22 Мамыр, 2010

ПАРЛАМЕНТ “Егемен Қазақстанның” арнаулы беті

392 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ТӨРАҒА ЕЛ ТЫНЫШТЫҚТЫ ҚАЛАЙДЫ Қай кезде де бөлектенуден гөрі бірігуді, алыстаудан гөрі араласуды артық санайтын, дүрдараздықты дидарласу арқылы жеңуге болады деп есептейтін еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына кіріскеннен бері осы ұстанған бағытын тереңдетумен келеді. Үнқатысып, пікірлесудің әлемдік ахуалға да оң әсер ететіні рас. Халқымыз “Көз көрсе, жүз ұялады” демей ме, осы төрағалық кезінде түндігі желпілдеп жатқан көршімізге барып, халықаралық Ұйым атынан басу айтқан Қазақстан Алматы қаласында “ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі” Екінші Трансазиялық парламенттік форумын өткізген. Біз осы алқалы халықаралық жиынға қатысып қайтқан Парламент Сенатының депутаты Нұрлығайым ЖОЛДАСБАЕВАМЕН аз-кем әңгімелескен едік. – Нұрлығайым Шалданқызы, әрбір халықаралық  форумның берер сабағы, жинақтайтын тәжірибесі, түйгізетін ойы болады. Осы форумнан қандай ой түйдік? – Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы уақытында  өткізілген бұл форумның маңызы зор деп білемін.  Алдымен оған 40-тан астам елдің өкілдері жиналды. Осыдан-ақ, елімізде өткізіліп жатқан шараға, түптеп келгенде, мемлекетімізге деген әлемдік қоғамдастықтың ықыласын дейміз бе, қызығушылығын дейміз бе, айқын көре аламыз. Өздеріңіз білесіздер, біздің еліміз аумақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке көп көңіл бө­лу­мен келеді. Ал осы мәселелерде Ауғанстанның алға шығатыны белгілі. Бұл бүкіл әлемді алаңдатып отырған маңызды проблема екеніне ешкімнің де шүбәсі болмас. Экономикасы әбден титықтап, тұралаған, есірткі таратудың әлемнің ошағы болып отырған осы ел мәсе­ле­сінің форумға қатысушылардың назарына ұсынылуының осындай заңдылығы бар. Пар­ламентарийлер осы елдегі есірткі мәселесіне қатысты, оның экономикасына қолұшын беру, коррупцияға қарсы күрес жайында көптеген пікірлер айтты.  2001 жылы АҚШ-тың осы елде тәртіп орнатамыз дегенінен кейін есірткі биз­несінің тым өрістеп кетуінің астарында не жа­тыр, көп тер төкпей-ақ оңай қоржын тол­ты­ратын қаражат жиналатын болғандықтан, осы­ған мүдделілік жоқ па деген де сауалдар қойыл­ды. Расын айту керек,  біздің елімізде де, Ресей­де де Ауғанстаннан  сыртқа жол тартқан есірткі тонналап ұсталатын болды. Сөйтсе, осы елге есірткінің сапасын күшейтетін арнайы медициналық препарат шетелден жасырын түрде жеткізілетін көрінеді. Ауғанстанның бұ­рынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла форумға қатысушыларға осындай сырттан  жасалатын “қамқорлықты” тоқтатудың жол­дарын қарастыру қажеттігін алға тартты. Сонымен  бірге, ауғанстандық бұрынғы министр Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге алғысын жеткізді. Біздің еліміз 1000 ауған студентіне жоғары білім беру, ондағы инфрақұрылымдарды жетілдіру бағыттарында көмек көрсетуде. Бірақ ауған жұртындағы қиындықтар шашетектен, форумда тіптен мынадай да жәйт сөз болды. Ауғанстанда Батыстың бір мемлекетінен барған бітімгершілік әскер  өз сарбаздарына қарсы оқ атылмауы үшін ақша төлеп тұрған. Ал бұл масқара олардан кейін бітімгершілік миссиясын атқаруға екінші бір