Аймақтар • 22 Тамыз, 2022

Мемлекеттік қызметтерді ең ыңғайлы нұсқада алады

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық мәжіліс аяқталды. Конференцияда Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларының әлеуметтік салаларының өкілдері жаһандық пандемия кезінде жинаған тәжірибелері мен бүгінгі бастамаларын ортаға салды.

Мемлекеттік қызметтерді ең ыңғайлы нұсқада алады

ХҚО басшыларының Алматыдағы басқосуы қауымдастық мүшелеріне пандемияның қысқа мерзімді жауап шаралары мен ұзақ мерзімді әсерін талдауға, сондай-ақ осы саладағы әлеуметтік қам­сыздандырудың негізгі проблемаларын талқылауға мұмкіндік берді.

Әзербайжан Республикасы тұрақты және жедел әлеуметтік қамсыздандыру агенттігінің (DOST) деректерді басқару және талдау департаментінің директоры Шахин Зульфугаровтың айтуынша, қазақстандық фронт-офистер баламасы саналатын Тұрақты және жедел әлеуметтік қамсыздандыру агенттігі (DOST) Пре­зидент жарлығымен 2018 жылдан бері жұмыс істейді. DOST агенттігі Бірыңғай үйлестіру ор­та­лық­та­рының қызметтерін қоса ал­ғанда, тіке­лей орталықтар желісі арқылы 12 бағытта 154 қызмет көрсе­тетінін айтады.

Өзбекстан Республикасының Қаржы министрлігі жанындағы Зейнетақы қоры Атқарушы директорының бірінші орынбасары Зохидхужа Тұрсынов Жаңа Өзбекстанның 2022-2026 жыл­дарға арналған стратегиясының әлеу­меттік бөлігіне тоқталса, Беларусь Респуб­ликасының Халықты әлеуметтік қорғау қоры Басқарушысының бірінші орынбасары Виктория Трухан өз елінде мекемеаралық өзара іс-қимыл шеңберінде ұсынылатын, сондай-ақ мемлекеттік бас­қару органдары шаруашылық жүргізуші субъектілерге де, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдары ұсы­натын қызметтер мен сервистерді шоғырландыратын жалпы мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйенің электрондық қыз­мет­терінің бірыңғай порталы жұмыс істейтінін айтады.

Халықаралық конференцияны ұйым­дас­тырушылардың бірі – «Азамат­тарға арналған үкімет» МК КеАҚ төралқа төрағасы Сүйеніш Әбділдин Қазақстан мемлекеттік қызметтерді одан әрі цифр­ландыруға белсенді түрде кірісіп отыр­ғанын жеткізді.

«Біз үнемі халықпен жұмыс істеуде алдыңғы шепте отырғандықтан өзекті мәселелерді көтереміз. Бүгінде елімізде еgov-ты монополиясыздандыру үрдісі жүріп жатыр. Бұл – мемлекеттік қызмет­тердің қолжетімділігін тек мемлекеттік қызметтердің бірыңғай порталында ғана емес, банктер, онлайн платформалар арқылы алуға ғана емес, мемлекеттік қыз­меттердің қолжетімділігін қам­та­масыз етуге де мүмкіндік береді, азаматтар мемлекеттік қызметтерді алу үшін ең өзіне ыңғайлы нұсқаны таңдай алады. Әлеу­меттік қамсыздандыру тұрғысынан алғанда, бұл – проактивті қызметтер. Өтініш беру форматынан анықтау, автоматты түрде қызмет көрсету форма­тына көшу. Бұл орайда Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі қолға алған «Отбасының цифрлы картасы» жобасынан үлкен үміт күтуге болады» деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК КеАҚ төралқа төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

Екі күнге жалғасқан жиында ТМД өкілдері тәжірибелік әлеуметтік бағдар­ламаларға қатысып, Алматы қаласының Әлеуметтік қызметтер үйінің жұмысымен танысты.

 

АЛМАТЫ