуға тиіспіз. Мысалы, снайперлерден В.Г.Зайцев, Н.В.Ковшова, М.С.Поливанова, Л.М.Павличенко және басқалары Кеңес Одағының Батыры атағын өлгеннен соң алған. Солардың ішінде Ф.А.Смолачков – 125, В.Г.Зайцев – 255 жауды жойған. Ал, Төлеуғали Әбдібеков 395 фашисті, яғни бір батальон жауды құртқан. Бірақ оған батыр атағы берілмеді. Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған «Панфиловшылар» атты кітапта Төлеуғали Әбдібековтің есімі жинақтың ең соңындағы – «Құраманың ескерткіш күнтізбесі» атты соғыс хроникасында екі жерде жай ғана аталып өткен: Т.Әбдібеков 400-дей фашисті жойды; қаза тапқаны туралы дерек. Тарих ғылымдарының докторы Тілеу Көлбаевтың айтуынша, соңына мықтап түскен қарсылас жақтың атқыштарын жасырын жекпе-жекте Төлеуғали бір-бірлеп құртып отырған. Аңдысқан жау алмай тынбайды, оның өмірі 1944 жылдың 23 ақпанында, 26 жасында қыршынынан қиылды. Сүйе­гі Калинин облысындағы Нас­ва стансасының түбінде жерленген. Тілеу Көлбаев былай деп жазады: «Жауынгерлік ерліктері үшін Әбдібеков «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту» ордендерімен, І дәре­желі Отан соғысы орденімен, «Ленин» орденімен наградталды. Командование оны Кеңес Ода­ғының Батыры атағына өмір­баяндық анкетада өзінің немере ағасы Кемелбай Насырхановтың репрессияланғанын жасырмай жазғаны үшін ғана ұсынбаған». Яғни, қайсар батыр кезінде халқының қамын ойлағаны үшін «халық жауы» атанып, лагерьлерде азап шеккен арыс азаматтан бас тартпай, ашық айтқан. Сөйтіп, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі, жаладан итжеккенге айдалған, Магаданның су түрмесінде сүйегі қалған аға­сы Кемелбай үшін күйіп кетті. Ту­ған елі мен жерін фашистік бас­қын­шылардан азат ету жолында ғұ­мырын қиған, соңында жоқтайтын ұрпағы қалмаған қыршын батырдың деректері Подольскідегі әскери архивте сақтаулы. Белгілі жазушы Медеу Сәрсеке полковник Төлеуғазы Жылтыровқа Тілеу Көлбаевтың «Снайпер Ту­леу­гали» атты мақаласын берген екен. Ол кісі қалай іздену керек­тігін қағазға ыждағаттап жазып беріпті. «Архив арқылы сөйлеу керек. Москва жасанды дүниеге, өтірікке әбден улыққан, беталды сенбейді, шынның өзін дәлелдеу оңай емес. Нағыз қаһарманды шы­ғара алмайсың. Сондықтан нақты құжаттар қажет. Жасым 80-де, менің бұл іске араласуға халім жоқ», деп шынын айтқан Төлеуғазы Жылтыров арада бір-екі жыл өткен соң дүние салды. Әскери тәртіпті бес саусағындай білетін полковниктің нұсқауын қаз-қалпында берейік. 4-бет 4-бет-1 «Факты об Абдибекове Ту­леу­гали фантастические... Легендарный снайпер Зайцев уничтожил 255 фашистов, стал Героем Советского Союза, его ежегодно чествуют на Малаховом Кургане Сталинграда. 1.Главное, найти в архивах представления к награждению этими орденами. Все документы искать в архивах Минобороны и Наградного Управления Верховного Совета тех лет. 2.Ехать в Москву в архивы Министерства Обороны СССР и Государственный архив СССР и найти хотя бы наградные листы (снять копии). 3.Поискать и найти публикации в газетах «Правда», «Известия», «Комсомольская правда», «Красная звезда» и сделать фотокопии. 4.Общественное мнение нужно... 9.Составить краткий хронологический список о подвигах героя со ссылкой на источники публикации и на авторов. Кратко, всего не одной странице. Без официальных документов добиться ничего невозможно. Это аксиома. Нужны официальные документы и только документы» деп, 2006 жылы 18 ақпанда қол қойып, Медеу аға арқылы жазушы Айгүл Кемелбаеваға беріп жіберген екен. Қазақстандағы саяси қу­ғын-сүргінге ұшырағандар қауым­дастығының төрағасы Жұмабек Ашу­ұлы 2007 жылы қазан айында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағатына сұрау салып, 2008 жылдың 18 наурызында жауап алды. Подольск әскери мұрағаты екі архивтік анықтама салған. Гвардия аға сержанты, снайпер Т.Әбдібековтің соғыс деректерін, ерен ерліктерін растаған. Хатта мұрағат деректері қолмен көшіріліп, наградалардың қандай ерлігі үшін берілгені тізіліпті. Онда: «Прославленный и непревзойденный снайпер. Хитрый, осторожный, выдержанный, хорошо знающий повадки врага довел свой снайперский счет до 395 уничтоженных гитлеровцев. Подготовил 32 снайпера... Умер от ран в медсанбате 23.2.44 г.» (Основание: ф 33, оп. 686044, д. 4689, л. 300. Выписки даны с соблюдением текста документов. Зав. архивохранилищем Н.Брилев, исп. Кондратьева) деп жазылған. Қол қойылған, мөр басылған, бәрі заңды түрде ресімделген. Даңқты жерлесіміздің соғыс­тағы асқан ерлігін дәлелдейтін бұ­дан артық қандай құжат керек? «Біздің қандасымыз Төлеуғали Әбдібековтен асқан бірде-бір мерген жайында дерек кездестірмедім», дейді Жұмабек Ашуұлы. Зерттеуші Айгүл Кемелбаева белгілі жазушы Әзілхан Нұр­шайы­қовтан дерек көздерін сұрағанда, 2006 жылы 16 ақпанда жазылған мына жауапты алыпты: «... Тілеу Көлбаевтың «Снайпер Тулеугали» атты мақаласында 1944 жылы шілдеде Қазақстанға келген делегациядан мергеннің №2916 винтовкасының елге жіберілгені, оның қазір Орталық мұражайда сақтаулы тұрғаны баяндалған. Бұған қарағанда дивизияның үш жылдығы қарсаңында Төлеуғали Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған болуы тиіс. Дивизия елге делегация жібергенде қолдарына Қазақстан Үкіметіне арналған хат ұстатады. Батырлыққа дивизия ұсы­нады. Содан кейін ол құжат Мәс­кеуге кетеді. Дивизияның Қа­зақ­станға жазған хаты Алматы архивтерінің бірінен табылуға тиіс (1944 жылы майданнан дивизия делегация­сын басқарып келгенімде, біз дивизияның хатын Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне тапсырғанбыз». Батыр Баукеңнің «шындық қашанда келеді, бірақ сәл кешігіп келеді» деген асыл сөзі бар. Жүрегі қайсар, көзі мерген Төлеуғали Әбді­бековке «Халық қаһарманы» атағын берсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ұлттың рухын теңселтіп, адам­дардың санасын шайқалтқан дүр­белеңдер қазақ халқының рухани кемелдігін, батырлық тамырының тереңдігін жеріне жеткізе дәлелдеп бере алды. Батырлар туралы естелік бізге отаншылдықты оятатын, намысты қамшылайтын, рухты асқақтататын қырларымен қымбат. Мұндай қасиеттерді қастерлеп, үкілей ұстай алсақ, жеңісті күн­деріміз көп болары күмән келтір­мейді. Бауыржан, Рақымжан, Төлеу­ғали секілді ұл тудырған өр ұлыс­тың ұлы рухы күйремейді. Бақытбек СМАҒҰЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы.