Ахмет Байтұрсынұлы • 24 Тамыз, 2022

Ұлы ғұлама – ұлт ұстазы

6074 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Біз, өкінішке қарай, Ахмет Байтұрсынұлының есіміне бала кезімізден көзіміз қанығып, құлаққа сіңіріп өскен жоқпыз. Газет-журнал, кітап оқуға әуестігіміз ояна бастағанда, әредікте ғана ол кісінің есімін әртүрлі еңбектерден, көркем шығармалардан, ғылыми зерттеулерден кездестіріп қалып, оқи жүргенде, тек жағымсыз тұрғыдан Алаш қайраткерлері Әлихан, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектермен қатар оқып танып, абыройлы атағымен емес, «халық жаулары» санатында жазаға іліккендер деген ұғым әбден санамызға сіңіп, қалыптасып қалған болатын.

Ұлы ғұлама – ұлт ұстазы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оларға қосақталып айтылатын «ұлт­шылдар», «байшыл-буржуазияшыл­дар» деген анықтамалардың өзі құлаққа түр­підей тиіп, оқып отырғанда, біртүрлі суық ызғардың лебі есетіндей болғандығы рас. Сөйтсек, мұның бәрі санамызды улап тастаған коммунистік идеологиялық тәр­бие­нің әсері екен. Алаш арыстары­ның «ұлтшылдығы» ел шошитындай тра­ге­­диялық ахуал емес, болмаса, тіпті хал­қына жеккөрініш сезімін тудыратындай жат ниетті, теріс адамдық қыры емес, керісінше, ұлтын жан-тәнімен сүйген, жолына бастарын құрбан қылуға да­йын қаһармандық қасиет болып шықты! Кеңестік идеологияның ұрпақ санасын қалайша теріс бағытта тәрбиелеп, «ұлт­шылдық» деп аталатын қасиетті ұғым­ның өңін айналдырып жібергендігін тәуелсіздік лебімен бірге сезіне баста­дық. Ұлтшылдық емес, ұлтсыздықтың қасиетсіздік екенін ұққанда, қайран Алаш арыстарының неге халық мүддесі үшін ғазиз жандарын құрбан қылған қадірлерін танып, бойлай түстік, асыл мұраттарының алдында басымызды идік. Дана Абай айтқан, нағыз «сүйінуге жарар, сүйер ұлдарың», осы Алаш ерлері екен!

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтына қа­лай қызмет етудің жарқын үлгісін танытып өткен дара ұлдарымыздың бірі. Алаш тарихын парақтап отырғанда, ең алдымен көзіміз жететіні, оның есімі ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлымен қа­тар аталады. Яғни Ахмет те – өзінің сан ­қилы қызметімен ұлтының көсемі ата­­нып дараланған Алаш қайраткері. Соны­мен бірге педагогтік-ағартушылық, ға­лымдық қызметімен ұлт ұстазы ретінде ардақ­талған тұлға. Сон­дықтан да біз, ең алдыменен, шамамыз жеткенінше, оның Алаш көсемі деңге­йіндегі дара биігіне, ұлтына ұстаз­дыққа жараған оқшау қасиет­теріне бойлауға тырысқанымыз жөн сияқты.

Ал Алаш қайраткерлері бұл, күші басым, зорлықшыл империямен қолға қару алып күресудің тиімсіздігін түсініп, туған халқының көзін ашып, оятып, сіл­кіндіріп, оқу-білім алу жолымен алға басуды мұрат тұтып, баспасөзді дамытып, газет-журналдар аша бастағанда, Алаш жұртының көсемі, ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханұлының шақыруына алғаш үн қатқан, ортақ мүдде үшін бірге күресу­ге ниет қылған, белсене атсалысқан тағы да Торғай топырағының перзенттері болатын. Солардың ішінде мойны озық тұратын екі тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының жөні бө­лек еді. Олар атқарған іс-әрекеттері­мен де, қалам белсенділігімен де, жалпы ұлты­ның сол тұстағы ең ауқымды, ең маңыз­ды мәселелерін көтере білуімен де өз тұр­ғы­ластарының ішінен дара танылды, жұр­тын соңдарынан тартып, ерте білді. Олар­ды барша қазақ, ардақты ел аға­лары ретінде қадірлеп, төбелеріне көтеріп, «Ақаң мен Жақаң» деп қастерлеп, қосар­лап, құрметпен атайтын болған. Шы­нын­да да, ұлтының қос арысы ел мүддесі жолында жұптары жазылма­ған қалпы бірге қызмет етті, елін сүйген ардың өзіндей таза, пәк жандары да қатар қиылды. Бірі хал­қын «маса» болып ызыңдап оятып, оқу-білім алуға, сілкініп, серпіліп, алға ұм­ты­луға шақырса, екіншісі қостай кетіп: «Оян, қазақ!» деп жар салды. Олар­дың өмірлік мүддесі де, ұлтының бола­шағы жолындағы мұрат-мақсаттары да, шығар­машылық ізденіс, идеялары да бір болды.

Әрине, жиырмасыншы жылдар­дың басындағы қазақ жұртының көгіне, Сұл­танмахмұт ақын айтқандай, «өрмелеп шығып, күн болуға ұмтылған» ерлердің ішінде Ахмет Байтұрсынұлының қызметі мен еңбегі айрықша аталады, бұл тұрғы­дан келгенде, ол Әлиханның қатарында тұратын ел көсемі. Олар ұлттық мұрат-мүдделерді көздеуден туған «Алашорда» партиясының ұйымдастырушылары бол­­ды. Жиырмасыншы ғасырдың бас ке­­зіндегі әйгілі патшалық столыпиндік рефор­мадан кейін, орыс переселендері қазақ жеріне өңмеңдей еніп, ежелден жұртымыз қоныстанып келген жайлау-жайылымдарымызды иелене бастағанда, Әлиханның жанынан табылып, Ресей пат­шалығының далалық генерал-губернаторына жер жөнінде наразылық петициясына қол қойған санаулылардың бірі тағы да Ахмет еді. Қысқаша айтқанда, сол замандарда қандай да бір қазақтың мүддесі қорғалған мәселелерден оның тыс қалған кезі болмапты, керісінше, үнемі басында, ұйтқысы да, ұйымдастырушы да өзі болып жүрген. Ал Ахмет Байтұрсынұлы­ның қазақ хал­қы алдындағы ағартушы­лық-педагог­­тік, ғалымдық, тіл білімі мен әде­биеттану са­ла­­ларының негізін қалаған еңбектері оның тұлғасын өзгелерден даралап, оқшау танытады. Яғни әркімді өз орнымен, өз жөнімен атайтын болсақ, бұл тұрғыдан оның тұлғасы айрықша еңселі. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы деген анықтамаға әбден ла­йық­ты, бірегей тұлға. Мұндай атақпен ілге­ріде жұртымыз өзінің өсиеттей тәмсіл өлең-жырларымен, тұнып тұрған ғақлия қарасөздерімен өлмес мұра қалдырған даныш­пан Абайды атап келген болатын. Енді, міне, арыстары­мыз ақталғаннан кейін Ахметтің көл-көсір мұ­ра­ларымен қауыш­қан жұрт, ғұламаның аса құнды еңбек­терінің де, оған ұлт ұстазы атағын беруге әбден лайықты екендігіне көздері айқын жетті.

Ахмет Байтұрсынұлы – ірі ғалым, ақын, қазақ тіл білімі мен әдебиетінің реформаторы, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі ретінде танылған тұлға. Тіпті, осылайша анықтама беріп, қысқа қайыра салудың өзі оның ұланғайыр еңбегінің алдында аздық етеді, ол – «Алаш» партиясының, сонымен бірге «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, лингвист, түркітану­шы, аудармашы, публицист, сол тұста халқына шамшырақтай нұрын төккен «Қазақ» газетінің ұйымдастырушысы әрі бас редакторы ретінде ұлт тарихында терең із қалдырды. Жоғарыда баса көр­сет­кеніміздей, күрескер рухты Торғай топы­рағында дүниеге келуінің үстіне, ел қамын жеушілік, жұртына бас болуға ұмтылған қамқор ұлтшылдық пиғыл оның қанында бар, тегінен жұғысты болған қасиеті деуге болар. Олай дейтініміз, әкесі Байтұрсын Шошақұлы – өз ортасына аса ықпалды, беделді, әділеттілігімен аты шыққан адам екен. Оның момын жұртына араша түсіп, ай­мағын билеген ояздың, яғни уезд бас­тығы Яковлевтің басын жарып, он бес жылға Сібірге жер аударылған оқиғасы ел аузында аңызға айналған. Нақ осы оқиға Ахметтің жүрегіне мұз боп қатып, кейін күрес жолына түсуіне басты себеп болған.

Сол аяулы әке ел-жұртының қамы үшін құрбан болғанда, сол кездегі жасөспірім бала Ахметтің қандай жолға түсетіні айқындалған сияқты, ол жоғарыдағы өле­­ңінде әке аруағының алдында, «адам­нан туып, адамдық жолына қалай түс­пеймін?!» деп өзіне серт бергендей. Және соны бар­ша өмір жолымен дәлелдеп өтті. Әке­ден ерте айырылған Ахмет оның інісі Ерға­зының қолында тәрбиеленеді. Ол кісі бала Ахметтің оқу-білімге құмартқан тала­бын байқап, әуелі атақты Ыбырай Алтын­сарин негізін қалаған баста­уыш қазақ мектебіне береді, 1891 жылы Торғай­дағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне, ал 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебіне түсіп, білімін жетілдіре береді. Бұл сол заманның баласы үшін өте биік жетістік болатын. Әрине, әкеден жас­тай жетім қалған бала үшін, жағдайлы туыс­тар қамқорлығы болмаса, осылайша із­деніс жолына түсу қиын болары сөз­сіз. Осыған қарағанда, жақын туыстары да оның үлкен болашағын көре біліп, со­ған ықпал жасап отырған сияқты. Қазақ да­ласында онда Ахмет сияқты білім дә­ре­жесіне жеткен мұғалімдердің жетіс­пей­тін, қат уақыты, сөйтіп, әрі қарай ол ұстаз­дық жолына түсіп, 1896-1907 жыл­­дар аралығында әуелі Ақтөбеде, одан Қос­танай, Қарқаралы жерлерінде уез­дік, ауылдық, болыстық мектептерін­де кезе­гімен сабақ бере бастайды. Бұл Ахметтің өте жемісті болған, тәжірибе жинақта­ған жылдары еді. Кейін ол бұл туралы ақын­дық шығармашылы­ғын­да әрі қазақ баспасөздерінің ашылуы­на мұрындық ­болып, публицистік, жур­налистік жолға түсе бастағанда, өзек­ті мақалаларын жариялай бастайды. Өйткені ол ізденгіш, аса сауатты мұғалім болғандықтан, жоға­рыда аталған елді мекендерді аралап, сабақ бере жүріп, қазақ даласына не жетіс­пейтінін жақсы зерттеп, біле бастайды. Білім беру жүйесіндегі кемшіліктерді көзімен көре­ді, бұл саладағы қажеттіліктер туралы ой түйеді. Яғни оның әрі қарайғы ғалым­дық ізденісіне осы ұстаздық қызмет еткен жылдары көп түрткі болған. Ахмет, әсіресе сол кезде туған тілінің жағдайын жақсы түсінді, оны ғылыми түрде жүйелеп, бір ізге салмайынша, жалпы жұртымызда білім мен ғылым салаларының кенжелеп қала беретініне көзі жетті. Тез арада оқу құралдарын жазуды қолға алу қажетті­гін ұқты. Оның осы мұрат-мүдделері тіл білімі мен әдебиеттану салалары бойынша теориялық еңбектер жазу ойларына ұласқан. Ахметтің «Тіл танытқыш», «Тіл- құрал», «Әдебиет танытқыш» деген теориялық еңбектері – бұл салалар бо­йынша алғашқы қарлығаштар еді. Содан бері бұл салалар бойынша жүздеген еңбек жазылды, қаншама тілтану, әдебиеттану саласы бойынша академиктер шықты, докторлық, кандидаттық диссертация­лар қорғалды, солардың бәрінің де негізі осы еңбектерде қаланды десек, еш­кімнің тауын аласартпаспыз. Және сола­қай саясат ыңғайымен дәл уақы­тында Ахметтің нақты лайықты орны айқын­далмағанымен, уақыт бәріне таразы – қатал сыншы болып шықты, оның асыл мұрасы да, өзінің абыройлы атағы да жұртына қайтарылып, әділет салтанат құрғанына халқымыз куә болды.

Әрине, сонымен бірге ел ортасында қызмет қыла жүріп, қайраткерлік дең­гейде жұртының қамын жеуі де, бұл үшін өзі сияқты көзі қарақты елдік мұңын көздеген азаматтармен бірігіп, ынты­мақ­таса қимылдау ойлары да осы кездерде пайда бола бастағандай.

Жалпы, Ахмет ел мүддесін әуел бастан қарақан басынан жоғары қойған, өзінің жеке өмірін екінші кезекке қойғандығы туралы, тіпті оған бас ауыртпағандығы туралы замандастары аңыз қылып айтып жүргендігі туралы естеліктер баршы­лық. Ағайын-туыстары, дос-жолдастары бірігіп, бас қосқанда, оның ел-жұрты­ның қамына бел шешіп, кірісіп кеткенде, оған қызмет қылар жарының жоқтығын ­уайым қылып, елдің бір таңдаулы қызын қосуды ойластырғанда, Ахмет бұдан саналы түрде бас тартқан екен, жанашыр жақындары қайта-қайта бұл мәселені қозғап, қоймаған соң, тіпті ашуланып, беттерін қайтарып тастаған. Бірақ келе-келе қызмет ауқымы ұлғая бастаған сайын, жанашырларына ғана емес, оның өзіне де, түбі бір, тамағын, киімін да­йындап, әзірлеп отырар көмекші серік адамның керектігі көріне бастаған. Міне, ерлі-зайыпты Ахмет-Бадрисафа тарихы осыдан басталады. Екеуінің жұп құрау тарихы да қызықты. Бұл туралы оның жақын туысы, біздің замандасымыз Ілияс Байтұрсынның 1998 жылы Қостанайдан шыққан «Алтын бесік» атты естелік кіта­бында жақсы баяндалған.

Ахмет Байтұрсынұлының жолына жанын құрбан еткен халқының алдындағы, тарих алдындағы ұлы істерінің алғашқы қатарында оның қазақ баспасөзіне сіңір­ген өлшеусіз еңбегін атаймыз. Әсіресе сол кезең үшін, халықтың сана-сезімін оятып, намыс-жігерін сілкіндіріп, оқу-білім алуға шақыруда, жалпы саясат ісін­де, ел мен жер мәселелерін шешуде бас­пасөздің рөлі күшті екендігін ол қыз­­метке араласқан кездерінен жақ­сы түсініп, өзінің алдына қойған зор мүд­де­лерінің біріне айналдырған болатын. Қазақтың тұңғыш журналы «Айқапқа» шықпай жатып, үкіметтің қудалауымен іле-шала жабылып қалып отырған бірлі-жарым газеттерге ел үшін зор маңызы бар мақалаларын жариялай отырып, қан­шама қоғамдық істі мойнына жүк­теп, елдік ауқымды жұмыстарға бас­шы­лық жасай жүрсе де, ол енді, бел ше­шіп, өз газетін шығаруды қолға алды. Осы­лайша, Ахметтің ұлы мүдделерінің жар­шысындай болып, атақты «Қазақ» газеті өмірге келді. А.Байтұрсынұлы – сол кез­дегі қазақ баспасөзінің үздігі әрі «халық­тың көзі, құлағы һәм тілі» деген ел берген атағына лайықты қыз­мет атқар­ған «Қазақ» газетінің әрі ұйым­дас­тырушысы, әрі редакторы, әрі тұрақты авторы болды. Газеттің қыр соңына түскен қудалаушылары көп болса да, ол өзге баспасөздерге қарағанда ұзағырақ, 1913-1918 жылдар аралығында, табандатқан бес жыл бойы халқына адал қызмет қыл­ды. Бұл сол қиын-қыстау заман өлше­мімен алсақ, өте көп уақыт еді. Ахметтің жүрегінде әлдилеген сәбиіндей «Қазақ» газетінің бұл бесжылдық ғұмырының халқы үшін мыңжылдық қадір-қасиеті болды. Өйткені Ахмет бар мақсат-мүд­десін, күш-жігерін осы газетке жұмса­ды, кез келген уақытта бұл үшін қатаң жазаға ілігерін жақсы біле тұрса да, басын тікті. Қазақтың кейінгі замандарда дүние жүзіне атағы жайылатын ұлы жазушы­сы, ол уақыттағы енді таныла бастаған дарынды жас М.Әуезов сол тұстағы империя­лық пиғылдарға қарамастан, «Қазақ»газетінің қызметі, сол арқылы А.Байтұрсынұлы­ның зор әлеуметтік маңызды ісі туралы ар­найы мақала жазды. М.Әуезовтің айрық­ша құрметпен атап, барша халқы «Ақаң» деп құрметтеген ұлы тұлға өзі жанын са­лып жүріп ашқан «Қазақ» газетіне бар ма­хаббатын, күш-жігерін жұмсады, оның алдына қойған мақсат-мүддесі, арман-тілегі, ел-жұртына арнау-айтары осы газет беттерінен орын тапты. Сөз қисыны­на қарай айтпай кетуге болмас, кезінде Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы аталып жатқанда, «бұл кісі­нің халық алдындағы ұланғайыр ғажа­йып еңбектеріне қалай көз жұмып қарай­мыз?» деп, сол мерейтойдың өтілуіне мұ­рын­дық болған да осы жас Мұхтар мен сол кездегі Қазақстанның оқу комиссары С.Сейфуллин болған екен. Бұл екеуі мерейтой иесінің табанды қарсылығы­на қарамай, ұйымдастырып, басшылық жасаған, екеуі де ұлы ғалымның еңбегіне арнап, баяндама жазған.

Ахмет Байтұрсынұлының халқы алдын­дағы ұлы еңбектері санатына қа­зақша тұңғыш әліппе құрастырып, шығар­ғандығын баса көрсетуге тиіспіз. Яғни ол қазақ баласының алғашқы ­сауат ашу жүйесінің де негізін қалады, араб алфавитінің негізінде ұлттық әліпбиге ­ре­форма жасады. Сонымен бірге қазақ ­тіл білімін жүйелеп, бір ізге түсірді, қазақ­­ша терминдер құрастырып шығарды, ды­быс жүйесі – фонетика, сөз жүйесі – морфо­ло­гия, сөйлем жүйесі – грамматика сала­ла­­рының негізін қалап, терең зерттеп, бір­не­ше ­арнайы оқулық жазуы – тұңғыштығы өз алдына, қазақ тілінің қадір-қасиетін айқындаған, жоғары сапалық деңгейін әлемге танытқан тарих алдындағы ұлы еңбектері болатын. «Тіл-құрал», «Әдебиет танытқыш» еңбектері тіл мен әдебиет ғылымдарының негізін қа­лады әрі бұл салалардың өрістеп, қа­нат­ жаюына жол ашты. Өзге еңбекте­рін­ атамағанның өзінде осы еңбектері – Ахмет Байтұрсынұлының туған халқы­на қаншалықты биік, қадір-қасиетінің қымбаттығының дәлелі бола алса керек. Оның қысқа ғұмыры ұлтына беріле қыз­мет етудің, халқын адал сүюдің нағыз жарқын мысалы екендігі сөзсіз. Ахмет Байтұрсынұлының есімі енді мәңгілік өшпестей болып қауышуы – ұлтының асқан бақыты деп ұғамыз.

 

Досжан ӘМІРҰЛЫ,

Қазақстан Жоғарғы сотының судьясы