Руханият • 23 Тамыз, 2022

Идеялық тереңдік пен көркемдік мұрат

2342 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазіргі қазақ көркемөнерінде ұлттық көркем дәстүрлерді терең меңгерген, тәуелсіздік рухынан нәр алған жас суретшілердің алғашқы буыны да кемелдену кезеңіне келді. Бұл өзі қазақ кескіндемесінің қатарына жаңа қуатты толқын қосылған шақ, олар бүгінде үлкен күшке айналған. Сол дүбірлі уақыттың алдыңғы легінде, аға буынға да, орта буынға да бірдей ықпал еткен, қазақ көркемөнеріне шығармашылық қуатымен ұйытқы болып, тыңнан жол бастаған Қазақбай Әжібек – заманауи қазақ өнерінің алапасын асырып, дүйім әлемге танытқан шығармашылық феномен.

Идеялық тереңдік пен көркемдік мұрат

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ рухания­тындағы жаңа эстетикалық сапаға деген ала бөтен сұранысқа жауап беретін батыл да белсенді бір тұлғаның шығуы заңды еді. Өзінен бұрынғылардың шеберлігін әбден саралап, тыңнан жол іздеген бірден-бір суретші Қ.Әжібек десек, артық айтқандық болмас деп ойлаймыз. Ол қазақ кескіндемесін жаңа көркемдік мазмұнмен байытқан, этнотұрмыстық ситуация, ұлтқа тән мәңгілік тақырыптарға барып, көп сырлы мол әуезді, терең сарынды көптеген шығармалар берді. Сәнді, өте ашық түсті бояулар толқыны – өзіне тән стилінен өзгешеленетін жаңа қыры, жемісті ізденісі. Қай тақырыпқа қалам тартса да өзіндік дара қолтаңбасын көрсетіп келеді. 

Қ.Әжібектің шығармашылық жаңалығы бүкіл қазақ кескіндемесін жаңа тарихи белеске көтерді. Кез келген тақырыпты ол типологиялық тұрғыдан қарастырады. Қ.Әжібек үшін де «дала», «этноболмыс», «тарих», «қазақ болмысы» фон, декорация емес, үлкен әуен. Кең құлашты тақырыптарды көру ракурстарын мәнерлеп көрсетуге ерекше мән береді. Бірден оған сиқырлы бояумен музыкалық тон қосып, декоративті – ырғаққа бағындырады. Қ.Әжібек бұл жерде композитор, бояумен күй тудырушы, бұл дегеніңіз нағыз кең тынысты симфония. Медитациялық бояулар әсерін ерекше меңгергендігі сонша қараған адам көзін арбап алады. Дара сипатты, таланты зор Қ.Әжібек монументал кескіндемеге де құлаш ұрып ұлттық дүниетаным эстетикасының сапасын жаңа мазмұнмен байытты.

Қ.Әжібектің монументалды кескіндемедегі жаңалығы – халықтың эстетикалық түсінігімен көркемсурет идеалының сәйкестігін жаңаша шешуі болды. Әр шығармасы пластикалық-образдық таныммен, романтикалық тәсілдерінің типтік ырғақтарымен ерекшеленеді. Композиция құру шеберлігімен қоса, қазақ халқының арғы-бергі тарихын терең білетін суретші тарихи шындық пен көркем шындықтың арақатынасын шешуде колоритті алға қойды. Кең тынысты симфониялық дауысты жұмыстарында қиял шегінде өте сәнді бояулардың үйлесімімен жасаған картиналар сериясы да жетіп артылады. Монументалды кескіндемесінен озық сипатты ерекше алғырлықты, интеллектуалдық пен ерекше колориттік түстік психологизм тәсілдерді молынан ұшыратамыз. Ұмыт қалған, табиғи талғамға бағынатын осы түс талғамымен ұштасқан Қ.Әжібектің монументал кескіндемесі барша тақырыптық, мазмұндық түрлік ізденістерді толық шеше алды. Айызыңды қандыра көркемдейтін дарабоз дарын иесі қай кезеңді бейнелесе де, сол кезеңдік болмысты бейнелеуде, этнографиялық детальдарды да терең қамтиды. Қ.Әжібек шығармаларының негізгі пафосы – қазақ тарихына деген шексіз махаббат, бояу үндестігіндегі шексіз оптимизм, жарқындық.

Қ.Әжібектің «Алашорда» кар­тинасы қазақ тарихының трагедиясымен бірге сан алуан романтикасын, аңсау сарынын шебер бей­нелеген шығарма. Бұл картина ұлы алаш орда қайрат­керлерін, қазіргі уақытты неғұрлым толыққанды таныстыру жолындағы ірі қадамдардың бірі ретінде танылуы тиіс. Алашорда үкіметінің іс қимыл­дары қазақ халқының саяси жағынан да, білім-ілім жағынан да, мәдени-әдеби жағынан да өзін-өзі басқара алатын әлеуетті ұлт екендігін бай­қатқан алтын кезең. Сол ұлылар көтерген идея­лар да мәңгілік. Ал шығармадағы кең тынысты сим­фониялық уақыт пен кеңістік бірлігі бұзыл­маған. Алашорда картинасындағы көркемдік қуат, азат­тық жайлы толғаулар, елдік, ұлттық қасиет­ке қатысты тебіреністермен сабақтасып жатыр. Тарлан суреткердің эпикалық баяндау рухын тың эстетика­лық ізденіспен байыту тәжірибесі әрлендіре, құлпырта түскен. Публицистикалық пафоста, философиялық тереңдікте, лирикалық нәзіктікте, сыршыл парасаттылық арналарымен әдемі суреттелген. Романтикалық бояу құдіреті арқылы тебірентетіндей пәрменді қуат беру дәрежесіне шебердің шебері ғана жете алады. Суретші алаш тарихының күрес жолын тарихи-этнографиялық, этникалық-психологиялық ғұрыптық киімдерімен, революциялық заман лебі тереңірек сезіндіреді.

