Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»
Арнаулы қызметтердің жұмысын тұралатады
Парламент Сенатының депутаты Ольга Булавкинаның айтуынша, статистикаға сәйкес еліміздегі 100 адамның тек 15-і ғана тұрақты белгіленген интернетке ие. Бұл орайда Қазақстан мобильді және кең жолақты интернеттің тарифы жағынан алдыңғы орындарда болғанымен интернет жылдамдығы, қолжетімділігі, файлдарды мегабит секундына жүктеу секілді көрсеткіштер бойынша көштен қалып келе жатқанын айта кеткен орынды.
«Қазақстанның ұялы байланыс нарығында сатып алушылар көп болса да 2 субъект қана жұмыс істеп келеді. Бұл нарыққа жаңа субъектілердің кіруіне экономикалық (бастапқы инвестициялардың көлемі), технологиялық (радиожиілік спектрі ресурсының шектеулілігі), әкімшілік (лицензиялау) шектеулер кедергі келтіріп отыр.
Еліміздің азаматтары, оның ішінде шалғай елді мекендердің халқы, кәсіпкерлер, білім беру саласы мен басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері тиісті байланыс пен интернеттің болмауына қатысты үнемі хабарласып, шағымданып жатады. Мысалға, өңірлік денсаулық сақтау саласын алып қарайық, мамандар қажетті құжатты қолмен толтыруға мәжбүр. Жұмыстан кейін осы көптеген қағаз құжатты біріктірілмеген, ескірген ақпараттық базаларға енгізеді.
Білім беру саласына тоқталсақ, пандемия кезінде еліміздің шығысында мұғалімдерге сабақты офлайн форматта өткізуге тура келді. Өйткені өңірдегі интернеттің баяулығы оқуды сапалы онлайн режімде өткізуге мүмкіндік берген жоқ. Шаруалар болса, субсидияны дер кезінде ала алмайды. Неге десеңіз, деректер базасына тіркелу мұңға айналған. Ветеринарлар есептерін уақытында тапсыра алмаса, учаскелік инспекторлар болған оқиға жөнінде шұғыл ақпарат бере алмайды. Мұндай проблема өте көп», деді депутат.
Шалғай елді мекендерде интернет жоқ
Цифрлы даму жөніндегі сарапшы Бауыржан Сәрсембаевтың пікіріне сүйенсек, заман талабына сай мобильді интернетті тек ірі елді мекендерде ғана кездестіруге болады. Ал шалғайда жатқан ауылдық жерлерде «интернет түгілі сапалы байланыс атымен жоқ», дейді сарапшы.
«Әріптестерімізбен бірге 250 және одан көп халқы бар елді мекендерді аралап көрдік. Басым бөлігінде ұялы байланыстың жоқ екенін байқап, тіркедік», деді Б.Сәрсембаев.
Сондай-ақ Б.Сәрсембаев нарықтағы барлық компания шамамен 150-дей халқы бар елді мекендегі 15 үйге байланыс орнатуды құптамайтынын жеткізді.
Өңірлерді аралау кезінде «мобильді құлдық» мәселесінің өзекті болып отырғаны байқалса керек. Айталық, халқы көп ауылдарда бір ғана оператордың мұнарасы орнатылғандықтан мұндай елді мекендерде бірнеше оператордың SIM карталарын қолдануға тура келеді. Халық тығыз орналасқан ауылдарда бір байланыс мұнарасының жанынан екіншісін салу фактілері кездескен. Мамандар шет мемлекеттерде бұрыннан орнатылған базалық стансаларды бірлесіп пайдаланудың тәжірибесі кең қолданыста екенін айтты.
Абай облысы әкімі аппаратының цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді мониторингілеу бөлімінің басшысы Айжан Ысқақова айтқандай, қазір өңірдегі күн тәртібінде тұрған мәселелердің қатарында әлеуметтік маңызды бағыттарды цифрландыру бар. Ол облыстың бұл бағыттағы жұмысы біртіндеп жолға қойылып, алдағы қойылған міндеттерді жүйелі түрде орындауға күш салынып келе жатқанын жеткізді.
Министрліктің мәліметі бұрмаланған
Ұлттық коммуникация және цифрландыру қауымдастығының басқарушы директоры Азамат Коловтың сөзіне ден қойсақ, еліміздегі цифрлы байланысқа жауапты ведомство қалалар мен өңірлердің интернетпен қамтылуына байланысты ақпаратты бұрмалап береді.
«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі республика халқының 99,3%-ы заманауи интернетпен қамтамасыз етілгені туралы мәліметті тұрақты негізде айтудан жалықпайды. Алайда іс жүзінде жағдай түбегейлі басқаша. Сонда Қазақстанда 280 мың адамның ғана сапалы интернетке қолы жетпей тұрғаны ма? Бұл өте күмәнді. Мысалы, АҚШ-та әлі күнге дейін 30 млн-ға жуық адам сапалы интернеттің игілігін көре алмай жүр. Ал Қазақстан медиандық көрсеткіш бойынша 95-ші орында тұр. Мұндай деректерді бұрмалап, еліміздің халқын адастырудың қандай қажеті бар?», деді А.Колов.
Бұл пікірді Парламент депутаттары да қуаттап, құрғақ есеп пен шынайы дерек көп жағдайда бір-бірімен сәйкес келе бермейтінін айтты. Сол себепті бұл бағытта құзырлы органға жауапкершілікті күшейтіп, іс жүзінде атқарылған мәліметтермен бөлісуге шақырды.
«Семсат» компаниясының техникалық директоры Бауыржан Аманбаев провайдерлердің нарығына таяуда қосылғанын, бірақ қазірдің өзінде тиісті жабдықты сатып алуға байланысты проблемаға тап болғандықтан қажетті софтты сатып алу үшін қолдау қажет екенін айтты.
Сарапшылардың айтуынша, радиожабдық арқылы және антеннасыз (мачтасыз) интернетті тарту 2-3 жылдық өтелімділікпен есептегенде 2-ден 4 млн теңгеге дейін құбылуы мүмкін. Осы ретте талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнатуға орта есеппен 9 жылдық өтелімділікпен қоса алғанда шамамен 35 млн теңге жұмсалады. Ал егер де жаңа бағаналар орнатылса, бұл сома екі есеге ұлғаюы мүмкін. Сол себепті мамандар байланысы жоқ ауылдарға интернет тарту үшін субсидияланатын немесе қажетті жабдықтарды сатып алуды көздейтін арнайы бағдарламаны дайындауды ұсынып отыр.
Ал сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін заңнамалық деңгейде бұл бағдарламаны өңірлік жеке провайдерлер ғана іске асыратын міндетті норманы енгізу қажет деп санайды цифрландыру саласының мамандары.
Абай облысы