Атбасарға қаржы керек
Сенат отырысында депутат Светлана Жалмағамбетова Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінген: «Сізге су тасқынынан зардап шеккен Атбасар ауданы тұрғындарының проблемалары бойынша өтініш жасап отырмыз. Су басу жағдайлары бұл өңірде бұрын да болған, алайда, биылғы ахуал аудан тарихында бұрын болмаған нағыз табиғи апатқа айналғаны белгілі. Қыста түскен қалың қардың және климаттың күрт жылып кетуінен Жабай өзені тасып қана қоймай, даладан елді мекендерге топан су келді. Елді мекендерге барлығы 460 миллион текше метр су ағылды. Соның салдарынан Атбасар қаласы, Заречный кенті, Борисовка, Покровка, Смирновка, Садовое ауылдары тұрғындарының 500-ден астам үйі су астында қалды. 1,5 мыңнан астам адам жылдар бойы жинап-терген мүлкінен айырылды, 18 көше бұзылды. Бүгінгі күні зиянды бағалау жөніндегі тәуелсіз сараптама комиссиясы су басқан аймақтағы үйлерді қарап тексерді. Біраз үй толық қираған, көптеген үй апатты жағдайда, яғни тұру үшін жарамсыз, аса көп үй жөндеуді, олардың ішінде бір бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Мемлекет басшысына, Үкіметке су тасқынынан зардап шеккен аудан халқын қолдағандары үшін ризашылығымызды білдіреміз. Атбасарда министр В.К.Божко бастаған Төтенше жағдайлар министрлігі көп жұмыс істеді. Атбасарға бірінші вице-премьер Б.Сағынтаев келіп кетті, республикалық бюджеттен бастапқы уақытқа 500 млн. теңге бөлуге уәде берілді. Тұрғындарды көшіру, оларға материалдық көмек көрсету бойынша облыс, аудан басшылары ауқымды жұмыстар атқаруда, қайырымдылық қоры ашылды, Ақмола және басқа облыстар тұрғындарынан қаражат пен азық-түлік келіп түсуде. Зардап шеккен халыққа 25 АЕК мөлшерінде бір жолғы әлеуметтік көмек төленуде. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралар қолданылды. Сонымен қатар, су басудың салдарларын жою – кең ауқымды жұмыс. Бұл бұзылған және авариялық үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салу, зардап шеккен, алайда, жөндеуге келетін тұрғын үйлерді жөндеу, бұл Атбасар қаласындағы бұзылған көшелерді реконструкциялау, мектептерді жөндеу, бұл зардап шеккендерге жәрдемақылар төлеу. Жүздеген пәтер салу қажет болып отыр. Алдағы уақытта осындай апатқа жол бермеу үшін су тасқынынан қорғау жөнінде бөгет салу, су өткізуге арналған көпірлерді жөндеу мәселелерін және басқа да іс-шараларды қатар шешу керек. Қажетті жұмыстардың алдын ала құны 2,4 млрд. теңгеге бағалануда. Мамандар Атбасар қаласының үнемі су басатын аумақтарының тұрғындарын келешекте қауіпсіз жерлерге көшіру орынды болады деген ұсыныстар айтуда. Үкіметке табиғи апатқа байланысты проблемаларды аяғына дейін шешуге және оның салдарларын жою үшін қажетті қаражат бөлуге көмек көрсету жөнінде өтініш жасап отырмыз». * ДәнекерТолеранттылыққа тәрбиелейді
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков пен аймақ басшысы Самат Ескендіров М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен әскери шеруді тамашалап, жоғары оқу орнында жаңадан тұсауы кесілген Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының жұмысымен танысты. Оның меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Людмила Гривенная толеранттылыққа, ұлттық бірлікке тәрбиелейтін мұндай кафедра Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінен кейін екінші болып ашылғанын, ғылыми жобалар мен бағдарламаларға қатысу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Осындағы әскери кафедрада болашақ офицерлер даярланады. Қазір оның қатарында 200-ге жуық студент бар. Университеттің бас ғимаратының алдындағы алаңда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, әскери кафедра сарбаздары, оқытушылар мен студенттердің қатысуымен Отан қорғаушы және Жеңіс күніне арналған мерекелік шарада сөйлеген Самат Сапарбекұлы Президенттің еліміздің қорғаныс қабілеттілігін нығайту мәселесіне ұдайы назар аударып келе жатқанын, бүгінде Отан қорғаушылар қатарында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің немерелері мен шөберелері қызмет ететінін жеткізді. Елімізге бейбітшілік сыйлаған соғыс ардагерлеріне деген ризашылығын білдірді. Жиналған қауымды мерейлі мерекелерімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, университеттің ректоры Оңдасын Әшімов, кешегі майдангер Қасым Жүнісов құттықтады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы. * Сауалы мен жауабыСен салар да мен салар...
