Мәселен, Шардара ауданында ағын су мәселесі өзекті. Биыл 57 800 гектар суармалы егістік алқапқа агроқұрылымдар тарапынан әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылы егілген. Осы егістік алқапқа сор шаю, ылғалдандыру және егілген дақылдарға жазғы вегетациялық суару жұмыстарына қажетті су лимитін бөлу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» РМК мекемесіне сұраныс хат жолданып, сұратылған су мөлшерінің 30 пайыз көлемі қысқартылып, ауданға 749,090 млн текше метр ағын су лимиті бекітілді. Ағын суды үнемдеуде және қысқа мерзімде алқаптарды суаруда ауданда ИДЖЖЖ-2 жобасы аясында атқарылған жұмыстар өзінің оң нәтижесін беруде. Шаруалар егістік алқаптарға көктемгі сор шаю, ылғалдандыру жұмыстарына 124,29 млн текше метр ағын су пайдаланған болса, жазғы вегетациялық суару маусымы барысында жобамен алдын ала есептеу нәтижесі бойынша 227,92 млн текше метрді құрап, суару маусымдарына 352,21 млн текше метр ағын су егістік алқаптарға жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, жүйелі ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде ауданда көктемгі және жазғы вегетациялық суару жұмыстары барысында шаруалар тарапынан су жетіспеушілігі мәселелері орын алған жоқ. Қазіргі таңда «Казсушар» РМК мекемесі тарапынан шаруалардың сұраныстарына сәйкес егістік алқаптарға қажетті су көлемі толықтай жеткізіліп берілуде. Ағын су жетіспеушілігін жою мақсатында Отырар ауданындағы «Қызыл ту» стансасында орналасқан 4 дана СНП-500 маркалы насостарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа берілген. Бүгінде Д.Алтынбеков каналы арқылы 6,5 м/с су босатылса, Арыс өзеніндегі Сырдария өзенінің кері тепкісінен насос стансасы арқылы каналға қосымша 2 м/с су тасталуда. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Талапты ауылының Сегіз там тұсындағы егін алқаптары толығымен суарылып, Қоғам ауыл округі шаруаларының мәселесі шешімін тапты. Ендігі кезекте Қарғалы ауыл округінің Отырар елді мекені аумағындағы егіс алқаптарына су жеткізу басты назарға алынып отыр.
Келес ауданында да қордаланған мәселелерді шешу үшін бірқатар шара қолға алынды. Облыс әкімінің халықпен кездесуінде көтерілген құрылысы тоқтап қалған инфрақұрылым мәселелері шешімін тапты. Газбен қамту, сапалы электрмен және ауыз сумен қамту секілді өзекті проблемаларды шешу бағытындағы жұмыстар қайта жанданды. Атап айтқанда, Келес ауданындағы «Абай» АГТС-нің құрылыс-монтаж жұмыстарын тамыз айының соңында аяқтап, қабылдау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Яғни 2019 жылы бастау алған құрылыс араға уақыт салып, қайта жанданды. Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылған жағдайда Абай ауылы, Қошқарата, Ұшқын, Біртілек ауылдық округтерінің елді мекендерін толық табиғи газбен қамтамасыз етуге «Абай» АГТС қуаты жететін болады. Облыстың оңтүстік аумағында орналасқан 5 – Келес, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 220/110/10 кВ «Қызыләскер» қосалқы стансасының құрылысына 7,2 млрд теңге және осы «Қызыләскер» қосалқы стансасынан екі 110 кВ электр желісін (91 км ЭЖ) салу құрылысына 1,8 млрд теңге жоспарланған. Облыс аумағындағы елді мекендерді сапалы, тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етудің 2019-2022 жылдарға арналған іс-шара жоспарына сәйкес 200-ге жуық ауылды сапалы электр қуатымен толығымен қамту көзделген. Бұл орайда 2018 жылы 4 дана автотрансформатор орнатылып және Сарыағаш ауданында орналасқан Жылға ҚС-нан «Қызыләскер» ҚС-на дейін 72,2 шақырым электр желісі жүргізіліп, жұмыстар толығымен аяқталған. Осы нысанды қосу-реттеу жұмыстарын жүргізуге мамыр айында облыстық бюджеттен 188,5 млн теңге қаржы қаралып, жұмыс жүргізілуде. «Қызыләскер» ҚС құрылыс жұмыстарын қыркүйек айында аяқтап, қабылдау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде, облыстың оңтүстік аймақтары өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы нысандары тұрақты және сапалы электр энергиясымен қамтылады.
