09 Мамыр, 2014

«Қашан келесің, көке?..»

538 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Без имени-1Мен Ұлы Отан соғысы бас­­талғанда небәрі төрт жаста ғана екенмін. Сондағы ауыл көрі­нісі еміс-еміс қана есімде қа­лыпты. Мал баққан ауыл Сыр­дарияның Тартоғай жайылымында, ал колхоз орталығы ескі Сауран мен Міртөбенің Қара­тау жақ беткейінде еді дейді үлкендер. Ересектер абыржулы, жылап-сықтап жүр. Сәлден соң ерттеулі екі атқа әкем мен Арын көкем мініп, ауылдан ұзай берді. Аталарымыз бен аналарымыз өксіктерін баса алмай, беймаза күй кешуде. Кейін маған анамның түсіндіруінше аттанған екеу әскери комиссариаттың шақыруымен аудан орталығы Фрунзе селосын (қазіргі Шорнақ) бетке алған екен. Мұнда қалған елдің де жағ­дайы мәз болмады. Күндіз-түні жұмыс болды. Ол кезде колхозда бидай, жүгері, мақта дақылдарын егетін. Мектепке сәл кештеу барғандықтан, оның алдында біздер Жұмахан, Мырзахмет, Әлжан, Жәлеке, Өмірхан сынды өзге де бірқатар ауыл балалары аналарымызбен бірге масақ жинап, мақта тердік. Сондай-ақ, қарттарға да қолғабыс жасайтынбыз. Әлі есімде, қырманшы Момбек ата екі баланы өгізге мінгізіп, бидай бастыратын. Еңбекақымызға қос уыс бидай беріп қуантатын-ды. Еңбекке етене араласып жү­ріп, мектеп табалдырығын да аттадық. Сол жылдардағы алғашқы ұстазым, аяулы ағам Дәлен Исабеков еді. Мектепке қара суыққа домбығып, тоңып-жаурап жеткенде ұстазымыз от жағып қояды. Мені келген бетте-ақ алдына алып, мұздап қалған аяғымды жылы алақанымен уқалап, ошақ отына жылытатын. Не деген мейірім десеңші! Оқу жылын аяқтап, аздап сауат ашып қалған күндердің бірінде ұстазым Дәлен ағай басымнан сипап тұрып: «Көкеңді сағындың ба?» демесі барма. Бұл сөз онсыз да сағыныштан сыздап, тығылып жүрген көңілімді қатты босатып жібергені соншалық, ағайдың өзі мені зорға тоқтатты. Жұбатып болған соң, ағай: «Сағынсаң хат жаза ғой, салып жіберемін көкеңе», деді. Сонда мен жаңағы жылағанымды әп-сәтте ұмытып, қағаз бетіне екі сөзді шимайлап парақ толғанша қайталап жаза беріппін, жаза беріппін. Сондағы жазғаным: «Қашан келесің?» деген сөз болыпты. 3-бет Көптен күткен Жеңіс күні де келіп, әкем елге есен-сау оралды. Менің қуанышымда шек болмады. Хатыңды алдым деп әкем мені бауырына алды. Өкініштісі сол, майданға әкеммен бірге аттанған Сәулен мен Айдардың әкесі Арын көкем сол кеткеннен оралмады. Бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін сезініп, бағалай білейік әлеумет. Келер ұрпақ соғыс атаулыны білмей өссе екен деген тілегімді айтудан мен әсте жалықпаймын. Кеңесбай Қуандықов,  тыл ардагері. ТҮРКІСТАН. .