Өткен жылдың қараша айында Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Мәжілісте Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған тұжырымдамасының тұсаукесер рәсімін жасады. Осы тұсаукесерде Мәжіліс депутаты Андрей Бегенеев одан бүгінгі күні елімізде жиналып қалған 20 млрд. тонна техногендік қалдықтарды өңдеу бойынша қандай шаралар қарастырылатын болады деп сұраған еді. Бұл сұрақтың тууы өте орынды. Өйткені, Президент Н.Назарбаев Минералды ресурстар және металлургия жөніндегі халықаралық конгресте техногендік қалдықтарды өзіндік шикізат базасы ретінде қарастыру керек екенін атап айтқан болатын. Шынында да, әлемнің дамыған елдерінің бәрінде техногендік қалдықтар құрылыс материалдарын және басқа да өнімдерді жасауға кеңінен қолданылады. Түрлі есептеулерге қарағанда, қалдықтардың 1 пайызын өңдеп, пайдалану – минералды-шикізатты кешенге салынатын инвестиция көлемін 2 пайызға төмендете алады екен. Мәселен, бетон жасау үшін қолданылатын портландцементтің тапшылығын ескере отырып, есесіне қалдықтардан алынған металлургиялық шлактарды пайдалансақ, цемент шығынын 30-40 пайызға дейін азайтуға болатын көрінеді. Демек, қалдықтар дегеніміз, қолдың астындағы қазына. Алайда, Әсет Исекешев бұл сұраққа депутатты қанағаттандырарлық жауап айта алмай, бұл мәселемен Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі айналысатынын көлденең тартқан. «Жазған құлда шаршау жоқ» дегендей, үстіміздегі жылдың басында депутат Андрей Бегенеев енді өзінің сұрағын аталған ведомствоның басшысы Нұрлан Қаппаровқа жолдаған болатын. Өз сауалында депутат жоғарыда айтылған дәйектерді қайталай отырып, қолданылмаған техногендік қалдықтардың көлемі жылдан-жылға ұлғайып, әлемет жерді алып бара жатқанын да айтқан. Сіздің министрлігіңізде аталған қалдықтарды қолдану бойынша бағдарлама жасалды ма, егер жасалған болса, оның орындалуы қалай болып жатыр, деп сұраған еді депутат. Сол сауалға жауап келіпті. Онда министр Қазақстанның «Жасыл экономикаға» өту жөніндегі шаралар жоспарына сәйкес, өнеркәсіптік қалдықтарды басқарудың бағдарламасын әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізу қарастырылғанын айта келіп, онда келесі мәселелер қамтылатынын көлденең тартыпты: «-қалдықтардың нақты санын және полигондарды орналастыру орындарының жай-күйін көрсету үшін қалдықтарды жіктеу қағидаларын пысықтау және оларды еуропалық стандарттарға сәйкес келтіру; - өнеркәсіптік қалдықтарды төгетін орындарға аудит жасау; - өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымдары мен кәсіпорындарын құру жөніндегі жоспарлар (соның ішінде олардың тұрақты жұмыс істеуі үшін ынталандыру шараларын енгізу); - экологиялық технологиялар мен үдерістерді енгізу жөніндегі жоспарлар». Көріп отырғанымыздай, қалдықтарды өңдеу емес, санау, жіктеу, «еуропалық стандарттарға келтіру», «қалдықтар төгетін жерге аудит жүргізу», т.с.с. жұмыстар басым тұр. Қалдықтарды қайта өңдейтін инфрақұрылымдар мен кәсіпорындар құру да ұсыныс түрінде айтылған. Ең бастысы, қажетті бағдарлама әлі жасалмаған. Ал енді министр Н.