Қоғам • 24 Тамыз, 2022

Арнайы білім беруді қажет ететін балалар бар

1222 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Балалар құқығы – қоғам назар ауда­ратын мәселе. Әсіресе ерекше қамқорлыққа мұқтаж балаларға білім беру, денсаулығын жақсарту, қо­ғамнан қағажу көрмей өсуіне толық жағдай жасауға кешенді қадамдар қажет. Жаңа оқу жылы қарсаңында Оқу-ағарту министрлігінің Арнайы және инклюзивтік білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу» мәселесі педагогтардың республикалық тамыз конференциясының пленарлық секциялық отырысында талқыланды.

Арнайы білім беруді қажет ететін балалар бар

Орталық директоры Әйгерім Күдеринова жаңа оқу жылы қарсаңында ерекше қажет­тілігі бар балаларға білім беруге қатысты нормативтік құжат­тар­дағы өзгерістер, әлеу­меттік ұйымдар алдында тұрған келелі міндеттер туралы айтып өтті. Осы орайда арнайы және инклюзивті білім беру, тәжірибе алмасу, педагог кадрларды даярлау, білім беру қызметтерінің сапасына жете көңіл бөлуге байланысты туындайтын мәселелерді шешу уақыт күттірмейді.

«Мемлекет тарапынан бала­ның дамуындағы кедергі­лер­ді ерте анықтау және түзету үшін қосымша жағдайлар жасалуда. Осы бағытта пси­хо­ло­­гиялық­-медициналық-пе­­дагоги­калық кеңестер, пси­хо­ло­гиялық-пе­дагогикалық түзету ка­би­нет­тері, оңалту орта­лық­тары санының артуына байланысты балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту жағы 40 па­йыздан асты. Оңалту мен лого­пе­диялық орталықтар желісін кеңейтудің ықпалы зор. Өткен жылы осы орталықтар тарапынан 30 мың балаға қызмет көрсетілсе, биыл бұл көрсеткіш 50 мыңнан асып отыр», деді Ә.Күдеринова.

Оның айтуынша, елімізде 457 арнайы білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның ішінде облыстар мен қалалар бойынша арнайы мектепке дейінгі ұйымдар саны – 45, ал арнайы мектеп ұйымдары – 99, пси­хо­ло­гиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінің саны 213 болса, 87 психологиялық-меди­циналық-педагогикалық ке­ңес пен 13 оңалту орталығы бар. Бұған дейін осы мекемелер медициналық модельмен жұмыс істеп келсе, ендігі кезекте педагогикалық мо­дельге көшетін болады. Яғни баланың диагнозын емес, ба­ла­ның оқу барысында қандай ерекшелігі бар, соны анықтай отырып, білім беру ұйымына нақты ұсыныс берілетін әдіс кеңінен қолданылады. Бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу инклюзивті білім беруді іске асыратын жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларда, жалпы білім беретін ұйымдар жанындағы арнайы топтар мен сыныптарда да жүзеге асып келеді.

Бүгінде елімізде арнайы бі­лім беруді қажет ететін мүм­кін­дігі шектеулі балалардың саны – 175 082. Балалардың жас ерекшелігіне қарай бөліп қарастырсақ, 3 жасқа дейін – 7 864, мектеп жасына дейін 3-6 жаста – 54 944, мектеп жас­ын­да­ғылар, яғни 6-16 жас­тағылар – 97 284, 16-18 жас ара­лы­ғындағы жасөспірімдер саны – 14 990. Республика көлемінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны 2020 жылмен са­лыс­тырғанда 13 256 балаға немесе 8,2 пайызға көбейген.

