Әлем • 22 Тамыз, 2022

Қырғызстанда қаралы күн жарияланды

517 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров 23 тамызды Ресей Федерациясындағы жол-көлік оқиғасында қаза тапқандарға арналған жалпы аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қырғызстанда қаралы күн жарияланды

Садыр Жапаров Ресей Федерациясының Ульянов облысында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан отандастарының қаза болуына байланысты үндеу жасады. 

«Құрметті қырғызстандықтар! Ресей Федерациясының Ульянов облысында болған оқиға әрқайсымызды елең еткізді. Бұл орны толмас қайғы баршаның жүрегін сыздатты. Мен зардап шеккендердің туыстарының қайғысына ортақпын. Олар үшін қазір өте қиын. Мұндай жағдайларда жанашыр сөздерді айту қиын. Дегенмен, апаттан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Қайғыларыңызды барлығымен бөлісіп, Алла Тағаладан күш-қуат, сабыр беруін сұраймын», деді С.Жапаров.

Мемлекет басшысы апат салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына көмек көрсетуді жеке бақылауына алатынына сендірді.

«Құрметті отандастар, бұл қайғылы оқиға барша халқымыз үшін үлкен қайғы, осыған байланысты 23 тамызды Қырғыз Республикасының аумағында жалпы аза тұту күні деп жариялаймын», делінген президент әкімшілігінің сайтында жарияланған хабарламада. 

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Ульянов облысындағы жол апаты салдарынан 14 қырғызстандық қаза тауып, Қырғызстанның тағы үш азаматы ауруханаға жатқызылған.