Қаппаров жауабының соңғы абзацына назар аударайық: «Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің кейбір мәселелері» атты 26.11.2004 ж., №1237 қаулысының 16-тармағына сәйкес, тау-кен металлургиялық кешеніндегі техногендік қалдықтарды игеру мәселесі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің құзыретіне берілген». Мәссаған, керек болса! Министрлер қалдықты өңдеу жұмыстарын бір-біріне сілтеп отыр. Қысқасы, «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кері. Ал 20 млрд. тонна қалдық одан әрі көбейіп, аспандап барады... Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». * Әлеуметтік қолдау әлеуетіМүгедек жандарға мүмкіндік берді
Сірә, жұмыр басты пенденің басты арманының бірі – жұмысқа тұру, қызметіне сай табыс таба білу болса керек. Ешкімге масыл болмай-ақ, өз басыңды, отбасыңды асырай білгенге не жетсін, шіркін! Әрине, шын ықылас, ниет, таудай талап болса екі қолға бір күрек табу қиын емес қой. Алайда, бұл мәселеде мүгедек жандардың әжептәуір дағдарып қалатыны бар. Мамандардың зерттеуіне қарағанда, мүмкіндігі шектеулі жандардың толық жұмыспен қамтылмауының негізгі себептері мынада көрінеді. Ең алдымен, басшы адамдардың көбісінің мүгедек жандарды жұмысқа қабылдауға ынтасы аз. Ал, ауылда тұратын мүгедек жандар үшін жұмыс орындары өте тапшы, тіпті, мүлдем жоқ десе де болады. Сондай-ақ, бұл ғаріп жандар әлде ыңғайсызданады, әлде төрт мүшесі сау адамдармен жарысып жұмыс істей алмайтынын іштей мойындап, жасып кете ме, әйтеуір, олардың кәсіп іздеуге деген ынтасының төмендігін де мойындауымыз қажет. Міне, Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауы осынау мүгедек жандардың жұмыспен қамтылу мүмкіндігін молайтып, өмірлеріне тың серпін бергені анық. Қазіргі таңда Жамбыл облысында 40 мыңдай мүгедек жан тұрады. Өткен жылы уәкілетті органдарға өтініш берген 352 мүгедектің 86,4 пайызы жұмыс орындарымен қамтылыпты. Әрине, бұл жаман көрсеткіш емес. Биыл да бұл іс жалғасын табуда. Соның ішінде облыс орталығындағы электр шамдарын шығаратын «Энерджи Тараз» ЖШС бұл іске жақсы қолдау көрсетіп жүр. Жақында бұл кәсіпорын 10-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдады. Негізі бұл мекемеге арнайы курстардан өткен мамандар ғана келетін. Бірақ, кәсіпорын басшылығы несібесін еңбектен іздеген осынау ғаріп жандарға үлкен мүмкіндік берді. Тағдырдың жазуы шығар, Ольга Колпакова тумысынан мылқау екен. Бірақ тірлікке пысық, икемді Ольга бұған дейін тігін ательесінде жұмыс істепті. Алайда, көп ұзамай ателье жабылып, жас қыз жұмыссыз қалған. Енді міне, электр шамдарын шығаратын кәсіпорынға жұмысқа тұрған бойжеткен бір айдың ішінде мұндағылармен тез тіл табысып, тірлігін дөңгелетіп алып кетті. Қазір ол құрбыларымен қатар отырып, диод сымдарын жалғайды. Кәсіпорын басшылығы осынау жандардың тез үйреніп кетуі үшін арнайы сурдоаудармашыны да жұмысқа қабылдапты. Соның көмегі арқасында Ольгамен ептеп тілдестік. «Мүгедектігіме байланысты жәрдемақы аламын. Бірақ еңбекпен табылған нан тәтті ғой. Ел сияқты сенің де қолыңнан іс келетінін, елге пайдаңның тиіп жатқанын сезіну де бір бақыт», дейді жүзі бал-бұл жанған Ольга. Ал, осында жұмысқа тұрған жанның бірі