Түркістандықтардың тарапынан түскен сауалдың көбі әлеуметтік салаларға, қоғамдық көлік, заңдастыру, жол мен кәріз жүйелеріне қатысты болды. Атап айтқанда, мүгедектерді тасымалдау бойынша әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған автомобиль, яғни инватакси санын көбейту мәселесі көтерілді. Бұл орайда қала аумағында 7 автокөлік тасымалдайтыны, жыл соңына дейін олардың саны артатыны айтылды. Сондай-ақ кездесуде тұрғындар қаланың кей аудандарындағы интернет желісі сапасының төмендігін жеткізді. Қосымша жаңа базалық стансалар салу қажеттілігі туындағанын айтқан облыс әкімі ел арасында пайда болған «радиофобиядан» арылуға шақырды. Яғни тұрғындардың базалық стансалардың адам денсаулығына зиян екенін айтып, арыздануы тұсау болатынын жеткізді. Тұрғындар тарапынан Түркістанға жаңа балалар ауруханасы қажеттілігі де айтылды. Бұл мәселе келер жылдың еншісіне қалды. Жоспарда бар 190 орынға арналған аурухана құрылысы келесі жылы басталатын болады. Өңірде ауыз су, сапалы электр қуатымен қамту мәселесі де біртіндеп шешімін таппақ. Мысалы, «Өгем өзенінде су электр стансалары каскады» жобасы бойынша облысқа 293,3 млрд теңге жеке инвестиция тартылатын болады. Жобаның болжамды құны – 722,8 млрд теңге. Құрылыс 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады. «Аталған жоба іске асқан жағдайда облыстың оңтүстігіндегі тұрғындарды түбегейлі ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз. Жыл сайын елімізде электр дефициті байқалып келеді. Облысқа қажетті электр қуатының 80%-ы сыртқы көздерден тасымалданады (қажеттілік 320 МВт). Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, 1 000 МВт Газ стансасын (ПГУ) салуды жоспарлап отырмыз. Биыл 15 шілдеде аукцион өткізіліп, жеңімпазы болып «ПГУ Түркістан» ЖШС-ы анықталды. Құрылыс кезінде 2 000-2 500, пайдалану кезінде 200-250 тұрақты жұмыс орны ашылады», деді Өмірзақ Шөкеев түркістандықтармен кездесуде. Сондай-ақ кездесуде көктемде көтерілген жалпыға ортақ мәселелердің басым бөлігі жүзеге асқаны айтылды. «Жалпы, халықпен кездесу мен жеке қабылдау барысында 32 мәселе көтерілді. Оның ішінде 23-і өз шешімін тапты, қалған 9-ы шешілу үстінде. Кейбір мәселелерді шешу үшін заң аясында бюджеттен қаржы қарастыру уақытты талап етеді. Сондықтан бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп, міндетті түрде шешімін табатын болады», деді облыс әкімі. Шешімін тапқан мәселелерді де айта кетелік, Түркістан қаласында облыстық жедел медициналық көмек стансасы шілде айында пайдалануға тапсырылды. Облыс орталығынан Балтакөл бағытының шыға берісіндегі Жангелдин көшесін қайта құру жобасы бойынша биылға 944 млн теңге қаржы қаралды. Нысан келер жылдың екінші тоқсанында аяқталады. Сондай-ақ Б.Саттарханов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешені орнынан қазіргі заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаға биыл 1,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Нысан құрылысы 2023 жылы аяқталады. Отырар шағын ауданындағы 5 көпқабатты тұрғын үйлердің жан-жағын реттеу бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Жақында Президент саябағы мен алғашқы туристік-рекреациялық орталығы ашылды. Қала аумағында қалалық саябақ іске қосылып, «Жетікөлде» балық аулау маусымы басталды. Туризм дамып келеді.
Сәуір айында өткен кездесуде Сауран ауданының тұрғындары 30-ға жуық маңызды мәселе көтерген болатын. Соның тең жартысы бүгінде жүзеге асқан. Мысалы, сәуірде Ескі Иқан ауылдық округі тұрғындары ағын су бағасының қымбаттығына шағымданған еді. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің егістік алқаптарына қажетті ағын судың тарифтік бағасы 251 теңге болып белгіленді. Бұрынғы тариф – 787 теңге болған. Табиғи газбен 11 елді мекенді қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 4 ауыл газға қосылды. Қалған 7 елді мекен «Ескі Иқан» АГТС арқылы газ тұтынады. Бүгінде АГТС-ні метрологиялық аттестаттау өткізу жұмыстары жүргізілуде. Тамыз айында оны іске қосу жоспарланған. Содан кейін 7 елді мекен кезең-кезеңімен табиғи газға қосылады. Сауран ауданындағы облыстық маңызы бар «Ынталы» автомобиль жолы жөнделуде. Жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Аудан орталығында мемлекеттік органдардың 5 әкімшілік ғимараты бой көтереді. Бұған республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысына 1 млрд теңге қаралды. Шорнақ ауыл округі, Қосмезгіл елді мекеніндегі 300 орындық мектептің құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі. Білім ұялары Оранғай мен Ибата елді мекенінде салынуда. Шорнақ елді мекеніне ауыз су, кәріз жүйесі мен электр желілерімен жабдықтауға арналған инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарына жергілікті бюджеттен 25 млн теңге бөлінген. Аудан орталығын ауыз су жүйелерімен қамту жұмыстарына Ұлттық қордан қаражат бөлінген, нысандар жыл қорытындысымен пайдалануға беріледі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2 елді мекенде 7 жоба іске асырылуда.