Алаштың парасат-пайымы жоғары тұлғалары арқылы зор саяси-философиялық проблемалар мен саяси оқиғалардың арақатынасы төңірегінде жарыса толғануға да, пікір айтып жарысуға да көркем­дік әсерлер жеткілікті. Ешкімді де бейжай қалдыр­мас суретшінің позициясының белсенділігі де парасатты толғаммен, сыршыл бояулармен әдемі бейнеленген.

Орталық қаһарман, ұлт көсемі Ә.Бөкейхан ерекше сары түспен белгіленген. Осы арқылы ортаға назар аудартып, көркемдік тартымдылық күшінің табиғи жарасымды бірлігін дәлелдеген. Суретші соны поэтика жасау керектігін жақсы ұғып, ұлттық колорит үшін ерекше саздылықпен, әуен арнасында өрбіте білді. Бояудың гаммасы, тондарының ғажап сиқырлы ұтқырлығы, медитациялық бояу­лармен бейнелегіш әуезділік тәсілі де терең. Алаш қозғалысы ұлт-азаттық қозғалыс ретінде біртұтас, мақсатты саяси, әлеуметтік, мәдени үдеріс болғанын картинада толық аңғартқан.

Екінші жұмысы Отырар жазирасында дүниеге келіп орта ғасырлық ғұламалардан озық туған әлемнің екінші ұстазы, ұлы жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған аса үлкен шығарма. Бұл жұмысында Қ.Әжібек ұлттық көркемдік танымды аса бай түстермен сомдады. Картинада шығыс сәулеті мен интерьері фон ретінде алынған. Глобус, ғарыштық карта, кітаптар, адам бас сүйегі сияқты назар аударарлық нысандар ғалым-энцикло­педис­тің көпқырлы таланты мен ғылыми ізде­ні­сі­нің тереңдігін көрсетеді. Шығармада ана­ли­тика­лық психологизм стилінде ауқымды идея­­лық мазмұны мен кең эпикалық құлашына сай, айтар ойды драмалық кернеумен толтыру үрдісі қол­данылған. Әбу Насыр әл-Фарабидің энцикло­педиялық мұрасының ішінде мемлекет пен адам туралы ілімінің мазмұны адамзатты сүю, Ақиқат, Жақсылық, Әділдік пен Сұлулықты идеалға айналдыру сияқты көзқарастары Арыстан образын­да бейнеленген. Арыстан бейнесі арқылы рух салтанатын көрсету әдісін Қайта өрлеу дәуірінің суретшілері де, орта ғасырдағы шығыс та қолданғанын ескерсек, бұл – қазақ көркем өнері үшін де үлкен жаңа­лық. Жалпы картина ғылыми ізденіс пен ақыл пат­шалығының жалпы атмосферасын толық көрсеткен. Колориттің ашық та сәнді көрінуі шығарманың мазмұнын ашуда маңызды рөл атқарып тұр. Әбу Насыр әл-Фараби тарихының рухын, қатпар-қатпар қабатын тарихи шындыққа сәйкес топтас­тыра, көркемөнерде мейілінше терең жеткізе алды. Ұсынылып отырған тақырыптық шығармалары энциклопедия деуге тұрарлық, бай этнодетальды көріністер, философиялық ойдың ауқымдылығы, көркемдік талдаудың тереңдігі, әлемдік көркемөнер қазынасы төрінен орын алатын, тек суретшінің елден ерек талантын көрсетіп қоймай, қазақ ұлттық көркемөнерінің даму биігі мен кәсіби деңгейін көрсете алатын мерейлі биігіміз болып табылады.

Суретші қай дәуірді бейнелесе де уақытпен шектелмейтін, суреткерлік назарының ауқымы кең екенін аңғару қиын емес. Екі шығармадан да уақыт талабымен бірге жаңғырып түлеген суретшінің қажырлы еңбегі мен құнарлы қиял әлемін, идеялық көркемдік мұратын танимыз. Шығарманың бейне­лік, эстетикалық-эмоциялық қуатын арттыруда ғажа­йып бояулардың үстемдігі мен мақсат еткен көркем­дік мұратының өзі поэтикалық тұтастық. Қос шы­ғарма суретшінің жеткен биігі ғана емес, қазақ ұлт­тық бейнелеу өнерінің жаңа эстетикалық сапасы, тарихи белесі. Тәуелсіз Қазақстанның көркем­өнер тарихының жетістігін белгілеген Қазақбай Әжібекұлы шығармалары, 2022 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын алуға лайықты. Бүгінгі таңдағы қазақ бейнелеу өнері – әбден толысқан, жоғары деңгейде шыңдалған, алтын дәуірін өткеріп жатқан кемел өнер.

Ал осындай жауһар туынды жасаған Қ.Әжібек­ұлы­ның «Әбу Насыр Әл-Фараби», «Алашорда» тарихи шығармалар топтамасы, тарихтың терең де күрделі қабаттарын көркемдікпен бейнелеген, сан алуан образдар галереясын жасап, қазақ өнері­нің көркемдік деңгейін жаңа биікке көтерген үздік шығар­­малар екендігі әбден көз жеткен әрі мойын­далған шындық.

 

Жанарбек БЕРИСТЕНОВ,

профессор, философия ғылымдарының кандидаты,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті