Суреттерде: Фатима Ғабитова тұрған үй; Шаяхмет көпестің үйі: қазіргі көрінісі; Тамшыбұлақтың таңғажайып бейнесі
Тоналған тарих
Әңгімені әу бастан бастасақ. Жетісу облысында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы әзірленіп, белгілі географ, тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар бірлескен жұмыс тобы құрылған. Сөйтіп, өңір көлемінде сараптамалық кеңестің шешімімен қасиетті орындар жалпыұлттық деңгейлі және жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар болып екіге бөлінді.
«Экспедиция нәтижесінде қасиетті нысандар бойынша паспорттар дайындалды. Мәліметтер Нұр-Сұлтан қаласына қасиетті нысандардың деректер базасына ұсынылған. Республикалық көлемдегі белгілі ғалымдар мен сарапшылардың іріктеуі бойынша екі облысты қоса алғанда жалпыұлттық объектілер тізіміне 17 нысан, өңірлік объектілер тізіміне іріктеліп 41 нысан енгізген. 2018 жылы киелі нысандар бойынша «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен 2 томдық кітап дайындалып, алғашқы нұсқасы шығарылды», дейді өлкетанушы-журналист Қажет Андас.
Атап айтсақ, республикалық нысандар қатарына, бәрімізге белгілі: Жаркент мешіті, Ш.Уәлиханов тарихи-мемориалдық музейі, Шарын шатқалы, Хан Тәңірі шыңы, Көлсай көлдері, Таңбалы тас петроглифтері, Қойлық қалашығы, Есік қорғандары, Жамбыл Жабаевтың кесенесі және т.б орындар кірді. Ал өңірлік нысандар қатарына жергілікті халық үшін киелі болып саналатын орындар енгізілді. Яғни Сарқан ауданында орналасқан Көтен тәуіп кесенесі, Алакөл ауданындағы Есім Төре кесенесі, Қаратал ауданында орналасқан Балпық би, Ескелді би, Айту би, Ақсу ауданындағы Байтулақ батыр, Жамбыл ауданында орналасқан Арасан-Қорасан бұлақтары, Түктібай ата кесенесі, Панфилов ауданындағы Найзатапқан емдік сулары, Әулиеағаш киелі ағашы, Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан Қараш би кесенесі, Кербұлақ ауданындағы Шыңғысхан тұрағы, Сәмен батыр кесенесі секілді жергілікті халық кие тұтатын, басына барып тәу етіп, сыйынатын жерлер енгізілді.
Жалпы, Жетісу жерінде мемлекеттің қасиетті орындар тізбесіне 51 нысан енсе, соның үшеуі Қапал ауылында орналасқан екен. Атап айтсақ, Тамшыбұлақ минералды су көздері – жалпыұлттық қасиетті нысандар, Фатима Ғабитованың үйі мен «Қапал мешіті» сәулет құрылысы. Бұлар өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енген. Әйтсе де, оларды ел игілігіне жарату ісі ақсап тұр.
Шынында, Қапал Қапал болғалы қашан! Тарихын тарқатсаңыз анау Алаш алыптарының тұсына бір-ақ сапар шегесіз. Ол ХІХ ғасырдың екінші жартысында уез орталығы болғанда жан-жақтан ағылған бай-манап, көпестер сәулеті мен салтанаты жарасқан 249 ағаш үй салдырады. Кезінде сол үйлердің сәні мен салтанаты жайлы Шоқан Уәлиханов тамсана жазған. Оның бәрі архивтерде менмұндалап тұр.
Ескерусіз қалған есті үй
Өлкетанушы Қажет Андастың айтуынша, патша өкіметі құлағаннан кейін кеңестік билік сол үйлердің 124-нің материалдарын Алматы қаласына, тағы бір бөлігін Семейге, басқа да қалаларға тасып әкетеді. Бүгінде соның бірқатарының қаңқиған қаңқасы қалыпты. Соның бірі – қазақтың үш бірдей арысына аяулы жар болған Фатима апамыз тұрған Тәнеке батыр көшесіндегі екіқабатты тарихи үй.
Жергілікті тұрғындардың сөзіне сүйенсек, бұл үйді Мишаев деген орыс саудагері салдырған екен. Сыртқы қасбеті ағашпен қапталып, ою-өрнекпен айшықталған. Кезінде көз сүріндіретін көркем болғаны көрініп тұр. Кеңес Одағы тұсында әркімге жайлы қоныс болған ғимарат тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында талай жанның қуанышын еселегені белгілі.