Игорь Лутяев бұл кәсібін тез меңгеріп алғанын айтып ағынан жарылуда. Кәсіпорында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасалған. Тегін тамақ беріледі. Қызметтік көлік жұмысқа апарып, алып қайтады. Кәсіпорынның қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Рамазан Баязитов жұмысқа жаңадан тұрған бұл жандардың тірлікке өте ұқыпты, жауапты, еңбек етуге деген ықыластары зор екенін айтады. Міне, қайраты мен жігері мұқалмаған осынау ғаріп жандар тағдырдың қиындығына мойынұсынбастан елдің дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін осылайша қосып отыр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. * Парламентші пайымыЫнталандыру – ықылас арттыру амалы
Біз күні кеше ғана Отан қорғаушы күнін атап өттік. Әскери қызмет адамзат ғұмырының ерекше және аса маңызды түрі болып табылады. Тарихтың барша кезеңдерінде біздің отандастарымыз өмірін әскери қызметке арнап, қолдарына қару алып, елімізді қорғауға дайын тұрған. Елін сүю, Отанын қорғау қашанда ер жігіттің парызы болған. Сарбаздардың жауынгерлік еңбегі бүгінгі күні де өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Елімізде кейінгі жылдары әскери қызметтегі нақты жағдай түбегейлі өзгерді. Осыған байланысты, әскери кадрлар қызметіне уәждемелік сипатта көңіл бөлуді күшейту қажеттілігі туындап отыр. Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қатарында қызмет атқару жастар үшін абыройлы міндет болуы тиіс десек, әскери қызметтің беделін арттырудың ықпалды түрлерінің бірі сарбаздарды медальдармен және ерекшелік белгілерімен марапаттау болып табылады. Бүгінгі күні Қазақстан Қарулы Күштерінің 40 пайызы ғана мерзімді әскери қызметшілері есебінен құралады. Ал мерзімді қызмет уақыттың бос өткізілуімен байланыстырылмас үшін, оны әскери борышты табысты өткізу символдарымен, яғни ведомстволық медальдар және үздіктілік белгілерімен марапаттау арқылы ынталандырылуы тиіс. Әскердің және әскери қызметтің жағымды мәртебесін насихаттау мақсатында, мерзімді қызметті өтейтіндердің әскерден кеудесіне медаль мен белгілер тағып қайтуы өскелең ұрпақтың алдында әскери қызметтің беделін арттырумен қатар, өз Отанына қызметтік борышын атқарған азаматтың өзін-өзі бағалауын күшейтуіне зор ықпалын тигізеді. Сондықтан, ел алдындағы жауынгерлік парызын адал өткерген азаматтарымыз алғысқа лайық. Оларға құрмет арқылы жастардың рухын көтереміз. Елімізде ведомстволық наградалар тізіміне сәйкес, мерзімді әскери қызметтегі сарбазға тек төсбелгілер ғана беріледі («Шекара қызметінің үздігі», «Қазақстан Қарулы Күштерінің үздігі», «Ішкі әскерлер қызметінің үздігі», «Үздік құтқарушы-жауынгер», «Спортшы-жауынгер»). Бұл белгілерге тек санаулылары ғана қол жеткізе алады. Қазіргі нарықтық экономика кезеңінде мерзімді әскери қызметте болудың өзі де ерлік. Сондықтан біз сарбаздарымызды төсбелгілерімен ғана емес, медальдармен марапаттағанымыз жөн. Ал, медальдарға келсек, 10 жылдан 20 жылға дейін мінсіз қызмет атқарғаны үшін берілетін «Мінсіз қызметі үшін» медаліне мерзімді қызмет сарбазының қолы мүлде жетпейді. Егер, халықаралық тәжірибеге жүгінсек, Ресей Федерациясында