Аутизм спектрінің бұзылуы диагнозы бар балалар жас ерекшелігіне қарай: 18 жасқа дейінгі балалар саны 8 796-ны құрайды, бұл көрсеткіш ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың жалпы санының 5 пайызына тең (6 771 – 2020 ж.). Олардың қатарында 3 жасқа дейінгілер – 867, 3-6 жастағылар – 3 693, 7-10 жаста – 2 696, 11-15 жаста – 1 323, 217-сі – 16-18 жас­тағылар. Мектепке дейінгі балабақшалар мен орта білім беру ұйымдарында аутизм спек­трі­нің бұзылуы диагнозымен арнайы сыныптарға (топтар) – 701, оңалту орталығына – 466, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетіне – 2 675, лого­пед­тік пунктерге 258 бала қам­тыл­ған.

Елімізде инклюзивті білім беретін оқу орындарының (бала­бақ­ша, жалпы білім беретін мектеп, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері) саны – 1 227. Осы орайда жалпы білім беру ұйымдарына түзету-педагогикалық қолдауымен біріктірілгендер – 2 042 болса, үйде оқытуға қамтылғандар – 1 058, кәсіптік мектептер, колледждерде – 9, ал 1 219-ы басқа да білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, әлеуметтік қорғау, оның ішінде жеке және қоғамдық негізде болса, әртүрлі себептер бойынша тәрбиемен және оқытумен уақытша қамтыл­ма­ған балалардың саны – 519.

Республикада арнайы білім беру ұйымдарының қызметін жүйелеп, білім алуда ерекше қажеттіліктері бар, мүмкіндіктері шектеулі балаларды қолдаумен айналысып отырған Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту ұлттық ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қыз­мет­кері Алмагүл Сейсенова ор­т­алық тарапынан арнайы мектептер мен балабақшаларға оқу-әдістемелік қолдау көрсетіліп, мамандарға қажетті құралдарды дер кезінде үлестіріп отырудың маңызды екенін атап өтті. Осы орайда САТР орталығымен бірлесіп, қажетті құралдар рес­публика бойынша үлестіріліп келеді.

«Өкінішке қарай, елімізде ерекше қажеттілігі бар балалар­дың саны жыл сайын көбейіп келеді», деп қынжылысын біл­дір­ді А.Сейсенова. Маманның айтуынша, мұндай диагноздарды ерте кезеңде анықтау өте қиын. Ата-ана үшін баласының ерекше қажеттілікке мұқтаж бол­ғандығы ауыр соққы, тіптен ал­ғашында мойындамайтын жағдайлар да кездеседі. Ерек­ше қажеттілікке зәру балалар­ды тәрбиелеу, оқытудың маша­қа­ты өз алдына. Десек те бала бойындағы өзгерістерді дер кезінде анықтауға, нақты диаг­ноз­дың қойылуына мән беру басты мәселе. Ал ерте кезеңде анықтауға байланысты құрал-жабдықтар, әрі қарай емдеу, оңалту бағытындағы орталықтар жұ­мысы жолға қойылған. Диаг­ноз ерекшеліктеріне қарай балабақшалар да жұмыс істеп келеді. Осы орайда инклюзивті қоғам құру аясында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы білім беру мекемелерінде оқытуға аса мән беріліп отыр. Со­нымен қатар олардың әлеумет­те­нуінде кемсітушілікке жол бермеу бағытындағы ағарту, ақпараттандыру жұмыстары, бі­лік­ті мамандар даярлау мәсе­лесі жетілдірілуде.

Бүгінде Алматы қаласында ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған – 3, есту қабілеті нашар, мүлде естімейтін балаларға арналған – 2 және тірек-қимыл және көру қабілеті нашар бала­лар­ға арналған мектептер жұмыс істейді. Сонымен қатар әр ауданда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері бар. Ал мұн­дай орталықтардың нақты мекен-жайға жақын жерде орналасқаны маңызды.

Аталған жиын тақырыптық сессиялар бойынша жалғасын тауып, ел өңірлерінен жиналған мек­­тептер, балабақшалар, пси­хо­логиялық-медициналық ке­ңес­­тер, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің мамандары ерекше қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-пе­да­гогикалық қолдау мәсе­лесіне қатысты пікір алмасып, ұсыныстарымен бөлісті.

 

АЛМАТЫ