2002 жылы екіқабатты тарихи үйді Елтай Сәдуақасов ақсақал меншікке алып, жеке кітапхана ашып, бір бұрышынан Фатима Ғабитова атындағы мұражай жасап, жертөледен спортзал ашып, ауыл жастарының рухани ордасына айналдырыпты. Алайда ғимаратты жылыту, келушілерді қабылдау, жәдігерлерді қорғау, ауланы абаттандыру, ғимаратты жөндеу, тағы да басқа шығындары да аз емес еді.
Жергілікті биліктен ешқандай көмек болмағандықтан мұражайды ұстап тұру оңай болмасы анық. Сосын жәдігердің біразын Талдықорған қаласындағы М.Тынышпаев атындағы өлкетану музейіне өткізіп, кітапхананы «Қапал-Арасан» шипажайына көшіреді. Әрі-бері көшіп жүріп, көп жәдігерін жоғалтып алады. 2010 жылдан бастап бұл үй жеке тұлғаның меншігіне өтеді. Содан бері қараусыз қалып, 150 жылдан астам тарихы бар үйдің едендері тозып, қабырғасы көшкен. Үй ішінде көтеріп әкетуге қолайсыз темір пеш пен ХІХ ғасырда жасалған көне күйсандық, бүлінген басқа да жәдігерлердің қалдықтары шашылып жатыр. Ал жертөле көлеңке іздеген ірі қара мен қой-ешкінің тұрағына айналыпты. Біз барғанда жертөледе армансыз күйсеп, аунап-қунап жатқан тайынша-торпақ пен екінші қабатқа бас сұққанда құлаған шатыр мен қаусаған қабырғаларды көрдік.
«Бұл үйді қорғау, қалпына келтіру, қайта жаңғыртып, ел игіліне жарату – біздің міндетіміз. Алайда үй жеке адамның меншігінде болғандықтан, оның қыл бүлдіргесіне тиісе алмаймыз. Тек арнайы адам бекітіп, ауласының тазалығына жауапты етіп қойдық. Оны сатып алып, мемлекет меншігіне қайтаруды ойласақ та қазіргі иесі тым жоғары баға ұсынды. Оны ауыл әкімдігінің бюджеті көтермейді», дейді ауыл әкімі Жалғас Жарылқасын.
«Былай тартсаң арба сынып, былай тартсаң өгіз өлетіннің» кері. Үйді иесі сатпайды, болмаса, жөндеу жұмысын жүргізіп, оны мәдени нысанға айналдыруға талпынбайды. Ал ағаштан салынған үй күн өткен сайын тозып, қаңқасы құлап, шатыры опырылып, жермен-жексен болып барады.
Қадірі кеткен Қапал
Дүркіреп тұрған тұсында Қапалда үш мешіт болған екен. Ең алғаш 1856 жылы татар көпестерінің біріккен қаражатымен татар мешіті тұрғызылады. Кейін оны татар көпесі Шаяхмет Әпсаттаров меншігіне алып, қасынан «Яковия» татар қыздар медресесін ашады.
Осыдан кейін 1860 жылдары Ғалиақпар қажы Сәйфулмүліков-Сейітовтің бастауымен ноғай байлары жиналып, ноғай мешітін тұрғызады. Осыдан кейін сарт, тараншы, қазақтар бірігіп сарт мешітін тұрғызады. Қазір сол мешіттің біреуі – татар мешіті ғана сақталған. Тарихы Жаркент мешітінен де тереңде жатқан нысанның жағдайы мүшкіл. «Осыдан біраз жыл бұрын Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов жұмыс сапарымен Жетісу облысына келгенде бұл мешітті жаңғыртып беруге уәде етіпті», деп естігенбіз. Бірақ олардан да хабар болмай кетті. Бір қызығы, бұл мешіт те өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізбесінде жүр.
Тауы шағылған Тамшыбұлақ
Қапалда әлемге әйгілі саяхатшылардың бірталайының табанының ізі қалды. Кезінде мұнда Шоқан Уәлиханов, Петр Семенов-Тянь-Шаньский және Томас Аткинсон болып, Тамшыбұлақ туралы тамаша дүниелер жазған. Сол еңбектерде Тамшыбұлақтың қасиеті – жарқабақтарда жап-жасыл болып өсетін мүктерде екендігі айтылады. Оны бертінгі кезде ғалымдар да дәлелдеді. Алайда бүгінде Тамшыбұлақ су көздеріндегі мүктерді емге пайдалану мақсатында арнайы барып, тамырымен жұлып әкететін, топырағымен қоса қазып алатын жағдай жиі орын алуда. Мүгі тоналып, жалаңаштанып қалған жерлерді көргенде: «Табиғаттың байлығына қол салуға қандай адамның дәті барады?!» деген ой өзекті өртейді.
«Адам қолымен жасалатын қиянаттардың алдын алу үшін арнайы қарауыл қойып, Тамшыбұлақ су көзін күзеттіретін болдық. Жыл сайын ауыл бюджетінен қаржы бөліп, бұлақтың айналасын қоршап, абаттандыру жұмысын жүргіземіз. Бірақ біздің мардымсыз қаржымызбен мардымды жұмыс атқарылмайтыны белгілі. Былтыр мемлекет тарапынан 150 млн теңге қаржы бөліп, Тамшыбұлақ су көзін қайта жаңғырту жобасын жасап, конкурсқа берген еді. Әлі күнге жоба порталда тұр. Ешкім оны жаңғыртуға ынта білдіріп жатқан жоқ», дейді ауыл әкімі.
Мемлекет неге мойын бұрмайды?
Қапал ауылы – сталиндік қуғын-сүргін кезінде шетел асып кеткен қазақ, орыс, татар, ноғай, башқұрт, ұйғыр, өзбек, қырғыз, тағы да басқа ұлт ақсүйектерінің табан ізі қалған жер. Ертең олардың ұрпақтары ата-бабасының жүрген, тұрған мекенін іздеп келгенде төмпешік болып үйілген топырақ үйіндісін көрсетсек, не беделіміз қалады?
«Қапалдағы тарихи-сәулет ескерткіштері Кеңес билігі келгеннен кейін балабақша, кеңсе мен асхана, мұражай ретінде пайдаланылды. Соның бірі – Тамшыбұлақтың қарсы бетіндегі дөңнің үстіне салынған екіқабатты үй. Жергілікті жұрт оны Шаяхмет көпес Әбсаттаровтың үйі деп атайды. Қуғын-сүргінге ұшыраған көпес бала-шағасымен Қытайға қашып, үйі Кеңес өкіметі тұсында мемлекет меншігіне өткен. Кейін қараусыз қалып, қасбетінен басқасының бәрі бүлінген», дейді Қ.Андас.
Бұл жолы Шаяхмет көпестің үйі көзімізге басқаша бейнеде көрінді. Ол үйді «Шопан ата» қой өсірушілер қауымдастығы балансына алып, қайта жаңғыртып жатыр екен. Қазір жөндеу жұмысы толық аяқталмаса да істелген жұмысқа қарап, нысанның осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы сәулетті де салтанатты бейнесін көргендей болдық.
«Биыл жыл соңына дейін жаңғырту жұмысын толық аяқтасақ, нысанды өңір мәдениеті мен руханиятын өркендететін маңызды орынға айналдыруды жоспарлап жүрміз», дейді «Шопан ата» қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.
Бір қызығы, Қапалдағы қасиетті жерлер тізіміне еніп, «мемлекеттің қорғауында болады» деген нысандар бүлініп, күйреп, жермен-жексен болып бара жатса, қасиетті нысандар тізіміне енбесе де ауыл азаматтарының атсалысуымен жаңғыртылып жатқан нысанның қатары көбейе түсіпті. Тек мемлекет тарапынан неге қолдау таппаған деген ойға қаласыз? Әлде Жетісу өңірінің билігі көзге ілмей отыр ма?
Айта кетейік, қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы түнеп аттанған үй бүгінде Ақын Сара мемориалды музейіне айналды. Үйдің ауласына Шоқан егіп кеткен үш түп ағаш мәуелі бәйтерекке айналыпты.
Жалпы, 2019 жылдың аяғында өңірде осы қасиетті орындар қатарына енгізу үшін қосымша 12 нысан ұсынылып, оның тоғызы қосымша тізімге алынған болатын. Бүгінде Жетісу облысында орналасқан қасиетті нысандардың тізімін толықтыру мақсатында жұмыстар әлі де жалғасын табуда. 2020 жылы «Ескерткіштерге QR кодтар орнату» жобасының аясында облыс аумағындағы өңірлік қасиетті нысандарға QR кодтар орнатылды.
Жетісу облысы