Аймақтар • 23 Тамыз, 2022

Шымкент медициналық туризм орталығына айналып келеді

458 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында Шымкент қаласында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Басты мақсат – медицина саласын жоғары деңгейге көтеру. Осы бағытқа орай қазіргі таңда көптеген жаңа медициналық ұйым бой көтеруде. Салынып жатқан емдеу мекемелері халық тығыз қоныстанған елді мекендер ішінде орналасқан. Өйткені Ұлттық жоба талабы бойынша халыққа медициналық қызмет біріншіден, сапалы, екіншіден, жақын жерде болуға тиіс.

Шымкент медициналық туризм орталығына айналып келеді

Сапа жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен, қаладағы емхана мен ауруханалар­дың соңғы үлгідегі заманауи медицина­лық құ­рал­дармен жабдықталып жатқа­нын айта кету керек. Бұдан өзге түрлі іс-шара­лар арқылы да халықтың денсаулығын күшейту бағытында жұмыстар қолға алынып келеді.

Мәселен, қалалық №1 клиникалық ауруха­насының бас дәрігері Абылай Дон­бай­дың айтуынша, аталған медицина­­лық ұйым «Ізгілікте жарысайық» атты қор­мен өзара меморандумға қол қойған. Со­ған сәйкес қор тізіміндегі 100 анаға және олар­дың балаларына тегін медициналық көмектер көрсетіле баста­ды. Клиникалық аурухана аналарды ақы­сыз медициналық тексеруден өткізсе, мек­тепке енді баратын балаларын тегін сүндет­ке отырғызып жатыр, яғни медицина тілі­мен айтқанда, циркумцезия жасауда.

Клиникалық аурухананың тағы бір жаңалығы, жалпы, бүгінгі таңда адам емдеу орнына келсе, ондағы жатқан науқас туралы немесе басқа да керекті мәлімет алуда қиналатыны рас. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында клиникада ақпа­рат алу орталығы ашылды. Оның басты ерек­шелігі жоғарыда айтылғандай, ауруханаға келген адамға өзіне керекті мағлұматты тез алуға, емделіп жатқан жақынының нақ­ты қай бөлімшеде, палатада жатқанын білу­ге көмектеседі. Ақпараттық орталықта, мәсе­лен, білікті дәрігерлер кеңес бере алады немесе орта медицина қызметкерлері сол жерге бөлімше меңгерушілерін шақырып, солардың өз аузынан емделушінің ахуалы туралы нақты жағдайды естіп, біле алады.

Клиника бас дәрігерінің айтуынша, тіліксіз ота жасайтын лапроскопиялық 5 аппарат, травматологияда қолданылатын артроскопиялық жабдық және заманауи УДЗ аппараттары сатып алынса, сонымен қоса миға, жүрекке ота жасайтын ангиографиялық кабинеттің ашылуы күтіліп отыр. Оның ашылу салтанатына республиканың осы саладағы білікті дәрігері Серік Ақшолақов қатысады деп жоспарлануда. Бүгінде елордадағы нейро­хирургиялық орталықтан келген 2 маман қалалық клиникада жұмыс істейді. Олар жұлын омыртқасына, миға байланыс­ты күрделі операция жасайды. Шымкент­те №1 клиникалық ауруханасының базасында травматология, ортопедия саласы жедел дамып келеді. Бұл да елорданың білікті мамандарының арқасында мүмкін болып отыр. Осы секілді мұрын, тамақ­ты емдейтін маманды да республиканың бас қала­сынан шақыртып, арнайы лор бөлімшесін ашқан. Аталған клиникада күні кеше 187-ші бүйрек трансплантациясы жасалды. Мұнымен қоса отыз шақты бауыр алмастырылды. Аптасына бір рет бүйрек, айына дәл солай бауыр мүшесі ауыстырылады. Сондықтан бас дәрігердің айтуынша, трансплантология клиниканың күнделікті жұмысына айналған. Клиника Шымкентте медициналық туризмді дамытуға үлкен септігін тигізіп отыр. Оған дәлел, нейрохирургтер Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанға барып, шеберлік сыныптарын өткізіп жүр, ал сол елдердің науқастары емделу үшін осы клиникаға көп келеді.