мерзімді қызмет солдаттарын марапаттау жүйесінде 40-тан астам ведомстволық медальдар мен белгілер қарастырылған, АҚШ қарулы күштерінде мемлекеттік наградалармен қатар, мерзімді қызмет солдаттары әскери және әскери емес жетістіктері үшін АҚШ қорғаныс министрлігінің бірқатар ведомстволық медальдарымен марапатталады. Сонымен қатар, бұл елдерде мерзімді қызметін өтеген солдаттарға жоғары білім алуға мемлекеттік гранттар қарастырылады. Осыған байланысты, жастардың Отан алдындағы азаматтық борышы мен негізгі конституциялық міндетін орындауға деген патриоттық сезімін оятып, құлшынысын арттыру, мерзімді әскери қызметтің беделін көтеру мақсатында Отан қорғаушы күніне немесе әскери қызметтің аяқталуына байланысты мерзімді қызмет сарбаздарын марапаттауға арнап Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі әскерінің «Адал қызметі үшін» ведомстволық медалін табыстау және Отан алдындағы міндетін үздік атқарған сарбаздарға мемлекеттік гранттар арқылы жоғары білім алу мүмкіндігі, тағы да басқа әлеуметтік қолдаулар көрсету мүмкіндігі қарастырылса, нұр үстіне нұр болмақ. Алмас ТҰРТАЕВ, Мәжіліс депутаты. *Жаңа кітапБүгіннен – болашаққа!
Парламент Сенатының депутаты, техника ғылымдарының докторы Хусаин Валиевтің «Төрле, Мәңгілік Ел» атты кітабы жарық көрді. Автордың бұл кітабына күнделікті баспасөз беттерінде, электронды бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалары мен сұхбаттары, әлемдік деңгейде өткен түрлі форумдар мен конференциялардың алқалы жиындарында сөйлеген сөздері топтастырылған. Кітаптан сенатордың өз қолынан өткен заң жобалары мен Үкіметке жолданған сауалдарын да оқуға болады. Хусаин Хасенұлының мұнан бұрын Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап, «Президент және әлем» атты кітабы оқырман қолына тиген еді. Сенатор жаңа кітабында да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліне сіңірген өлшеусіз еңбегіне шолу жасай отырып, оның әлемдік қоғамдастықта кеңінен мойындалғанын атап өтеді. Әлемдік деңгейдегі саясаткердің жаһандық бастамалары туралы әңгімелейді. Елбасының жаһандық экологиялық энергияның қоғамды тұрақты дамытудағы және «Жасыл экономика» бағдарламасы, «G-global» бастамасы», «Дағдарыстың кілті» бағдарламалық мақаласы, болашақта өткізілетін «Келешектің энергиясы» аясындағы ЭКСПО-2017, «Қазақстан-2050» Стратегиясы сынды құнды еңбектері тек Қазақстанды дамытуда ғана емес, адамзат алдындағы әлемдік проблемаларды шешуде маңызды орын алады. Ал мұның барлығынан мемлекеттік, білім саласы қызметкерлерінің, бизнес өкілдерінің, жалпы жастардың және жұртшылықтың алары мол. Автор кітабының алғысөзінде осы шығармасының атына тоқталып өтеді. «Төрле» сөзінің мағынасын таратып айтар болсақ, «құрметті орынға шығыңыз» деген ілтипатты білдіреді. Мұндай мәртебелі орынға еліміздің ежелден келе жатқан ұлттық атауын иемденген «Қазақстан мемлекеті» әрдайым лайықты екені сөзсіз», дей келіп, «Кітаптың «Төрле, Мәңгілік Ел» деп аталуы барлық Қазақстан халқының және оның көп ғасырлық тарихының жиынтық бейнесін беріп тұр», деп ой түйіндейді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай.