– Равшан Сайфиддинович, Қазақстанға қош келіпсіз! «Super Bol» жобасының маңызды кездесуіне төрелік ету миссиясы сізге жүктеліпті...
– Ыстық ықыластарыңызға рахмет! Қазақстан футболының жүгін арқалап жүрген азаматтар «Super Bol» жобасының шешуші кездесуіне қазылық етуге шақырғанда бірден келісімімді бердім. Себебі жобаның мақсаты ұнады. Жастарға деген қамқорлықты сезіндім. Бұған дейін осы тектес жобалар жайлы естіген емеспін. Қазақстан футболының аяқ алысы тәуір деп айтуға толық негіз бар. Ұлттық құрама биыл Ұлттар лигасындағы кездесулерін сәтті өткізіп, әзірге топ бастап тұр. Соңғы жылдары клубтық деңгейдегі жарыстарда да қазақстандық командалар жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр. «Super Bol» сияқты жобалардың арқасында футболдың дамуы тың серпін алып, талантты жастар қатарға қосылатынына сенімдімін. Жылдан жылға жобаның ауқымы кеңейе түсетіні белгілі. Әсіресе шалғай елді мекендердегі тасада қалған жастар «жарыққа» шығып, ел футболын алға сүйрейді деген үміт мол. Біз өз тарапымыздан әріптестік танытып, барынша қолдауға әзірміз.
– Сізді футбол алаңынан көрмегенімізге көп болды. Не десек те, тарихта есіміңіз алтын әріппен жазылды. ФИФА-ның үздік төрешісі атану бақ па әлде еңбектің өтеуі ме?
– Үздік былай тұрсын, ФИФА-ның төрешісі атану үлкен абырой. Әлемдік деңгейдегі матчтарға қазылық ету бақыты бұйырса, еңбегіңнің еленгені. Әрі үлкен аманат арқалағаның. Өз басым төреші атанғаннан бері ФИФА-ның рефериі болуды армандадым. Ол үшін алдыңғы буын төрешілердің ойындағы әр іс-қимылын бақыладым. Сол уақытта Пьералуиджи Коллина, Маркус Мерк сияқты төрешілердің атағы дүркіреп тұрған еді. Олар сияқты кем дегенде бір кездесуге жоғары деңгейде қазылық ете аламын ба деген сауал мазалайтын. Жолым болды десе болады. ФИФА-ның ресми түрде төрешісі атана сала Финляндияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына жолдама алдым. Әдетте мұндай мүмкіндік ешкімге беріле бермейді. Кейінгі 4 жылда 40-тан астам халықаралық ойында бас төреші болдым. Одан кейін әлем чемпионаттарының кездесулеріне төрешілік ету сеніп тапсырылды. Әрине, бақпен бірге маңдай тердің де өтеуі де болар. Өзімді дамыту үшін халықаралық тәжірибеге сүйеніп, ізденіп, жаттығып, әр кездесуден соң өзіме есеп беріп отырдым.
– Соңғы уақытта әйел төрешілер жиі қазылық етіп жүр. «Super Bol» мен «Жеңіс» командалары арасында өткен кездесуде де қос қапталдағы көмекшіңіз әйелдер болды...
– Бүгінде әйелдер футболы жұрттың назарын аударта бастады. Жуырда ғана аяқталған Еуропа чемпионаты соның дәлелі. Сәйкесінше, әйел төрешілердің де деңгейі артып келеді. Ерлер арасындағы кездесуге әйел төреші тағайындалуының еш әбестігі жоқ деп есептеймін. Керісінше футболшылар ашуға бой алдырмай, кездесу барысы жайлы өтеді деп ойлаймын. Бұл тәжірибені Өзбекстан футбол федерациясына да енгізуді қолға алып жатырмыз.
– Тәжірибе демекші, бүгінде VAR жүйесіне көшу толыққанды жүзеге асып жатыр. Мұндай жаңашылдыққа көзқарасыңыз қалай?
– 2010 және 2014 жылы өткен әлем чемпионатында VAR жүйесі болған жоқ. Десе де жаңа жүйенің «рахатын» сезініп үлгердік. 2016 жылы Токио қаласында өткен клубтық чемпионатта тәжірибе ретінде енгізілген болатын. Әу баста түсінбеушілік болғаны рас. Қазірдің өзінде кейбіреулер бұған уақыт көп жұмсалып, салдарынан ойынның жылдамдығы бәсеңдеп, әдемі футболдың шырқы бұзылады деп есептейді. Кейбір маңызды кездесулерде төрешінің бір ғана қателігі ойын тағдырын шешіп, қай команданы болмасын алтыннан айыруы мүмкін. Бұл ретте, әділ шешім қабылдау үшін жүйенің тиімділігі зор. Ендігі жерде қандай да бір шешімді қабылдауда көп уақыт жұмсалмау үшін бейнекамералардың санын арттырып, дұрыс ракурстардан түсіру маңызды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Оралхан АХМАДИЯ,
«Egemen Qazaqstan»