ел келгенде ашылған. Проблема ма, проблема! – Сіз айтқандай, әлемдік қоғамдастықтың елімізге деген назары ерекше. Сондықтан оларды Қазақстанның ұстанған сыртқы саясаты ғана емес, еліміздің ішкі тынысы да қызықтыратын сыңайлы. Әсіресе, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс тұсындағы бізде жасалған қадамдарға қызығушылық мол болар. – Өте дұрыс айтасыз. Сырттан келген меймандардың барлығының біздің елдің дағдарысқа қарсы қабылдаған бағдарламасына таңданысы мол. Оны форумда Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың баяндамасын тыңдаушылардың жүзінен, соңынан оған тасталған сауалдардан  айқын аңғардық. Елді қапыл күйзеліске ұрын­дырмау үшін Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ долларын бөлу, орта және шағын бизнеске Үкі­мет тарапынан қолдау көрсету, түрлі жеңіл­дік­тер мен субсидиялар жасау, жаңа жұмыс орын­дарын ашу,  “Жол картасы” арқылы ауылдар мен кенттердің жаңаруы, жолдардың жаң­ғы­руы, ІЖӨ-нің өскендігі сияқты оң жұмыстарға парламентарийлердің назар аударғаны анық.  Және бір айта кетерлігі, біздің министр баяндамасы ағылшын тілінде жасалып, түскен сұрақтарға жауап та ағылшын тілінде берілді. Жалпы, форумда қазақстандықтардың сөз­деріне көңілім толып, керемет ризашылықта кеудем көтеріліп, еңсем биіктеп отырды. Ағыл­шын тілін қалай меңгерген. Әріптесім Әділ Ахметовтің қазақша, орысша талай сөйлегенін көріп жүрміз ғой, бұл жолы ол кісі ағылшын тілінде баяндама жасады. – Ол кісі Қырғызстан жағдайын баяндаған болар? – Әрине. Осы жерде мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Жоао Соарештің Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстандағы жағдайға байланысты өкілдер аттандыруды шұғыл шешкенін жоғары бағалағанын айта кетсем деймін. Жоао Соареш ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілдері ретінде қырғыз еліне жол тартқан Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов пен сенатор Әділ Ахметовтің іс-қимылдарына, біліктіліктеріне ризашылығын жеткізді. Әділ Ахметов қырғыз жұрты бүгінгі күні мемлекеттеріндегі барлық жағдайды тезірек құқықтық-заңдылық қалыпқа түсіруге ұмтылмаса, тәуелсіздігінен айырылу қаупі бар екенін айтты. Бұл – аса бір алаңдатарлық жәйт. Халықаралық Ұйымның төрағасы болмаған күннің өзінде қырғыз халқы бізге алыс емес. “Қазақ-қырғыз бір туған” деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. – Қырғыз еліндегі жағдайдың форумда сөз болуы заңдылық екені анық. Ал ауған жайына келсек, оның әлемнің бас ауруына айналғанына біраз болды. Сол себептен де біздің төрағалық тұсында өткізіледі деп жоспарланған жоғары деңгейдегі Саммиттің күн тәртібінде осы мәселе алға шығатын болар? – Ауғанстан мәселесі халықаралық бас­қо­суларда жиі көтеріледі. Менің ойымша, ти­тықтап отырған елдің сырттан көмек болмаса, жылдар бойына қордаланған проблеманы өздіктерінен шеше алмайтыны айқын. Сондықтан бұл іске барлық елдер қолұштарын беруі тиіс. Ал, егер де мемлекет басшылары жиналып, ақылдасып, ауған мәселесінде нақты бір шешімдер қабылдап жатса, оның өз жемісін беретіні тағы күмәнсіз. Сондықтан осы форумның өзін сол Саммиттің преамбуласы деп қарауға болатын шығар. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.