Спорт • 23 Тамыз, 2022

US open турнирі басталады

260 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

29 тамыз бен 11 қыркүйек аралығында Нью-Йоркте АҚШ-тың ашық біріншілігі басталады. «Үлкен дулыға» санатындағы бұл турнирге әлемнің барлық мықты теннисшісі қатысады деп күтілуде. Солардың арасында АТР мен WTA рейтингтерінде үздік бестіктің қатарында жүрген Даниил Медведев (Ресей), Александр Зверев (Германия), Рафаэль Надаль мен Карлос Алькарас (Испания), Новак Джокович (Сербия), Ига Швентек (Польша), Анетт Контавейт (Эстония), Мария Саккари (Грекия), Паула Бадоса (Испания) және Онс Жабер (Мысыр) сынды мықты ойыншылар да бар.

US open турнирі басталады

US open турнирінің 141 жылдық тарихы бар. Алғашқы біріншілік сонау 1881 жылы ұйымдастырылған болатын. Ол кездері ерлер сайысында Ричард Сирсқа тең келер ешкім табылмады. Бостон қаласының тумасы қатарынан жеті жарыста бас жүлдені қанжығасына байлады. ХХ ғасыр табалдырықтан аттаған тұста Уильям Ларнедтің тасы өрге домалады. Нью-Джер­сиде дүниеге келген саңлақ жеті додада дара шықты. Жиыр­масыншы жылдары Билл Тил­ден­нің қарқыны өте күшті болды. Филадельфияның төл тума­сы Ларнедтің жетістігін қай­талады. 1926 жылы аталған жарыста алғаш рет шетелдік ойыншы жеңіс тойын тойлады. Ол Францияның аты аңызға айналған азаматы Рене Лакост еді. Келесі маусымда ол өзінің көрсеткішін қайталаса, 1928 жылы дәл сол мемлекеттің өкілі Анри Коше қарсылас шақ кел­тірмеді.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары АҚШ-тың қос мақ­танышы – Джимми Коннорс пен Джон Макинройдың мерей­лері үстем болды. Алғашқысы – бес, екіншісі – төрт рет теңдессіз деп танылды. Ғасырлар тоғысында Америкада тұрып жатқан грекия­лық Пит Сампрас алдына жан салмады. Ол бес жарыста топ жарды. 2004-2008 жылдары швей­цариялық Роджер Федерер қатарынан бес турнирде қарсылас шыдатпады. Былтырғы додада бұл күндері әлемдік рейтингте көш бастап тұрған ресейлік Да­ниил Медведев жеңіске жетті. Финалда ол Сербияның саңлағы Новак Джоковичті сан соқтырды.

Әйелдер арасындағы бәсеке­лерде ХХ ғасыр­дың басында норвегиялық Молла Бьюрштедтің бақ жұлдызы жарқырай жанды. Скандинавия түбегінің тен­нисшісі сегіз жарыста алдына жан салмады. Көп ұзамай аме­рикалық Хелен Уиллз-Муди жеті жеңіспен тоқтады. Оның отандасы Крис Эверт 1975-1982 жыл­дар аралығында алты додада дара шықты. ХХІ ғасырда Серена Уильямс шашасына шаң жұқтырмады. Нью-Йорктегі бәсекеде АҚШ-тың әйгілі ойын­шы­сының алты мәрте мерейі үстем болды. Былтыр өткен жа­рыста Эмма Радуканудың те­геурініне ешкім шыдай алмады. 18 жастағы Ұлыбритания өкілі ақтық сайыста өзінің құрбысы, канадалық Лейла Фернандестен басым түсті.

Қазақстанның теннисшілері арасынан АҚШ-тың ашық бірін­шілігінде ең тәуір көрсеткішке Юлия Путинцева қол жеткізді. Осыдан екі жыл бұрын ол ширек финалға дейін жетті. 2016 жылы Ярослава Шведова төртінші кезеңде сүрінді. Ал 2013-2020 жылдар аралығында Михаил Ку­кушкин бес рет үшінші айна­­лымнан аса алмады. 2014 жылы Зарина Диас, 2019 жылы Александр Бублик және 2021 жылы Елена Рыбакина дәл сол межеге келіп тоқтады. Иә, жеке­леген сайыста жолымыз оңға­рылмағанымен, жұптық бәсекеде бағымыздың жанғаны жанкүйерлердің жадында. Сонау 2010 жылы америкалық Ваня Кингпен жұп құраған Шведова US open додасында бас жүлдені олжалады. Бұл қазақстандық теннисшілердің «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердегі а­лғашқы жеңісі еді.

«Үлкен дулыға» санатына енген жарыстардың жүлде қоры да мол болатыны мәлім. АҚШ-тың ашық біріншілігіне қатысқан ойыншылардың материалдық жағдайларын жақсартуға мүмкін­діктері зор. Биыл аталған доданың жүлде қоры 60 миллион долларды құрап отыр. Тарқатып айтсақ, ерлер мен әйелдер арасындағы бәсекеде бас жүлдені олжалаған ойыншы 2,6 миллион долларды иемденеді. Ақтық сында жеңілгендерге сол соманың тең жартысы беріледі. Жартылай финалға дейін жеткендердің есепшотына

705 000 аударылса, ширек финалға шыққандар

445 000-ды еншілейді. Төртінші кезеңде ой­нағандар 278 000-ды иеленсе, үшінші айналымда сүрінгендер 188 000-ға иелік етеді. Екінші кезеңде ұтылғандар 121 000-ды қалтаға басады. Тіпті, тұсаукесер кездесуінде жеңілістің кермек дәмін татқандар да құрқол қайтпайды. Осы біріншілікке қатыс­қаныңыз үшін ғана 80 000 долларды қалтаңызға басасыз. Міне, сол себепті де Нью-Йорктегі турнирде бақ сынауға барлық теннисші ниет етіп отыр.