а

– Клиника шаруашылық жүргізу құқы­ғын­дағы мекеме болған соң тәжіри­­бе­сі мол мамандарды сырттан алдыртып, оларға барынша жағдай жасауға ұмты­лып жатырмыз. Біріншіден, барлық білік­ті дәрігерге өз жалақысынан бөлек қо­сым­ша үстемеақы төленеді, екіншіден, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Үшіншіден, қызметтік пәтер алып береміз. Олардан талап ететініміз – тек науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсету, – деді Абылай Донбай.

Ал енді денсаулық сақтау саласының 2022 жылғы 6 айдағы көрсеткіштеріне назар аударсақ, атқарылған жұмыстар көңіл көншітерліктей. Денсаулық сақтау басқармасының ведомствалық бағынысты 33 медициналық ұйымы бар. Оған 12 емхана, 15 аурухана, 6 басқа да ұйым кіреді. Олар – диагностикалық орталық, медициналық колледж, қан орталығы, ЖЖС, балалар үйі және ЖИТС орталығы. Қалада тәуліктік 4 125 төсектік орын болса, күндізгі стационар 1 959 төсектік орынмен жабдықталған. Бүгінгі таңда қалада
4 760 дәрігер қызмет етеді. 10 мың халық­қа шаққанда дәрігер саны 42,1-ді құрай­ды. Сонымен бірге 10 мыңнан астам орта буын медицина маманы қызмет көрсетеді. Олардың үлес салмағы 10 мың халыққа шаққанда 92,8-ге тең.

Шымкент қаласының тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 4 жаңа – №14 Емдеу орталығы, «Дария Медикус», «Саби Мед» және «Турлан Медикал» деп аталатын меди­циналық орталықтар ашылып, 50 мың ха­лықты медициналық қызметпен қам­та­масыз етуде. Сонымен қатар бір дәрігер­дің жүктемесі 1 616-ға дейін төмендеді. Ал жоспар бойынша 1 700-ден аспау қажет.

Медицина саласында қол жеткізілген оң өзгерістер өте көп. Айталық, қалалық онко­логиялық орталықта, №1 қалалық кли­никалық ауруханада, қалалық клиника­лық балалар ауруханасында және Шым­кент жүрек орталығында республикалық ­меди­циналық орталық мамандарымен бірге 120 медицина қызметкерін қамты­ған 8 шеберлік сыныбы өткізілді.

Жедел медициналық жәрдем станса­сын­дағы орталықтандырылған симуля­ция­лық орталықта халықаралық стандарт­­тар бо­йынша 108 медициналық қызметкер­ге прак­тикалық дәрістер оқылды. Статис­­тика бо­йынша мегаполистегі емдеу меке­­ме­лерінің материалдық-техникалық жаб­дық­тармен қамтамасыз етілуі 77 пайызды құрайды.

– Қалалық онкологиялық орталық­та онкогематология бөлімшесі ашылды, ал сәулелі терапия бөлімшесінде пэТ, кт және сызықтық үдеткіш аппараттары орнатылды, – дейді онкологиялық орталық директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Самат Исмаилов.

