Спорт • 23 Тамыз, 2022

Қазақ қызының қола медалі

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Джиу-джитсудан Германияның Гамбург қаласында өткен халық­аралық турнирде қазақтың қаршығадай қызы Дана Төлеужан қола медаль иеленіп, өз жанкүйерлерін тағы бір қуантты.

Қазақ қызының қола медалі

Дана 1999 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. Бала кезінен саламатты өмір салтын ұстанып, су астында жү­зу спортымен шұғылданды. Бұл ретте ол несібесіз болған жоқ. Бір­қатар республикалық және ха­лықаралық турнирде же­ңіс тұғырына көте­ріліп, спорт шеберінің күміс белгісін кеу­десіне тақты. Кейіннен джиу-джит­суға ден қойды. Уақыт оза спорт­тың бұл түрінде де жақ­­сы нәтижелер көрсете бас­та­ды. Елішілік жарыстарда алдына жан салмай, 2019 жылы Бірік­кен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында жалауы жел­біреген жастар ара­сындағы әлем біріншілігінде күш сынасу құрметіне ие болды. Аталған бә­секеде Төлеужан күміс медальді мойнына ілді.

Дана Төлеужан – тек мықты спортшы ғана емес, сонымен қатар оқу озаты. Алматыдағы КИМЭП-ті ойдағыдай тәмамдағаннан кейін Италияның астанасы – Римде орналасқан Жер-жаһандағы ең көне университеттердің бірі – Ла Сапиенцада каржыгер мамандығы бойынша магистратураның соңғы курсында оқып жүр, спорттан да қол үзген жоқ. Бірқатар ха­лық­аралық турнирде маңдайы жар­қыраған Дана биыл да біраз олжаға ке­нелді. Атап айтсақ, маусым айын­да Испанияның бас шаһары – Мадридте ұйым­дастырылған дү­бірлі додада алтыннан алқа тақты.

Неміс жерінде өткен жарыста 30 мемлекеттен келген 400-ден аса спортшы бақ сынады. Олар­дың арасында 18-дегі жа­­лынды жастар да, 50-дегі ар­­да­герлер де болды. Қазақ­стан­нан жалғыз Дана ғана өнер көрсетті. 55 кило салмақта күш сы­насқан қандасымыз бас­тап­қы бәсекелердің барлығында қар­сыластарын қапы қалдырып, жартылай финалда ғана ұпай санымен ұтылды. Нәтижесінде, Дана Төлеужан қола медаль ие­ленді.