Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдық мерекесіне орай 14 ардагерге пәтер кілтін табыс етті.
Ұлы Жеңістің еліміздегі ең басты мереке екендігін ерекше атап өткен шаһар басшысы ардагерлерге баға жетпес ерліктері үшін алғыс білдірді.
– Біздер еліміздің болашақ ұрпағы үшін жасаған сіздердің ерен еңбектеріңізді ешқашан ұмытпаймыз, – деді Ахметжан Есімов. – Түрлі сыртқы мәселелер мен әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан мемлекет өзінің әлеуметтік міндетін үнемі орындап келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы 14 пайызға өсті. Мәслихаттың шешімі бойынша Алматыда тұратын ардагерлерге арнайы әлеуметтік көмек төленетін болады.
Тек 5 жылдың ішінде ғана қалада Ұлы Отан соғысына қатысушыларға 153 пәтер берілген. Осылайша, бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша үйге зәру ҰОС ардаргерлері баспанамен қамтылды. Сондай-ақ, ҰОС ардагерлерін Жеңіс күнімен «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы да салтанатты түрде құттықтады. Шара барысында 15 майдангерге Қазақстан Президенті Іс басқармасының медициналық орталығына қарасты «Алматы Resort» клиникалық шипажайының президенті, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Қанат Төсекбаев осы демалыс үйіне 10 күндік тегін жолдама сыйға тартты.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің ардагерлерімізге үнемі қолдауын көрсетіп тұрады. Майдангерлердің қатары жыл сайын сиреп келеді. Алматыда қазір 1006 ғана ардагер қалды. Жеңіс күнін мерекелеу аясында «Нұр Отан» партиясы Доктринасының басты құндылықтарын негізге ала отырып, ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдағы ынтымақтастық сезімді, дәстүрлік ғұрыптарды, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне деген сый-құрметті арттыруға бағытталған «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын кеңінен жүзеге асыруда, – деп атап өтті Алматы қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғали Шайхутдинов.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген Серік ӨТЕГЕНҰЛЫ