н

Маманның айтуынша, диагностика­лық зерттеу әдістерінің озық үлгілері енгі­зілуіне байланысты онкологиялық дерт ерте анықтала бастады. Мұның бір жақсы жері, егер қатерлі ісік І-ІІ сатыларында ерте анықталса, нау­қастың кеселден құлан-таза айығып кетуіне жүз пайыз мүмкіндік бар. Онкология­лық дертке шалдығу, одан болатын өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шымкент республика бойынша ең төменгі орындарда тұр. Мәселен, 100 мың адамға шақ­қанда қатерлі ісікпен ауыратындар мегаполис­те 123 адам болса, сол 100 мыңнан онко­логиялық дерттің кесірінен көз жұ­ма­тын­дар саны – 48 адам. Осыдан жиырма жыл бұрын онкологиялық ауруха­нада емде­ліп шыққандардың бар-жоғы 20 пайызы 5 жылдан артық өмір сүрсе, қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жеткен. Бүгінгі таңда заманауи эндовидео құрылғысы­мен тілік арқылы іш қуысына, кеуде қуысы­на күрделі оталар жасалады. Бұрын олар ашық әдіспен жасалып келген екен. Одан науқастар көп қиналатын. Асқынулар көп болатын. Науқас отадан кейін қалпына келгенше көп уақыт өтетін. Сонымен бірге бұрын тек республикалық онкологиялық орталықта жасалатын өңештің қатерлі ісігіне қарсы ота биыл қаңтардан бас­тап Шымкентте де қолға алына бастады. Эндопротездеу операциясын жасауды да шымкенттік онкохирургтер әбден меңгеріп алды. Ол үшін баяғыда науқастар сонау Алматы қаласына баруға мәжбүр болатын. Ал заманауи ангиографиялық құрылғы арқылы жылына орталықта 200-дей эндовоскулярлы операция жүзеге а­сады. Республика өңірлеріндегі көпте­ген жетекші маман осы Шымкент орта­лығында тәжірибе алмасқандар. Қазақ­стан Республикасының онкологиялық қыз­мет сапасын жақсарту жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді бағ­дар­ламасына сәйкес онкологиялық орта­лықтарда позитронды-эмиссионды томограф және жоғары заманауи сәулелі емдеу құрылғысы болуы шарт. Осы орайда Шымкент қалалық әкімдіктің қолдауымен мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында онкологиялық мекемеде ядролық медицина орталығы ашылды. Соның нәтижесінде, заманауи сәулелі қондырғы орнатылды. Оның басты артықшылығы, ісікке қарай бағытталған радиациялық сәуле ауыр­­ған нүктеге ғана әсер етіп, айналасындағы жа­су­шаларды зақымдамайды. Осының нәтижесінде, науқас өзін жақсы сезініп, сәуленің жанама әсерлерінен зардап шек­­пейді. Заманауи қондырғы жоқ кезде медицинаның мұндай мүмкіндігін емделушілер көріп, сезіне алмайтын еді. Маман өз сөзінде бүгінгі таңда мемлекеттің онкологиялық аурумен ауыратындарға жасап жатқан көмегі орасан екенін айтады. Мәселен, бір курс ем қабылдаудың өзіне әр науқасқа 3 млн теңгеден артық қаржы ке­теді. Ал Шымкенттің онкологиялық ор­та­­­лығында қазіргі таңда 6 977 адам тір­кеу­де тұр. Осыған қарап, мемлекеттің әлеу­мет­тік салаға, соның ішінде медицинаға қан­­шалықты көңіл бөліп отырғанын көру­ге болады. Сондай-ақ 2022 жылдың 1 сә­уі­­­рінен бастап аурухананың базасын­да амбу­латорлық коронароангиография ­және стенд­теу бойынша да қызметтер көр­сетіле бастады.

Басқарма тарапынан жылдың басында медициналық жабдық сатып алу үшін 1,1 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, диагностикалық тексеру жұмыстары мен күрделі оталарды жасау үшін жеті аппарат сатып алынды. Бұған қоса, жылдың соңына дейін үш медициналық техника сатып алынады.

Амбулаториялық деңгейде Шымкент қаласының 44 медициналық ұйымы 2022 жылға 9,4 млрд теңге сомасына дәрілік заттар сатып алуға өтінімдер ұсынса, бүгінге дейін соның 6,3 млрд теңгесіне дәрілік заттар жеткізілді. Орфандық, яғни сирек кездесетін ауруы бар 36 баланы дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде, 32 бала тиісті медициналық емін қабылдап жатыр.

Алты ай ішінде 2 938 медициналық қызметкер шетелде және республикалық орталықтарда біліктіліктерін арттырып қайтты. Арнайы оқытудан өткен медицина мамандары арасынан қалада алғаш рет балаларға кеңес беру мақсатында пе­диатриялық 10 мобильді бригада құрылды. Бұл мобильді топ дәрігерлері қауіпті кеселге душар болған балаларды уақтылы анықтау, оларды стационарлық емдеуге жіберу жұмыстарымен айналысады.

Бүгінгі таңда мегаполистің емдеу меке­мелеріне неонатолог, реаниматолог, гематолог, иммунолог, сурдолог мамандарға қо­сымша қажеттілік туындап отыр. Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы кадрларды қолдау мақсатында резидентураға оқуға 87 дәрігерді жолдауға жоспар дайындауда.

2022 жылдың I жарты жылдығында Шымкент қаласында 15 325 бала дүниеге келді. Оның ішінде егіздер – 194, үшемдер – 1 тууды құрайды. Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда, егіздердің туу көрсеткіші 18 мәрте өскен.

н

Балаларға мамандандырылған көмек­тің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту үшін қалалық клиникалық балалар ауруха­насының материалдық-техникалық жарақ­тандырылуы 96 пайызға дейін жеткізілді. Соның есебінен клиникаға заманауи ме­ди­циналық жабдықтар сатып алынды. Сон­дай-ақ бұрын болмаған онкогематология, нейрохирургия, интервенциялық кардиохирургия, нефрология бөлімшелері қосымша ашылып, бүгінгі таңда қалыпты жұмыс істеуде. Қазір жоғарыда аталған ме­ди­циналық жабдықтардың көмегімен цереб­ральды сал ауруы, орталық жүйке жүйе­сінің туа бітті ақаулары, ісіктер, гемато­малар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар мен манипуляциялар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері қалалық клиникалық балалар ауруханасында 76 нейрохирургиялық ота жасалды.

Қалада балаларды оңалту қызметі де дамып келеді. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы бойынша 9 медицина­лық ұйымда қалпына келтіру мен оңалту емі жүргізіледі. Балалар төсектік орнының тәуліктік саны 391 болса, күндізгі төсектік орын 101-ді құрайды.

2022 жылдың 6 айында оңалтудан өткен жалпы бала саны – 3 773. Өткен жылы 2 908 болған еді. Яғни 2021 жылмен салыстырғанда оңалту шараларын қабылдаған бала саны 865-ке артқан. Тәулік бойы стационарда – 2 842, күндізгі стационарда 931 бала оңалту курстарынан өткен. Сонымен бірге айта кету керек, Шымкент қаласындағы балалар ден­саулығын түзейтін орталықтар мульти­тәртіпті командамен жабдықталған. Олардың қатарына реабитолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевт, психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог секілді түрлі мамандар кіреді. Сондай-ақ оңалту орталықтарында педагогтер науқас балаларға ойын, музыка терапиясы, монтессори әдісі секілді емдеу тәсілдерін қолданады.

Дерек бойынша Шымкент қаласында жүйке ауруларымен диспансерлік есепте 2 497 бала тұрады, оның ішінде сал ауруы­на шалдыққан 1 164 баланың 893-і оңалту ем-шараларын қабылдады. Жалпы оңал­ту шарасына келсек, Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният 2022 жылғы 21 шілдеде Шым­кент қаласына жасаған іссапарында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған оңалту орталықтарын жандандыру қажет­тігі жөнінде арнайы тапсырма берген болатын.

Бұдан бөлек, қаладағы 142 орта білім беретін мектепте медициналық пунктер жұмыс істейді. Профилактикалық тексеруге жататын 225 737 оқушының оқу жылы ішінде 146 729-ы тексеруден өтті. Бұл жоспарланған 50 пайыздық қамтудан 15 пайызға асып отыр. Яғни оқушылардың денсаулығын алдын ала тексеру бойынша медициналық бақылау жұмыстары мегаполисте артығымен орындалып жатыр деген сөз. Профилактикалық иммундау­мен әртүрлі жас кезеңіндегі балалардың 33 па­йызы қамтылған. Мұнда да жоспар межеге сай толық орындалған.

2023-2025 жылдары денсаулық саласы бойынша қызметкерлердің орташа табыс деңгейі артатын болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін денсаулық сақтауға арналған жалпы шығыстарды Жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасының шеңберінде жүзеге аспақ. («ҚР Президентінің сай­лау­алды бағдарламасын іске асыру жө­ніндегі шаралар туралы» 2019 жылғы 19 маусымдағы №27 Жарлығы). Осыған сәйкес дәрігерлердің және орта медицина қызметкерлерінің орташа айлық жалақысын Қазақстан Республикасының экономикалық даму көрсеткішіне қарай кезең-кезеңімен ұлғайту қарастырылған. Бұл бойынша дәрігердің орташа жалақы­сын 2023 жылы 561 мың теңгеге, орта буын медициналық қызметкерлерінің жала­қы­сын 209 мың теңгеге ұлғайту көзделуде.

