Білім • 24 Тамыз, 2022

Шәкірт жетістігі – ұстаз абыройы

5995 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Түрген өңірі – тамылжыған әсем табиғатымен, тарихтан сыр шертер шежіресімен белгілі аймақ. Еліміз тәуелсіздік алғалы Түрген ауылы жыл өткен сайын түрленіп келеді. Бұл күндері 15 мыңнан астам халқы бар «Берекелі жерұйық» аталған осынау құтты мекенде 1994 жылға дейін қазақ мектебі болмаған еді.

Шәкірт жетістігі – ұстаз абыройы

Жергілікті халықтың балалары жа­қын елді мекендердегі мектептерге қаты­нап немесе туған-туыстарының үйле­рінде жатып оқып жүрді. Сол кез­дегі ауыл әкімі Абыхан Жексембеков қазақ мектебін ашуды өзінің басты міндеттерінің бірі деп санады. Қа­жетті құ­жаттар дайындап, аудандық, об­лыстық деңгейдегі жиындарда осыны бір­неше рет мәселе ретінде көтерді, білім бас­қармаларының табалдырығын тоздырды, ауылға қазақ мектебін ашудың қажет екенін дәлелдеді. Ақыры ол алдына қойған мақсатына жетіп, 1994 жылдың 1 қыркүйегінде Түрген қазақ орта мектебінің ашылғанын әйгілеген тұңғыш қоңырау үні естілді. Дәл сол күні бұл қуанышты Абыхан Аманбайұлы тебірене тұрып: «Түрген қазақ орта мектебі – тәуелсіздіктің жемісі» деп мақ­танышпен айтқан еді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 қаңтардағы №54 қаулысымен Түрген қазақ орта мектебіне ұлтжанды тұлға Абыхан Аманбайұлы Жексембековтің аты берілді. «Тәуелсіздіктің бел баласындай» болған мектепте бүгінде 600-ге тарта оқушы білім алып жүр, оларға 68 ұстаз білім береді. Мектеп алғаш ашылғанда жас мұғалім ретінде қабылданған 2 мұғалім «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Мектеп түлектері қазіргі уақытта еліміздің сан алуан саласының дамуына өз үлестерін қосып жүр.

Сапалы білім беруде мектептің мате­риалдық-техникалық базасының рөлі айрықша. Әр сынып кабинетінде, кітапханада ноутбуктер мен компьютерлер орналастырылған, ғаламтор желісіне қосылған. Соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен, тәжірибелік құрылғылармен, интерактивті тақтамен жабдықталған модификациялық физика кабинеті де оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырып жатыр.

Ауыл мектебі мен қала мектебінің арасындағы алшақтық қазіргі бас­ты проблемаға айналған. Бұл тек мате­риалдық-техникалық базамен ғана шек­телмейді. Жыл сайын Абыхан Аман­байұлының туған күні қарсаңында ол кісінің ұрпақ үшін істеген өнегелі істерін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында саяси ғылымдар докторы, профессор Венера Жексембекова тәуелсіз еліміз­дің қарыштап даму жолында тер төк­кен, елге еңбегі сіңген тұлғаларды ауыл­дағы мектепке шақырып, кездесулер ұйым­дастырады. Солардың ішінде запас­тағы генерал-лейтенант, Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші төрағасы Болат Баекенов, Қа­зақстан Республикасы Қорғаныс министрі қызметін атқарған генерал-полковник Сәт Тоқпақпаевпен өткен кездесудің оқушылар бойына туған елге, жерге деген патриоттық тәрбиенің қа­лыптасуына ықпалы зор болды.

Педагогикалық ұжым мүшелерінің кәсіби дамуы мен шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында осы мереке қарсаңында мектебімізде облыс, респуб­лика көлемінде ғылыми-әдістемелік конференциялар ұйымдастырып, Қа­ныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Каспий қо­ғамдық университеті, «Тұран» уни­верситеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессорлары мен «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Алматы облысы бойынша ПҚ БАИ-дың аға оқытушылары, Алматы қаласындағы физика-математи­ка бағытындағы Назарбаев зияткер­лік мектебі мұғалімдері мен аудан мектеп­терінен де әріптестерімізді шақырып, іс-тәжірибе алмасу дәстүрге айналған. 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы №74 мектеп-гимназиясымен меморандумға отырды. Бірнеше ұстаз аталған мектепке барып, қала мектебінің тыныс-тір­шілігімен танысып, тәжірибе алмасып қайтты.

Әке аманатындай болған мектепке Абыхан Жексембековтің ұл-қыздары үнемі демеушілік жасап, тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мектептің тыныс-тіршілігін, материалдық-техникалық базасының нығаюын үнемі өзінің наза­рында ұстап отырған тұрақты демеу­шіміз, қамқоршылық кеңестің төр­ағасы, биология ғылымдарының кан­дидаты Мәншүк Жексембекова Түр­ген ауылында жаңғақ ағашын отыр­ғызып, оқушылардың ғылыми жұ­мыспен шұғылдануына барлық жағ­дайды жасайды. Мектеп ауласына түрлі қылқанжапырақты ағаш екті. Мұғалімдердің шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай жасау мақ­сатында интернет желісіне қосылған ноут­бук­термен, конференц үстел, ин­­­терак­тивті панель, соңғы үлгі­дегі жи­һаздармен, әдісте­мелік құрыл­ғы­лар­мен толықтырылған «За­манауи мұ­ға­лімдер бөлмесін» жасақтап бер­ді. Кітапхана қорын толықтырып оты­ру да назарларынан тыс қалған емес. Өткен оқу жылында Абыхан Жек­сембеков атындағы мұражай ашылды. Оқушылардың білім алуға деген ынталарын арттыру мақсатында пән олимпиадаларына қатысқан және озат оқушыларға Абыхан Жексембеков атындағы стипендия тағайындап, жыл сайын соңғы қоңырауда табыс етуді дәстүрге айналдырған.

Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы да білімге келіп тіреледі. Заңғар жазушы М.Әуезовтің сөзімен айтар болсақ, «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім бол­мақ». Егемендік алған тәуелсіз Қазақ­станның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Ал мұғалімнің басты мақсаты – алдындағы оқушыларға тек білімді ғана бере білу емес, бүгінгі алған білімін өмірлік қа­жеттіліктеріне сай пайдаға асыра білуге үйрету. Мектебімізде осындай қабі­лет пен қасиеттерді бойына сіңіре білген ұстаз жетерлік. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, мағыналы, өнегелі тәрбие мен сапалы білім беріп жүр. Оқу­шы­ларымыздың көптеген жетістікке қол жеткізіп, түрлі байқауда, білім бәй­гелерінде биіктерді бағындыруы осыны айғақтайды.

Шәкірт жетістігі мектептің, ұстаз­дың, тіпті елдің абыройы екені анық. Осы тұрғыда мектеп оқушылары түрлі сайыс­та өздерінің біліктілігін көр­сетіп келеді. 4-сынып оқушылары Аружан Жұрмұхамбет мен Жандос Полат «Қазақстан Республикасының 100 дарынды оқушысы» атты республи­калық байқауында жеңімпаз атанса, рес­публикалық «Үкілі үміт» балалар шы­ғармашылығы байқауында 4-сы­нып оқушысы Бағлан Шернияз­ұлы бас жүлдеге ие болды. «Арыс­тан» ма­мандандырылған лицейі ұйымдас­ты­рыл­ған республикалық бокс турни­рінде 11-сынып оқушысы Арман Жамбыл 60 кг салмақта жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданы білім беру мекемелері арасында өткізілген «Полицияның жас көмекшілері-2022» байқауында мектебіміз жүлделі 2-орынды иеленді.

Ұстаздарымыз да аудан, облыс деңгейіндегі кәсіби байқаулар мен пән олимпиадаларына белсене қатысады. Аудандық «Үздік жыл мұғалімі-2022» байқауында биология пәні мұғалімі Асем Ахметова жүлделі 3-орынды иеленсе, «Ұстаз тілегі» ғылыми-әдіс­те­ме­лік ор­талығы ұйымдастырған «Үз­дік тарихшы» атты республикалық бай­қауда та­рих пәнінің мұғалімі Рамазан Рахаев І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фа­раби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген болатын. Жалпы, адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде жан-жақты және үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеу мақ­сатында тәрбие саласы белсенді жұмыстар ат­қаруда. Жас ұрпақты ел­жандылыққа, отансүйгіштікке, ын­тымақ пен бірлікке баулуда сыныптан тыс шаралардың орны ерекше екені баршамызға аян. Өткен оқу жылында құндылықтарға негізделген оқу-тәрбие бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Оқуға құштар мектеп», «Отбасы – орта мектеп», «Дәстүр мен ғұрып», «Ерте жастан бас­тап экологиялық мәдениет», «Парасат» атты дебат қозғалысы, Оқу­шы­лардың «Өзін-өзі басқару» ұйымдары жобалары іске қосылды. Осы жобалар аясында тәр­бие саласы бойынша же­тістіктеріміз де жетерлік.

Жас ұрпақты спортқа баулып, ауыл жастарына саламатты өмір салтын на­сихаттауда дене тәрбиесі мұғалім­де­рінің еңбектері зор. Мектеп жанында во­лейбол, футбол, бокс, шахмат, тоғыз­құ­малақтан тегін үйірмелер тұрақты түр­де жүргізіліп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. «Балалар жылы» аясында жас балдырғандардың барлық жағы­нан дамуына жұмыс жасалуға тиіс. Ал­дағы оқу жылы барысында балаларға арналған кешенді іс-шаралар жоспарлап отырмыз. Дарынды балалармен жұмыс жасау – уақыт талабы. Дарынды және қабілетті оқушылармен жұмыс жүргізу мақ­сатында «Дарабоз» оқушылар ғы­лы­­ми қоғамы жұмысы жалғасын таппақ. Үкіметтің басты назарында тұр­ған ерек­­­­ше білім беруді қажет ететін бала­­лар­­мен жұмыс мәселесі бойынша да пе­дагог-психологтер тарапынан оқу­шы­лардың ерекше қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескеріп, психоло­гиялық-педагогикалық қолдау көрсету мақсатында «Қолдау» жобасы іске асырылып жатыр.

Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында «Трансавиа» ЖШС әуе компаниясы мектептегі көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларды оқу құралдары, мектеп формасымен қамтамасыз етуді дәстүрге айналдырған.

Жаңа оқу жылы да көптеген жаңа­лық­пен басталғалы тұр. Мемле­кеттік жалпыға міндетті білім беру стан­дарт­тарының негізінде жас ұрпақты тәр­бие­леуде құндылыққа бағдарланған тәсіл арқылы іске асыру көзделген. Осы бағыт­та бірнеше жобамен жұмыс істеуді жос­парлап отырмыз.

 

Гүлбақыт ҚАСЫМЖАНОВА,

Абыхан Жексембеков атындағы орта мектеп директоры

 

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы