Өз кезегінде ауыл тұрғындары сенаторға аудандардың міндеттерін шешуге қатысқаны үшін алғыс айтып, Жер кодексіне өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Олар сондай-ақ аудандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және лизинг арқылы техникаға қол жеткізу мәселелерінде жәрдем сұрады.
«Сіздердің ұсыныстарыңыз назардан тыс қалмайды. Барлық өтінішіңіз зерделеніп, тиісті заңдарды қабылдау кезінде ескеріледі», деді Ж.Жөргенбаев.
Кездесу барысында сенатор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси және конституциялық реформаларға тоқталып, Парламент Сенаты қабылдаған заңдардың қазақстандық қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.
Сөз соңында депутат келіп түскен барлық мәселе бақылауға алынып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пысықталатынын жеткізді.
Ал Сенат депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы фермерлік шаруашылықтардың жұмысымен танысты. Сенаторларға «Бірлік» өндірістік кооперативіндегі алма жинау процесі көрсетілді.
Шаруалар соңғы 10 жылда алма бақтарының ауданы 604 гектардан асқанын айтты. Өндірістік кооперативте ауданның жүздеген тұрғыны жұмыс істейді. Қазіргі таңда 500 тоннадан астам алма жиналған. Олар көрші елдерге экспортталады. Бұл өндіріс ауыл шаруашылығын әртараптандырудың маңыздылығын көрсетеді.
Сонымен қатар депутаттар аудан кәсіпкерлерімен және шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Кездесу барысында қатысушылар еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі туралы пікір алмасты. Сенаторлар өз кезегінде Парламентте жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформалар туралы айтып берді.
«Қарқынды көгалдандыру әр гектардан астық пен мақта шаруашылығына қарағанда 1,5-3 есе көп пайда әкеледі. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте маңызды. Осыған байланысты бейінді ведомстволар тиісті техниканы, оның ішінде жылу үнемдеу технологияларын енгізу арқылы бұл саланы көбірек қолдауы қажет», деді сенатор Ә.Бектаев.
Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Шу ауданына барып, бірқатар нысанның жұмысымен танысты.
Сенатор «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан жобаларға назар аударды. «Экономикалық аймақтың жұмысын тоқыратпау үшін химиялық саладан басқа бағыттар бойынша да өндірістік орталықтар ашуға мән беру қажет», деп атап өтті Бекболат Орынбеков.
Сондай-ақ депутат ауданаралық балаларды оңалту орталығы мен әл-Фараби атындағы мектептің құрылыс барысымен танысты.