Сонымен бірге Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арнал­­ған мемлекеттік бағдарламасында дәрі­гер­лер мен орта медициналық персонал­дың жалақысын кезең-кезеңімен ұлғайту жөнінде де айтылған.

Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсан­дағы №1193 қаулысына сәйкес 2021 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап жалақы орташа есеп­пен дәрігерлерге 30 пайызға, орта буын медицина мамандарына 20 пайызға өсті.

Қазіргі таңда дәрігерлердің орташа жалақысы 302 139 теңге (2021 жылы 228 515 теңге), орта буын мамандарының айлық табысы 175 799 (2021 жылы 144 290 теңге) теңгеге жетті. Осы статистикалық дерек­терге қарай отырып, 2021 жылмен салыстырғанда дәрігерлер жалақысы 30 пайызға, орта буын мамандарының айлық еңбекақысы 20 пайызға өскенін көреміз.

Қалалық әкімдіктің медицина саласына жауапты өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылмақ. Осыған орай тиісті жоспарлар бекітілген. Мәселен, бүгінге дейін коронавирус инфекциясына қарсы 100 пайыз вакциналау жүргізілді. Дей тұрғанмен ревакциналау және қайта ревакциналау жұмыстары қолға алынады. 5 жыл өмір сүретін онкология­лық науқастардың үлес салмағы 51,3 пайызға жеткізіледі. 30 пайыз медициналық персо­налдың қатысуымен Израиль, Германия, Ресей және Литваның жетекші мамандарымен шеберлік сабақтары өткізіледі. ШЖҚ «Қалалық перинаталдық орталық» МКК күрделі жөнделіп, босандыру меке­мелерінің материалдық-техникалық базасы жақсартылады. Сондай-ақ босандыру ұйымдары бактериологиялық зертханалармен қамтамасыз етіледі. Алғашқы ме­ди­циналық көмек көрсету пунктері де заманауи медициналық құрал-жабдық­тар­мен жаңартылады. Бір жасқа дейінгі балаларды про­активті бақылаумен және скрининг­пен қамту 100 пайызға ұлғаяды. Балалар ауруханасының базасында кардиохирургия, офтальмология сынды жаңа бөлімшелер ашылады.

Айта кеткен жөн, емханалар үкіметтік емес ұйымдармен бірге саламатты өмір салтын ұстану бойынша 4 әлеуметтік жобаны және саламатты өмір салты бағдарламасы бойынша 29 іс-шараны өткізуге арнайы жоспар түзсе, оларды жүзеге асыруға 30,1 млн теңге бөлінген.

Білім басқармасымен бірлесіп мектептерде дұрыс тамақтану рационын әзір­леу және «денсаулықты нығайтуға ықпал ете­тін мектептер» жобасын іске асыру көзделіп отыр.

Мәліметке сай бүгінгі таңда емхана­лар­да 68 мобильді топ қызмет атқа­руда. Мобильді топтарға бір күнде 120-ға дейін шақыртулар келіп түседі. Эпиде­мио­логиялық ахуал күрт нашарлаған жағдайда 214 мобильді топ қызмет көрсету үшін сапқа тұратын болады.

Осы тұста мына мәселені де айтпай кетуге болмас, «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» Қазақ­­стан Республикасының 2020 жылғы 7 шiл­дедегi № 360-VI ҚРЗ кодексінің 135-ба­бына сәйкес, пациенттер өз денсау­лы­ғын сақтауға және нығайтуға шаралар қол­дануға міндеттелген. Сондай-ақ бас­тапқы медициналық-санитарлық көмек ұйым­­дарынан пациенттер уақтылы профи­лактикалық тексерулерден өтулері қажет. Сондықтан аурудың алдын алу мақсатында бүгінгі таңда мегаполистің медицина саласы қызметінің бір бағытын осы арнаға қарай бұрып жатыр. Және оған бөлінер көмек те, көрсетілер қолдау да қалалық әкімдік тарапынан ауқымды болмақ.

 

ШЫМКЕНТ