Спорт • 24 Тамыз, 2022

Алтын белбеу Әлімханұлына беріледі

245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) америкалық кәсіпқой боксшы Деметриус Андраденің суперорта салмақ дәрежесі бойынша «уақытша» чемпиондық атақ үшін ұлыбританиялық Зак Паркермен күш сынасуына рұқсат берді. Бұған дейін ол орта салмақтың алтын белбеуінен бас тартқан болатын.

Алтын белбеу Әлімханұлына беріледі

Енді Жәнібек Әлімханұлына әлем чемпионы атану үшін еш ке­дергі жоқ. Бірер жыл бойы осы сал­мақтың теңдессізі болып келген Ан­драде қазақтың қайсар ұлымен жұдырықтасудан бас тартты. Расында да, оның өте мықты боксшы екеніне еш күмән жоқ. 34 жастағы Род-Айленд шта­тының тумасы әуесқойлар арасында да толағай табыстарға қол жеткізгенін дүйім жұрт жақсы біледі. Ол 2007 жылы Чикагода өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжаласа, Рио-де-Жанейродағы Пана­мерика ойындарында күміс медаль­ды мойнында жарқыратты. Басқа да көптеген халықаралық жарыста олжаға кенелді.

2008 жылы Рио Олимпиадасының ширек финалында сүрінгеннен кейін Деметриус кәсіпқой рингте күш сынасуды құп көрді. Сол аралықта 31 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 19 қарсыласын нокаутқа жіберді. Түрлі салмақ дәрежесі бойынша чемпиондық белбеуді иеленген АҚШ-тың арланы кезінде Фредди Эрнандес (Мексика), Ванес Мартиросян, Брайан Роуз (АҚШ), Джек Кулкай (Германия), Уолтер Каутондоква (Намибия) және тағы басқа атақты боксшыларды ойсырата ұтты. Соңғы рет ол былтырғы жылдың қараша айында ирландиялық Джейсон Куиглиді екінші раундта ұрып жықты. Бірақ Жәнібектен қаймықты ма, әлде басқа жоспарлары болды ма, әйтеуір алтын белбеуден бас тартып, шұғыл түрде басқа салмаққа ауысты.

Бұл күндері «уақытша» чемпион атағын иеленіп отырған Жәнібек Әлімханұлының жүріп өткен жолы қазақ жанкүйерлерінің көз алдында. Мұрат Сиқымбаевтың қол астында жаттыққан ол әуесқойлар арасында әлем және құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанды. 29 жастағы Алматы облысы, Алакөл ауданы Жыланды ауылының тумасы 2016 жылдан бері кәсіпқой рингте бақ сынауда. Сол аралықта 12 рет шаршы алаңға шығып, барлық қарсыласын сыпыра ұтты. Сегіз жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Бір сөзбен айтсақ, Qazaq Style деген бүркеншік есімді таңдаған қандасымыздың толыққанды әлем чемпионы атануына еш кедергі жоқ. Қазіргі кезде барша Алаш жұрты WBO-ның ресми шешімін күтіп отыр. Егер аталған ұйым басшылығы алдағы уақытта оңды шешім қабылдап, алтын белбеуді Жәнібекке табыс етсе, онда ол Қазақстаннан шыққан бесінші әлем чемпионы атанады.