Черногорияда ұйымдастырылған жарыста 12 жастағы ойыншылар бас қосты. Әмина Нұрмахан ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, денсаулығының сыр беруіне байланысты финалдық сайысқа шығудан бас тартты. Нәтижесінде, қазақ қызы күміс медаль иеленді. Ресейлік Ева Калядинамен жұп құрған Медина Өтепберген де дәл сол межеден көрінді. Арменияның астанасы – Еревандағы 14 жастағылардың турнирінде жерлестеріміз Ярослав Пшеничный мен Олжас Есенәлі және Альбина Кәкенова мен Виктория Острюх (Ресей) жұбы шешуші тұста ғана қарсыластарына есе жіберді.
12 жастағы өрендер Германияның Регенсбург қаласында бақ сынады. Барлық қарсыластарын сыпыра ұтқан Роберт Каминский бас жүлдені олжалады. Финалда ол корт қожайыны Лиан Бинарттан 6:4, 6:3 есебімен басым түсті. Дәл сол шаһарда өткен 16 жастағы теннисшілердің жұптық бәсекесінде София Ысқақова мен Анастасия Крымкованың мерейі үстем болды. Ақтық сында олар украиналық Полина Семенюк пен Анастасия Сорсканы сан соқтырды – 6:2, 6:3.
Тәжікстанның астанасы – Душанбеде 18 жастағылар арасындағы турнирде Виталий Зацепин сингапурлық Максимус Вонгпен бірге жұптық жарыстың жеңімпазы атанса, жекелеген сайыста Олег Гусаков финалда ресейлік Максим Гончаровтан ұтылды.