Шарайна АҚШ президенті Барак Обама Нормандияда Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесіп, келіссөз жүргізуді жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі Кэйтлин Хейден мәлімдеді.
Жалпы, Путин мен Обама Қырым Ресейге қосылғаннан кейін алғаш рет одақтастар әскерінің Нормандияға десант түсіруінің 70 жылдығына арналған салтанатты шаралар барысында 6 маусымда тоқайласады деп күтілуде. Ал Нормандияға президенттер, өзге де мемлекет басшыларымен бірге, екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына тағзым ету шараларына қатысу үшін баратын болады.
Бейбіт халық қан қақсап қалды Нигерияның солтүстік-шығысында орналасқан Гамбору қаласына қарулы жасақтың шабуылы 200-ден астам бейбіт тұрғынның өмірін қиды. Жергілікті БАҚ-тардың деректеріне қарағанда, шабуылға радикалды «Боко Харам» ислам тобы мүшелерінің қатысы бар. Қалаға кірмес бұрын қарулы жасақ брондалған автомобильдермен жергілікті базарға баса-көктеп кіріп, атыс ұйымдастырған. Содан кейін олар тікелей қала орталығындағы үйлер мен дүкендерге қарата оқ жаудырған. Нигерия үкіметі өкілдерінің сөздеріне қарағанда, шабуылдаушылар әскери униформа киіп алса керек. Нигериядағы қарулы қақтығыс 2009 жылдан бері жалғасып келеді. «Боко Харам» елдің солтүстік аудандарында шариғат заңына негізделген тәуелсіз мемлекетті құруды көздейді. «Әл-Каида» серкесінің көзі жойылды Йеменнің үкімет күштері «Әл-Каида» террорлық ұйымы йемендік қанатының басшысы Мұхаммед Саид әл-Шабванидің көзін жойған. Мұны Йемен қауіпсіздік күштері комитетінің өкіліне сілтеме жасай отырып, «Франс-пресс» агенттігі хабарлады. Шабвани өткен жұмаға қараған түні ел астанасы – Сана қаласында тәртіп сақшыларымен атыс кезінде атып өлтірілген. Ол «Әл-Каиданың» аса қауіпті көсемдерінің бірі болып табылатын. Мұны Йеменнің құқық қорғау күштерінің жоғары шенді өкілдерінің бірі мәлім етті. Шабванидің адам ұрлау, полицейлер мен шетелдік азаматтарды өлтіру сияқты қылмыстарға тікелей қатысы бар көрінеді.Қысқа қайырып айтқанда: *Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони кеше Миландағы қарттар үйінде қоғамдық жұмыс атқаруға кірісті. Ол соттың шешімі бойынша кемінде аптасына төрт сағат бір жыл бойы осында жұмыс істейтін болады. *АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының заңнама комитеті америкалықтардың телефондарын жаппай тыңдау және арнайы қызметтің деректер жинауына тыйым салу туралы заң жобасын мақұлдады. Заң жобасын комитет мүшелері бірауыздан қолдап дауыс берген. *Ресей президенті В.Путин Қызыл алаңдағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығына арналған парадтан кейін 10 жасар Кристина Кутеповадан ерекше сыйлық алды. Бүлдіршін қыз Ресей басшысына өзінің қолымен салған Путиннің портретін сыйға тартты. *АҚШ президенті Б.Обама Конгрестің қарауына Вьетнаммен бейбіт атом бойынша келісім жобасын жолдады. Бұл құжат қабылданар болса, АҚШ-тың Вьетнамға экспортын 20 миллиард долларға дейін ұлғайтуына жол ашылады. Алайда, ядролық қаруды таратпау ұстанымы бұл келісімге кедергі келтіруі де мүмкін делініп отыр.
Хомс қаласы Башар Асадтың қолында Сирия әскерлері 8 мамыр күні Хомс қаласына өз бақылауын орнатты. Сирия президенті Башар Асадтың армиясы соңғы 3 жылда алғаш рет бүлікшілерді Ескі қаладан толықтай ығыстырып шығаруға қол жеткізді. Мұны «Рейтер» агенттігі хабарлады. Бұған дейін Башар Асадтың президенттік сайлауға қатысатынын мәлімдегені белгілі. Сайлау 3 маусымға жоспарланған. Сирия оппозициясы бұл сайлауды фарс деп есептейді. Ал Сириядағы азамат соғысы 2011 жылдың көктемінде басталғаны мәлім. Елдегі қарулы қақтығыс салдарынан күні бүгінге дейін 150 мың адам опат болса, 2,5 миллион сириялық елді тастап шығып, босқын атануға мәжбүр болып отыр. Ресей тарихындағы ең үздік қолбасшы Александр Суворов ұлттық конкурс шеңберінде Ресей тарихындағы ең үздік қолбасшы атағына қол жеткізді. Азаматтардың пікірлерінше, Ресей әскери тарихында ең үлкен даңққа аса зор үлес қосқан нақ осы қолбасшы болып табылады. Бұл жобаны мәдениет министрлігінің қолдауымен Ресейдің әскери-тарихи қоғамы ұйымдастырған еді. Өткен жылдың 9 мамырынан бері тарих білгірлері мен әуесқойлары Ресейдегі аса көрнекті 100 қолбасшының тізімін түзген болатын. Ал бүкілхалықтық дауыс беру өткен жылдың 4 қарашасында ашылған еді. Оған миллионнан астам адам қатысыпты. Енді ең үздік 10 қолбасшыға келетін болсақ, А.Суворовтан кейінгілер мыналар: А.Невский, Ф.Ушаков, Г.Жуков. М.Кутузов, П.Нахимов, К.Рокоссовский, Д.Донской, А.Ермолов және М.Скобелев. Қажылар үшін жеке әуежай салады Сауд Арабиясының батысындағы Таиф қаласында Меккеге қажылыққа баратындар үшін жаңа халықаралық әуежай салынады. Әуежай жыл сайын қажылыққа және умраға (кіші қажылық) баратындарға кез келген уақытта қызмет көрсететін болады. Әуежай құрылысы тендеріне халықаралық және саудиялық компаниялар қатыса алады екен. Ал жыл сайын Меккеге 13 миллион мұсылман баратынын ескерсек, әуежай көп ұзамай-ақ өзін-өзі ақтайтыны ақиқат. Құрылыс келісімшарты бойынша әуежайды салған компания шығынын өтеген соң, оны мемлекетке өткізіп береді. Қазір Меккеден 70 шақырым жердегі Таифте жұмыс істеп тұрған әуежай негізінен ішкі рейстерге қызмет көрсетеді. Ал жаңа әуежай іске қосылғанда, қажылардың Меккеге жетуі айтарлықтай жеңілдейді. Интернет материалдары негізінде әзірленді.