Әлем • 23 Тамыз, 2022

Тыңшылықтан туған дау

195 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Грекияда саясаткер мен екі журналистің ұялы телефондары Predator деп аталатын тыңшылық бағдарлама арқылы тыңдалғаны туралы мәселенің соңғы нүктесі қойылуға жақын.

Тыңшылықтан туған дау

Естеріңізге сала кетейік, осы айдың басында Грекиядағы саясаткер мен журналистердің телефондарын Predator деп аталатын шпиондық бағдарламамен елдің Ұлттық барлау агенттігінің (EYP) тыңдағаны туралы ақпарат тарап, мұның арты жанжалға ұласқан еді. Ел парламенті арнайы жиында осы оқиғаның талқыланатынын хабарлады.

Грекия баспасөзі таратқан ақ­паратқа қарағанда, оппо­зи­ция­лық Пасок партия­сы­ның жетек­шісі Никос Андрулакис теле­фонын Ұлттық барлау агент­ті­­гінің тыңшылық арнайы бағ­дар­ламамен тыңдағаны туралы мәселенің тереңірек зерттелуі туралы ел парламентіне өтініш берген. Мұны елдегі басты оп­по­зициялық Сириза партиясы да қолдап, берілген өтінішке байланысты 29 тамызда өтетін парламенттің жалпы отырысында талқыланатыны хабарланды.

Конституция бойынша мә­се­лені парламенттің тексеру үшін 120 депутаттың қолдауы талап еті­леді. Сириза мен Пасоктың пар­ламенттегі ие болатын орындарын қосқанда ғана 120 орынды құрауы – қос партияның бір-бірін қолдауына түрткі болып отыр.

Грекия парламентінің жалпы отырысқа жиналуына тағы бір себеп – Ұлттық барлау агенттігінің жаңа басшысы Фемистоклис Демирис тағайындалмақ. Сириза партиясы премьер-министр Ки­ря­кос Мицотакисті «саясаткер мен журналистің телефоны тың­дал­ғанын білді және қолдау көр­сетті», деп айыптады. Ал Па­сок партиясының жетекшісі Ан­дру­лакис Мицотакисті «мемле­кет­тік тәртіп туралы мәлімдеме жасау­дан үнемі қашқақтайды», деп сынға алды.

Үлкен жанжалға айналған осы оқиғалар мен өзіне тағылған айып­­тарға қатысты Мицотакис: «Бұл дұрыс емес, менің еш­нәр­се­ден хабарым жоқ еді және бұған ешқашан жол бермес едім», деп мәлімдеме жасады.

Сөз болып отырған оқиғаның Грекия Ұлттық барлау агенттігінің кемшіліктерін көрсетіп бергенін айтқан Мицотакис: «Бәрі заңды түрде жасалғанымен, Ұлттық барлау агенттігі бұл тыңшылықтың саяси салдарын ескерместен әре­кет етті. Бұл заң тұрғысынан дұ­рыс болды, бірақ саяси тұрғыдан дұрыс деп қабылданбайды», деді.

Никос Андрулакис телефо­нын заңсыз тыңдауға және жеке ақпаратына қол жеткізуге әрекет­тен­гені үшін Грекияның Жоғарғы сотына (Areios Pagos) шағым тү­сір­ді.

Андрулакис 28 маусымда Еуро­парламенттің арнайы қызме­тіне жүгініп, телефонының тың­шы­­лық бағдарламамен қада­ға­ланып жатқанын тексерткен. Теле­фонды алғашқы тексеруде Predator атты шпиондық бағ­дар­ла­маға қатысты күдікті сіл­те­ме анықталады. Тексеру бары­сын­­да Андрулакистің 2021 жыл­дың 21 қыркүйегінде телефон иесінің шпиондық бағдарламаға бағыттайтын сілтемесі бар хабарлама алғанын анықтады. Бірақ Андрулакис хабарламада көр­се­тіл­ген сілтемені баспағанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар сәуір айын­да грек журналисі Танасис Коу­ка­кистің ұялы телефонынан да шпиондық бағдарлама анық­тал­ға­ны туралы ақпарат тарады. Халықаралық баспасөз институты (IPI) Грекия билігінен журналист Коукакистің ұялы телефонында анықталған тыңшылық бағдарламаны тексеруді сұ­ра­ды. Ал IPI мәлімдемесінде Коу­ка­кистің ұялы телефоны 2021 жылы 10 апта бойы Predator деп аталатын бағдарламамен қада­ға­лан­ға­ны айтылады.

Осы оқиғадан кейін Ұлттық барлау агенттігінің президенті мен премьер-министрдің бас хатшысы қызметінен кетті. Ұлттық барлау агенттігінің президенті Панагиотис Контолеон 5 тамызда Мицотакиске «ақпарат жинау процесіндегі немқұрайдылық» себебімен қызметтен кетуге өті­ніш берді. Бір қызығы, Preda­tor деп аталатын шпиондық бағ­дар­ла­мамен коммерциялық бай­ланыста болған және Мицо­та­кис­тің жиені әрі «оң қолы» болған премьер-министрдің бас хатшысы Григорис Димитриадис де сол күні орнын босатты.

Грекиялық Хельсинк барлау құқығы тобының өкілі Панайоте Димитрас журналистер мен пар­тия жетекшісін тың­дау заң үс­тем­дігі бар елде қабыл­дан­бай­тын оқиға екенін алға тартып, «Құқықтық дамыған елде бас хатшы емес, премьер-министр қызметтен кетуі керек», деді.

«Катимерини» газеті Андру­ла­кисті тыңдауға өтініш «украин және армян арнайы мекемелерінен келді»деп жазған еді. Ұлттық барлау агенттігі баспасөзге жария­лауға себеп болған бұл мәлім­де­мені Украинаның Афинадағы елшісі Сергий Шутенко мен Арменияның Афинадағы елші­сі Тигран Мкртчиян жоққа шығар­ды.

Даулы оқиғаға қатысты Ха­лық­­аралық адам құқығын қор­ғау ұйымы алаңдаушылық біл­діріп, ұйымның арнайы өкілі Ева Коссе мәлімдеме жасады. Гре­кия­да баспасөз бостандығына қатысты алаңдаушылықтардың артқанына назар аударған Коссе үкіметтің тәуелсіз ұйымдарға қы­­сымының кеңейгенін алға тарт­ты. Барлау агенттігінің жекелеген адамдардың ұялы телефондарын тыңдауы елдегі цензура мен оппозициялық топтарға деген қысым екенін айтқан ол  Танасис Коукакиспен бірге Арис Маличудис есімді журналистің де телефонына арнайы бағдарлама орнатылып, тыңдалғаны туралы мәлімдеме жасады. «Бұл адам құқықтарын шектеудің бастамасы» деп бағалады Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымының арнайы өкілі Ева Коссе.

Енді Грекия халқы мен телефондары тыңдалған жәбір­ле­ну­ші­лер алдағы парламенттің жалпы отырысында оқиғаның негізгі себепкерлері мен жауаптылары анықталып, қажетті шаралар жү­зе­ге асырылады деп үміттенеді.