Қаржы • 24 Тамыз, 2022

Қазақстан Дүниежүзілік банктен 345,7 млн еуро қарыз алды

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Дүниежүзілік банктен 345,7 миллион еуро қарыз алу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Дүниежүзілік банктен 345,7 млн еуро қарыз алды

Бүгін Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы өңірлік директоры Татьяна Проскурякова мен Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жеке сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және коронавирус пандемиясынан кейін Қазақстан экономикасының тұрақты қалпына келуін қамтамасыз ету үшін 345,7 млн еуро сомасындағы қарыз туралы келісімге қол қойды. 

Аталған келісімді Дүниежүзілік Банктің Директорлар кеңесі өткен жылдың желтоқсанында мақұлдады, ал тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 2 шілдеде қол қойған.

«Қарыздың ұзақ мерзімді сипаты және неғұрлым төмен пайыздық төлемдер сыртқы борышты өтеудің орташа мерзімін ұлғайту және қарыз алудың орташа құнын төмендету есебінен ел борышы бейінінің жалпы құрылымын жақсартады. Қарыз шеңберінде ұсынылатын қаража Үкіметтің бюджеттік қажеттіліктерін қаржыландыруды қолдайды», делінген Дүниежүзілік банк хабарламасында.

Алынған қарызды өтеу мерзімі 11,5 жылды құрайды. Сондай-ақ жеңілдік кезеңінің қосымша 2,5 жылы қарастырылған.

Айта кетсек, Қазақстан Дүниежүзілік банк тобына қосылған сәттен бастап соңғы 30 жыл ішінде елге ұсынылған қолдау көлемі 8,6 млрд АҚШ долларынан асты.