Қоғам • 22 Тамыз, 2022

Жүз жылдық жара

596 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Айтыла-айтыла мемлекеттік тілдің мұңы да «жылауық» жырға айналды. Бірақ нәтиже жоқ. Халық әлі де шенеуніктер, депутаттар қазақша сөйлесе, қарап отырып қуанады. Ал өзге этнос өкілі қазақ тілінде бірауыз сөз айтса, тіпті риза болады. Кез келген мемлекеттің аза­маты сол тілде сөйлесе, ол қалыпты жағ­дай емес пе? Оған неге таңғаламыз? Өз еліңде өз ұлтың өз тіліңде сөйлегеніне ішің жылу – қорашсынудың қай деңгейі?..

Жүз жылдық жара

Тіл – бүгінгі қазақтың жанды жері. Қо­ғам­дағы ұлтараздық, тілараздық қақты­ғыс­тар ши тастасаңыз, жанайын деп тұр. Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін күрес тәуелсіздік жылдарынан бері жүріп келеді. Алайда барша қазақ даласы қазақша сөйлеп кеткен жоқ. Әйтсе де, кешегі кеңес уақытымен салыстырғанда, жағдай едәуір жақсы деп көңіл жұбатамыз. Алайда қазақ тіліне жетік өзге этнос өкіл­деріне қатысты бір ғадет пайда болды: жаппай таңғалу. Әгәрәки, көршіңіз Сергей қазақша сөйлесе, қалпағыңызды аспанға атып, қалбалақтап құшақтай жөнелесіз. Сондай-ақ қазақ тіліне судай өзге этнос өкілдері қай салада да табысты болуға мүмкіндігі бар. Ерекшелігі (міндеті емес) – мемлекеттік тілді меңгеруінде. Ал қоғам қазақ тілін білетін өзге этнос өкілдеріне таңғалып, қисап­сыз мадақ жаудырады. Ха­лықтың (һәм сая­сат­тың) бұл тосын міне­зінің сыры неде?

Әрине, қазақ тілінде сөйлей алатын өзге ұлттарды насихаттауымыздың бір себебі барша халыққа үлгі еткіміз келеді (һәм олар­ға деген құрметіміз де болар). Өйткені үлгі етуге мәжбүрміз. Қазақ тілі де насихатқа мұқ­таж. Отаршылдықтан құтылып, бейбіт за­ман орнап, арада қаншама жыл өтсе де, санамыз әлі кембағалдықтан арыла қойған жоқ. Нәтижесінде, мемлекеттік тілде сөйле­ген орыс пен корейге шапан жауып, ат мінгізіп, ерекше құрмет көрсетеміз. Ағыл-тегіл таң­ғаламыз. Яғни ана тіліміздің жарасы әлі жазыла қоймағаны. Жүз жылдық жара.

Ақиқатында, қоғам мемлекеттік тіл­де сөй­лейтін өзге этнос өкіліне неге таң­ға­ла­ды? Неге оларды жапа-тармағай эфирге шығарып яки газет бетіне жария­лаймыз? Әрі бұл «жарнаманың» қазақ тіліне бір пайдасы тисе игі – дабырасы көп. Қазақстанның кез келген азаматы мемлекеттік тілді білуі керек емес пе? Бұл – талап. Олардың қазақша сөйлегені жаңалық яки құбылыс болмаса керек-ті. Қазақша сөйлейтін өзге этнос өкілдеріне таңғалу мемлекеттік тілдің мәртебесін биік­тет­пейді. Ол тек неше ғасырдан бері іште жат­қан қазақ тіліне қатысты кембағалдықты көрсетеді: жоймайды. Дейміз ғой.

Біз мемлекеттік қызметтегі шенді-шек­пенділерді де қазақ тілін білмейді деп кінә­лаймыз. Қарапайым халықтың тілін тү­сін­беген соң жағдайын қайдан ұқсын деп налимыз. Жалпы, ұлтшылдық деген не өзі? Ұлтқа жан ашуда, халыққа әділ болуда мемлекеттік тілді білудің айтарлықтай ықпалы бар ма? Бәлки, мемлекеттік тілді білмегенге, менсінбегенге алакөздене жө­не­летін «патриоттық сезімі тым терең һәм ұлтшыл» осы біз босқа шулап жүрген болармыз. Ал барша Қазақстан қазақ тілінде сөйлеп кетсе, не өзгереді? Сонау бір жылдарда бұлқына бас көтерген тіл мәселесі «Жаңа Қазақстан» тұсында да дәл сол қал­пын­да. Содан болар, кейде адам өз ойына да күмәндана бастайды екен.

Ғайыптан тайып, Үкімет пен халық қазақша сөйледі делік. Мұнымен іс біте ме? Егер мемлекеттік тілдің мәселесін ауыз­екі сөйлеумен ғана шешсек, онда кімді алдаймыз? Әрине, белгілі бір дең­гейде ол да нәтиже. Дегенмен қазақ тілі техниканың тіліне айналып, барлық салада іс-қағаздар мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс. Сауатты түрде. Ал біз бұған дайынбыз ба? Қазір қазақша жазылған ресми құжаттарды халық түсінбейді. Жер-жерде ілінген тақтайшалар мен баннерлердегі қазақша сөздерге де талай күлдік. Аудар­ма дұрыс емес. Ал киноға барсаңыз, суб­титрдағы аударма­ны оқып отырып, тағы қынжыласың. Мұның бәрі мем­лекеттік тілдің күнделікті тіршілікте ке­ңі­­нен қол­даныла алмауына әсер ететін факторлар. Сонда қазақ тілінде сауатты аударма
жа­­­сай алмай отырған өзіміз кінәліміз бе?

Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда бір өзгеріс байқалады. Әлеуметтік желілерде танымал азаматтар қазақша сұхбат беріп, парақшаларында қазақша посттар жазып жүр. Зәредей болса да, жақсы үмітке ба­ла­дық. Ең бастысы, мемлекеттік тілдің мәсе­ле­сі мәңгілік жырға айналмаса игі.