Спорт • 22 Тамыз, 2022

Әлемдік додада жеті жүлде бұйырды

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Болгарияның астанасы – Софияда грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионаты (U-20) өз мәресіне жетті. Алғашқы күні 87 кило салмақта сынға түскен Мақсат Сайлау қола медаль иеленсе, келесі тәулікте тағы бес балуанымыз боз кілемге шығып, солардың екеуінің қанжығасы майланды.

Әлемдік додада жеті жүлде бұйырды

Қазақстан құрама командасы мүшелері арасынан Юсуф Мациевтің өнеріне тәнті болдық. 97 кило салмақ дәрежесінде айқасқан жерлесіміз бастапқы бәсекеде украиналық Владислав Драганчукті (9:0) айқын басымдықпен ұтса, іле-шала швециялық Маанс Эрик Хейнц Клостерманды (7:3) қапы қалдырды. Ширек финалда сербиялық Лука Катичті қос жауы­рынымен жерге қадаған ол жартылай финалда қырғызстандық Нурманбет Раймалыуулуның (11:2) тас-талқанын шығарды. Финалда Юсуфтың жолы Иранның мықтысы Али Рамананәли Абедидарзимен қиысты. Бұл тартыс 9:4 есебімен Парсы елі өкілінің пайдасынан шешіліп, біздің Юсуф күміс медаль иеленді.

67 кило салмақтағы Дінмұхамед Қошқар үндістандық Анкит Гу­лияны (8:4), молдовалық Каспер Никлай Оэверибиді (8:0) және аме­рикалық Роберт Паул Пересті (3:3) ұтқанымен, жартылай финал­да әзербайжандық Каннан Аб­дулазадеге (2:9) жол берді. Десек те қола медаль үшін бәсекеде Дінмұхамед түркиялық Онур Юр­таданың (3:2) осал тұсын тапты. Қошқардың жеңіп алған қола жүлдесі де қазақтың тақиясына тар келмесі анық.

Жұбаныш бәсекелерінде Ба­қытжан Қабдыл мен Мерей Мәу­летханов күш сынасты. 60 кило салмақтағы Бақытжан аремениялық Сурен Агаджянға және 72 кило салмақтағы Мерей молдовалық Алек­сандру Словейге жеңілгенімен, қарсыластары финалға шыққанның арқасында олар жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Бірақ Қабдыл бірден ұтылса, Мәулетханов екі бірдей қарсыласын қапы қалдырып, үшінші орын үшін белесуде Амир Али Абдиге (0:4) есе жіберді. Сөйтіп, Қазақстанның грек-рим күресі шеберелері Со­фия­дағы сайысты қос жүлдемен қорытындылады.

Командалық есепте Иран құ­рамасы озды. Парсы елінің пехлевандары 4 алтын, 2 күміс және 2 қоланы олжалады. Екінші орында – Әзербайжан. Қап тауының қырандары 3 алтын мен 2 қолаға қол жеткізді. Үшінші сатыға Ар­менияның арландары табан тіреді. Олар 1 алтын мен 1 күмісті ен­ші­леді. Үздік бестікті Украина

(1 ал­­тын мен 1 қола) мен Германия (1 ал­­тын) түйіндеді.

Грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған балуандар: 55 кило – Нихад Гулузаде (Әзер­бай­жан), 60 кило – Саид Морад Ес­маили (Иран) , 63 кило – Иман Хоссейн Мохаммади (Иран), 67 кило – Каннан Абдулазаде (Әзер­байжан), 72 кило – Гурбан Гур­банов (Әзербайжан), 77 кило – Дэни Накаев (Германия), 82 кило – Алиреза Азизхох Моха­ма­дипиани (Иран), 87 кило – Виген Назарян (Армения), 97 кило – Али Рамананали Абедидарзи (Иран) және 120 кило – Михайло Выш­невецкий (Украина).

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның балуандары арасынан еркін күрестен Мерей Базарбаев (57 кило), әйелдер күресінен Алтын Шағаева мен Анастасия Панасович күміс медаль олжаласа, Мәдина Аман (59 кило) қолаға қол созған еді. Нәтижесінде, Болгарияның боз кілемінде жерлестеріміз жеті жүлдеге қол жеткізді. Тарқатып айтсақ, біздің балуандар 4 күміс пен 3 қола медаль иеленді.