Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығына орай Мәскеуде өтетін әскери парадқа қатысу үшін Ресейдің Қазақстан Республикасындағы елшілігі біздің елімізден бес ардагерге шақырту жасады. Соның бірі болып, Ресей астанасындағы парадқа қатысу құрметіне ие болдым.
Соғыс салған жараның орны әлі сыздайды. Біз ауыр жаралансақ та, аман қалдық. Ал мыңдаған қанды көйлек жолдастарымыз туған жердің топырағы да, ауасы да бұйырмай, майдан даласында бір-бір төмпешікке айналып, қалып қойды. Олардың да елге қайтып келіп, бала сүйіп, ұрпақ тәрбиелеуіне, бақытты болуға, елдің тәуелсіздігін, бүгінгі бейбіт өмірін көруіне толық құқы бар еді ғой. Олар қыршын кетті, біз тірі қалдық. Қазір қатарымыз да сиреп кетті. Қостанай облысы бойынша бүгіндері 435 майдангер ғана Жеңіс мерекесін атап өтіп отыр. Соғыста ерлікпен қаза тапқандарды еске алу, ұмытпау, жастарды патриот етіп өсіру – тірілердің парызы.
Мен майданға аттанғанда әлі 17 жасқа толмаған кезім еді. Жасы жеткен ер-азаматтарды майданға алып, біз секілді балаларды фабрика-зауыт училищесіне оқуға жіберді. Мен Қарағандыдағы ФЗУ-ға оқуға бардым. Қасымда екі досым бар, үшеуміз майданға сұранып, әскери комиссариатқа талай бардық. «Жастарың жетпейді», деп шығарып салады. Бірде майданға солдаттар апара жатқан эшелонға жасырынып мініп, тартып отырдық. Біздің училищедегі тәрбиешіміз осы вагонға мінген болатын, сол кісіні де арқа тұттық-ау деймін. Сонымен пойыз жүріп кеткен соң, бізді қайта түсіріп тастамады. Жасымызды бір жас үлкейтіп жазып, сол эшелоннан түспей, майданға кірісіп кеткенімізді бір-ақ білдік.
Соғыстың қырғынын бастан өткердім. Солтүстік Батыс майданда, Курск иіні үшін болған шайқаста болдым. Украинаны азат ету ұрыстарына, Корсунь-Шевченко операциясына қатыстым. Бұл ауыр, шығыны көп ұрыс болғаны тарихтан белгілі. Сол шайқаста мен ауыр жараландым. Ата-анама «қара қағаз» келіпті. Ал мені госпитальдан шыққан соң, Полтавадағы танк училищесіне жіберді. Жеңісті сонда жүріп қарсы алдым.
Мәскеудегі әскери парадты көру мен үшін үлкен құрмет деп білемін. Қазір әрқайсысы бөлек ел болса да, сол кездегі Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың барлығы тізе қосып, фашизмге қарсы бірге күресті. Мәскеуді біздің қазақстандықтар жаудан қорғады. Мен парадты тамашалап тұрып, майдандастарымды еске аламын. Егер менен мәскеуліктер, парадты қызықтауға келген өзге де қонақтар сұраса, Тәуелсіз Қазақстаным туралы айтып беремін. Мәскеуден келген соң, Қостанайдағы жастарға, балаларға парад туралы, Ұлы Отан соғысындағы менің замандастарым, достарым жасаған ерлік істер туралы әңгімелеуден жалықпаймын. Олар бізге қарап Отанын қорғайтын патриоттық тәрбие алуы тиіс. Мәскеу парады өзге елде болса да, миллиондардың соғысқа, фашизмге ортақ қарсылығын, бейбітшілік тілегін паш етеді.
Қостанай.