Аталған кәсіпорынның іргесі 1953 жылы қаланған. Содан бері қандай қиын кезеңдерді бастан кешсе де, тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын директоры Денис Дёнің айтуынша, жазғы маусымда зауыт өңдейтін сүттің көлемі тәулігіне 13 тоннаға жетеді, ал қыста 7 тонна шамасында болады. Шикізат ретінде «Хильниченко», «Райманов», «СПК» сияқты ірі фермерлік шаруашылықтардан күніне 2 тоннадан 3,5 тоннаға дейін сүт қабылданады. Сол сияқты 100-ге тарта жеке ауладан да сатып алынады.
Қабылданатын сүттің бағасы сапасына қарай 160 теңгеден 213 теңгеге дейін белгіленеді. Ол алдымен арнайы зертханада тексеріліп, 3 сүзгіден өткізіледі, тек жарамды сүт қана әрі қарай пастерлеуге жөнелтіледі.
Дайын өнімдер негізінен Текелі, Талдықорған және Алматы қалаларында саудаланады. Сондай-ақ аздаған бөлігі Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында және Көксу ауданының Балпық би ауылында сатылады. Мәселен, былтыр бір айда Алматы қаласына Текелі сүт зауытының 3 тонна өнімі өткізілсе, биылғы бір айда сатылған өнім көлемі 5 тоннаға жетті. Отыз жылдық тәжірибесі бар маманның бірі, технолог Валентина Курбак кәсіпорынның болашағы зор екенін айтады.
«Мұнда 1990 жылдары жұмысқа келдім. Бұл еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдары болатын. Шыны керек, зауыттың тағдыры қыл үстінде тұрды. Алғашында шебер болып бастадым. Содан бері зауытты сақтап қана қоймай, өнім көлемін арттыруға да қол жеткіздік. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде кәсіпорнымыз жаңғыртудан өтті. Бүгінде жұмыс көлемі артты, сұраныс та мол», дейді В.Курбак.
2015 жылы зауыт «Өндіріс-2» мемлекеттік бағдарламасының «Даму» бағыты бойынша жеңілдікпен 171 млн теңге несие алған. Бұл қаржыға заманауи құралдар сатып алынды. Алынған займ қарызынан келесі жылы кәсіпорын толық құтылған.
«Сары май өндірісі қашаннан шығыны көп өндіріс саналады, сондықтан біз сары май үшін субсидия аламыз. Өздеріңіз аңдап қарасаңыздар, 1 кило май алу үшін 25 литрдей сүт кетеді. Қазір 1 кило май дайындауға кететін шығын бізде шамамен 5 300 теңге. Бұл – электр энергиясын тұтыну мен жолға кететін шығындарды қоспағандағы есеп. Ал мемлекеттік қолдаудың көмегімен біз дайын майдың килосын 4 мың теңгеден сатамыз. Әрине, бұл да арзан емес, бірақ өнімдеріміздің сапасына зор жауапкершілікпен қараймыз. Біздің майымыз – таза сары май, былайша айтқанда, әжелеріміздің ешқандай қоспасыз табиғи жолмен дайындайтын рецептіндегідей дайындалады», дейді Д.Дё.
Оның айтуынша, Талдықорған қаласындағы сауда дүкендері «Текелінің майы» деп 1 600 теңге мен 2 мың теңгенің аралығында сапасы төмен майларды саудалауда екен. Сатушылардан сұрағанда, олар «Текелі сүт зауытының майы» десе тауар тез өтетінін айтып ақталыпты. Кәсіп иесі бұл жалған ақпараттар зауыт имиджіне нұқсан келтіріп жатқанына қапалы. Сүт өнімдерінде тәжірибесі мол өнеркәсіп бұған дейін сапасыз өнім шығармаған. Оған тұтынушылардың тілегі дәлел.
Директордың мәліметіне қарағанда, өткен жылдан бері зауыт ассортиментті көбейте түскен. Алдын ала жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысында халықтың тұзды айранға деген сұранысы көп екенін анықтаған.
«Өнімнің осы түрін шығару үшін қосымша құрылғы сатып алудың қажеті болмады. Тек рецепті таңдауға келгенде біраз ойландық. Алдымен оның бірнеше түрін жасап көрдік. Оған 3 айдай уақыт кетті. Ақыры дәмі неғұрлым үй айранына ұқсас түріне тоқталдық. Жаңа өнімнің құны – 90 теңге. Сол сияқты құрт шығара бастадық. Кәсіпорынға құрт жасауды жақсы меңгерген жергілікті әйелдердің бірін шақырып, ол үй жағдайында құрттың қалай жасалатынын түгелдей көрсетіп берді. Қазір құрт өндіруде ауқымды көлемге шыға қойған жоқпыз. «Аз болса да саз» дегендей, уақытша эксперимент түрінде шығарып жатырмыз. Әзірге дүкендерге әрқайсысында 30 құрт салынған пластик ыдыстарда өткіземіз», дейді зауыт директоры.
Кейінгі жылдары өнімнің сыртқы қаптамасына да көп көңіл бөліне бастады. Дизайнын Алматы қаласындағы жастар ұйымы әзірлеген. Бір қызығы, жастар жұмысты бастамас бұрын Текеліге арнайы келіп, өнімнің сапасына көз жеткізген. Жастар жақсы әсер алғаннан болар, оларға біздің тауарлар дизайн жасауда жаңаша серпін берген сияқты. Соның нәтижесінде зауыт ұжымы бірнеше нұсқаның ішінде қызылды-жасылды түстермен көркемделген, Текелі тауларының шыңы мен сүт тамшыларын әдемі үйлестіре сызған дизайнға тоқталды. Ұжымның «иә», «жоқ» деп дизайн түрлеріне дауыс берген кезде көтерген плакаттары директордың кабинетінде әлі күнге тарих ретінде сақталып тұр.
Жалпы, кәсіпорын сұйық өнімдерге арналған финпак пен пластик стақандарды Ресейден сатып алады. Қазір олардың бағасы 2-2,5 есе өскен. Жол тасымалының да шығындары бұрынғыдан едәуір ұлғайды. Сондықтан өнеркәсіптің іргесін одан әрі кеңейту үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Қазір зауытта 50 адам жұмыс істейді, олардың орташа жалақысы – 90 мың теңге. Жұмысшыларға тегін таңғы ас пен түскі ас беріледі.
«Біздің өнімдеріміз экологиялық жағынан таза болғандықтан, олардың сақталу мерзімі қысқа. Мәселен, сүт 5 күн, айран 7 күн сақталады. Біз әлі күнге дейін таза айранның ашытқысын пайдаланамыз. Текеліліктердің 90 пайызы біздің өнімдерімізді тұтынады десем артық айтқандық емес. Өніміміздің көпшіліктің сұранысына ие болуы ата-бабаларымыздың дайындау тәсілінен алшақ кетпегенімізде шығар», дейді жас кәсіпкер.
Қазір жетісулықтар барынша текелілік сүт өнімдерін пайдалануға асық. Таза әрі табиғи тауарлар тұтынушылардың денсаулығына да зор көмек. Оны жұрт жақсы бағамдайды әрі бағасы да көңілге қонымды. Өзге саудагерлердің ауылдан әкеліп, Текеліден жеткізгендей желпінетіні содан. Сондықтан зауыт мамандары өңір тұрғындарына алданып қалмауды ескертеді.
Жетісу облысы