Отандық телесериалдардың тарихында біріншілердің бірі болып жоғары рейтинг жинаған «Сырғалым» телесериалы сәуір айында кілт аяқталып қалды. Оқиғалары шырқау шегіне көтерілгенде бітіп қалғандай болған сериалдан сыр бағып жүрген көрермендер қоңылтақсып қалғаны шын. Алайда, ұлттық арнада жүрген сериал шым-шытырық оқиғаларымен, шұрайлы қазақ тілімен, актерлердің шеберлігімен, ең бастысы – өзімізде де тамаша телетуындылар жасауға болатындығымен айрықшаланғанын кім жоққа шығара алады?!
Дегенмен, көптің сұранысына орай, аталмыш телесериал жалғасын табатын болды. «Сырғалым» аяқталғанына қарамастан, көрермендер тарапынан сұраныстар мен сауалдар көп болыпты.
Сонымен, отандық сериалдар өндірісі тарихында ең жоғары рейтинг жинаған «Сырғалымның» алғашқы маусымының аяқталуына қатысты Алматыдағы «Меломан GRAND» дүкенінде баспасөз мәслихаты өтіп, журналистерге түсіру тобымен, телесериалдың актерлерімен сұхбаттасудың сәті түсті.
Төрт ай бойы «Қазақстан» телеарнасынан түспеген, екі тілде жүрген, 48 сериалы «Сырғалым» миллиондаған көрерменнің көңілінен шықты.
Заман қалай өзгерсе де, қазақтың жанын, үлкенге деген құрметін, ұлттық қасиетіміз бен отбасылық құндылықтардың құлдырамауын дәріптеген фильм бірінші кезекке адамгершілікті, ұят пен обал-сауапты шығарды.
Ең бастысы – құнарлы тіліміздің орынды қолданылуымен, тіпті, ұмыт бола бастаған ғажайып сөз тіркестері, баламалы байлығы сериалда салтанат құрғанын көкірегі ояу көрермен аңғарды деп ойлаймыз.
Ендеше, өз ұлтымызға тән болған сериалға сұраныс бар деген сөз. Аталмыш сериал, бір жағынан, «Қазақстан ұлттық телеарнасының тапсырысын орындаған «Көркем фильм» кинокомпаниясына да әрі абырой әрі сын болды.
Айтқандай, бұл телехикая – қазіргі заманғы отбасының күнделікті өмірі жайлы болатын. Отағасы өзінің жақын досының қызын басына қиын күн туғанда қолына алып, оң-солын танығанша қамқор болуға шешім қабылдайды.
Қызықтың бәрі осы тұстан басталады. Ауылдан келген Сырғалым үлкен отбасының күнделікті өмірін өзгертіп жібереді. Бірінің өз бизнесі бар, отбасылы үйдің үш ұлының оған деген көзқарасы да әртүрлі. Тұңғышы бауырына тартады, ортаншысы жақсы көріп қалады, кенжесі жақтырмайды.
Сырғалым келген күннен-ақ шаңырақтың құпиясы ашыла бастайды. Әркім өміріне өзгеше көзқараспен қарап, әрқайсысының өзіндік мінезі де, сыры да ашыла түседі.
Сонымен, Алматыда түсіру тобымен болған кездесуге «Қазақстан» РТРК» АҚ басқармасының төрағасы Нұржан Мұхамеджанова, «Көркем фильм» кинокомпаниясының бас директоры, сценарий авторы әрі режиссері Рашид Сүлейменов, продюсер Ильхам Джалилов, басты рөлдердегі – Жұлдыз Маханова мен Қайсар рөліндегі Жандарбек Садырбаев қатысты.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасының басшысы Нұржан Жалауқызы:
– Сериал кәсіптері әртүрлі, жастары бөлек, сан алуан салада жүрген жандардың көпшілігіне ұнады. Соңғы сериясы сәуір айында көрсетілсе де, жалғасы бола ма деп сұрап жатқан көрермендер легі жеткілікті болып тұр. Сериалды тамашалағандардың орташа көрсеткіші 10,2 пайызды құрады. Бұл – біздің телеарнаның орташа көрімділігінен жоғары. Осыған орай, біз сериалды әрі қарай жалғастыруға шешім қабылдап отырмыз. Сондықтан сериалды тамашалаған көрермендерімізді қуантып қойғым келеді. Үстіміздегі жылы «Сырғалым-2» сериалы жалғасады және ол 32 эпизодтан құралатын болады, – деді.
Ал сериал режиссері Рашид Сүлейменов сериал идеологиялық және мәдени мәнмен суарылып, қай тұрғыдан болса сапалық деңгейге көтерілгеніне қуанатынын жеткізді.
– Шын мәнінде, «Сырғалым» халықтық картина болды. «Қазақтың Санта Барбарасы» десе де болады. Мұны сандармен дәйектегенде, күн сайын сериал басталғанда жарты миллион көрермен «Қазақстан» телеарнасына бірден ауысып отырды, – дейді «Көркем фильм» кинокомпаниясының бас продюсері Ильхам Джалилов.
Осы арада құрылғанына бес жыл болған «Көркем фильм» кинокомпаниясы бірнеше жобаларды сәтімен жүзеге асырғанын айта кетуге болады. Олардың арасында «Үй болу қиын» комедиясы мен «Достар» жастар сериалы бар.
Бар болғаны музыкалық бейнебаяндар түсірумен шығармашылық соқпаққа түскен кинокомпанияның қазіргі табысты дүниесі – «Панчбот» деп аталатын кішкентай баланың өмірі туралы қысқа метражды картина. Бұл фильмнің де режиссері мен сценарий авторы – Рашид Сүлейменов. Бұл фильм екі жыл ішінде түрлі номинациядағы 13 халықаралық жүлдеге ие болса, «Ең үздік сценарий» атағын өткен аптада ғана жеңіп алды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.