Спорт • 24 Тамыз, 2022

Желтоқсанда айқасуы мүмкін

164 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, аралас жекпе-жектен UFC-де өнер көрсетіп жүрген Шавқат Рахмонов өзінің келесі кездесуін америкалық Стивен Томпсонмен өткізуі мүмкін.

Желтоқсанда айқасуы мүмкін

Үстіміздегі жылдың маусым айында Нил Мэгниді жеңген соң қазақтың қайсар ұлы АҚШ өкілін айқасқа шақырған еді. Қазіргі кезде қос тарап келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді. Егер олар ортақ мәмілеге келсе, онда Рахмонов пен Томпсон осы жылдың желтоқсан айында жекпе-жекке шығады. Ал Шавқаттың ықтимал қарсыласы жайында біз не білеміз? Стивен 39 жаста. Ол Оңтүстік Каролина штатының Симпсонвилл қаласында дүниеге келді. Бастапқыда Томпсон кикбокс­пен айналысып, зор табысқа қол жеткізді. Ол 57 бәсекенің барлығын өз пайдасына шешті. 2010 жылы аралас жекпе-жекке ден қойды. Көп ұзамай UFC-мен келсімшартқа отырды. Барлығы 23 кездесу өткізген америкалық спортшы соның 16-сында жеңіске жетіп, сегіз қарсыласын есінен тандырды. Алты рет ұтылып, тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді.

Былтыр Стивен Томпсон октагонға екі рет шығып, Гиблерт Бернс пен Белал Мухаммадтан ұпай санымен ұтылды. Қазіргі кезде ол жартылай орта салмақтағылардың рейтингінде алтыншы орынды иеленуде.