Қоғам • 24 Тамыз, 2022

Құрығы ұзын қымбатшылық: Әкімдер азық-түлік бағасын тұрақтандыра ала ма?

349 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, елдегі инфляция көрсеткіші өте жылдам өсуде. Қазір қала мен ауылдағы сауда орындарына бас сұқсаңыз, қымбатшылықтың құрығына ілікпеген тауардың жоққа тән екенін көресіз. Алаңдатарлығы, аймақтарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы да ырық бермей отыр.

Құрығы ұзын қымбатшылық: Әкімдер азық-түлік бағасын тұрақтандыра ала ма?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Ал бағаны ауыздықтауға барын са­лу­ға тырысқан Үкімет дәл осы тұты­ну нарығындағы ахуалды реттеуге қау­­қар­сыздық танытатын сияқты. Өйт­ке­ні жақында бірнеше облыстың әкімі өңірдегі әлеуметтік азық-түлік құнын реттемегені үшін Үкіметбасы Ә.Смайловтан ескерту алып үлгерді. Алайда  күн сайын құбылған құн нарығын қолдан реттеуге әкімдердің мүмкіндігі жете ме? Жалпы, әкімдер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу үшін тырысып-ақ жатыр. Бірақ бағаның құбылуы тұтынушылардың қалтасына ауыр тигені сияқты, қымбатшылық та бюджетке қомақты салмақ түсіріп отыр. Алайда бағаны реттеу, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын арзандатуға бағытталған әкімдердің жұмысында жаңашылдық жоқ болып тұр. Бұл жерде әкімдер тұрақтандыру қорындағы азық-түлік түрлеріне арқа сүйегеннен артық әрекетке бармай отырған сияқты. Одан қалса, жергілікті тауар өндіруші кәсіпкерлерді қолдау деген ұранмен қисапсыз қаржы жұмсау әдетке айналғаны жасырын емес. Нәти­жесінде, не дайын өнімінің бағасы арзан­даған жоқ, не қажетті тауар түрі көбеймеді. Осы екі жағдайда да бюджетке артық салмақ түсетіні даусыз. Мысалы, 2020 жылдан бері қарай Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 7,7 млрд теңге қаржы жұмсалды. Оның ішінде 1,1 млрд теңге тұрақтандыру қорларын азық-түлікпен толтыруға жұмсалса, 6,6 млрд теңге өндіріс саласындағы кәсіп­кер­­лерді жеңілдетілген несиемен және суб­­­­сидиямен қамтуға бағытталды. Алай­­­­да қолға алынған іс-шараларға қа­ра­­­мастан аймақтың қымбатшылық құ­ры­ғына алдымен іліккені анық. Қазір ресми статистика мен ел ішіндегі шынайы жағдайды салыстыруға келмейді. Өйткені нарықтағы баға сәт сайын өсіп келеді.

– Бағаның өсуіне қатысты бірдеңе айту қиын. Өйткені азық-түлік дүкен­деріндегі баға келесі барғаныңда көте­рі­ліп кетіп жатыр. Мысалы, шілде айында кәдімгі нанның бағасы 140 теңге болған, тамыз айының басында 145 теңгеге өсті, ал екі аптадан кейін тағы 5 теңге қосылып, 150 теңгеге дейін қымбаттады. Бұдан басқа шай, май, сұйық май, макарон өнімдері, жұмыртқа, тауық еті, сиыр, қой еті сияқты күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасына құн қосылып жатыр. Біздің ауылымыз Алматыдан қашық емес, тасымалдауға көп шығын кетпес, бірақ тауар құны тоқтаусыз өсіп барады. Қаладағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Бүгін барсам, базардағы сиыр етінің бағасы 3 мың теңгеге жетіпті, – дейді Іле ауданы, Қоянқұс ауылының тұрғыны Гүлжиян Нұрғалиева.

Бұл жерде жауапты мамандар ба­ғаның өсуіне негізінен азық-түлік тауар­ларының сырттан тасымалданатыны ықпал етіп отыр деген пікір айтады. Алайда ішкі өнеркәсіптегі та­уар өндіру жағы кеміген жоқ. Мысалы, ресми статистика облыста биылғы қаң­тар-шілде айлары аралығындағы бөлшек саудадағы тауар айналымының бұрынғымен салыстырғанда 9,6 пайызға артқанын айтады. Ақшаға шаққанда жерглікті өндіріс 229,3 млрд теңгенің өнімін өндіріп отыр. Және бөлшек сауда тауар айналымының барлық көлемі экономиканың жекеменшік сек­торында жүріп жатыр екен. Демек, қым­бат­шы­лыққа өнім өндіруші жеке сектор да жауапты деген сөз. Бұған ортадағы делдалдардың да үлесі бар екені даусыз. Яғни әкімдер өнім өндіруші мен аралық делдалдардың жұмысын реттей алмай отырғанын мойындау керек. Өкінішке қарай, бағаның бақылаусыз өсуі тұтынушылардың сатып алу қабілетін де төмендетіп отыр. Дерекке қарасақ, сауда-саттықпен айналысатын жеке кәсіпкерлердің тауар айналымы өткен жылдың алты айындағы көрсеткішпен салыстырғанда биыл 48,1 пайызға кеміпті.

– Азық-түлік бағасының өсуін тежеу бойынша қабылданған шаралар тиісті нәтиже бермеді. Сондықтан қазір нақты ұсыныстар әзірлеудеміз. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар тауарларды тұтыну және өндіру балансын есептеп, тауарлардың экспорты мен импортының сауда балансын талдадық. Бұл бізге «Қазақстанда жасалған» брендімен өнім өндірісін одан әрі ұлғайту үшін экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдауға жол ашады. Сондай-ақ облыс орталығына жақын аумақтағы Шеңгелді ауылының маңында көтерме-тарату орталығын салу жөніндегі жұмысты жандандырамыз. Бұл «Алтын Орда» базарына ұқсас, Алматы қаласының қарама-қарсы бөлігіндегі көтерме-бөлшек сауда нарығы болады. Мұнан бөлек, аймақтың агроөнеркәсіп кешені саласында 3 330 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін және жалпы құны 210 млрд теңге болатын 78 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалардың дені азық-түлік нарығына қажетті өнім өндіретін кәсіпорындар болмақ, – дейді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Жалпы, бұл жұмыстар облыстың стратегиялық даму жобасы аясында жүзеге асуға тиіс. Бес бағыттан тұратын даму құжаты екі кезеңді қамтиды. Яғни 2025 жылға дейін және 2030 жылға дейін жүзеге асатын іс-шаралар өңірдегі жағдайды оң бағытта өзгертуге тиіс. Болжам бойынша, облыста таяу уақытта инвестицияның өсімін 455 млрд теңгеден 686,5 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланған-мыс. Осы мақсатта құны 618 млрд теңге болатын әрі 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 132 жобадан тұратын инвестициялық портфель жасақталған. Ал облыс экономикасын дамытудың негізін қайта өңдеу секторы, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, логистика және туризм құрамақ. Қазірдің өзінде облыста 2 626 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін құны 290 млрд теңгелік 23 жоба іске асырылып жатыр.

Әрине, әкімнің сөзі көңілге медет. Дегенмен, аймақтағы бағаның құбылуы алаңдатарлық жағдайға жетті. Мысалға, шілдедегі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың оннан астамы күрт қымбаттап, нақты баға шекті өлшемнен 15 пайызға асып кеткен. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу мақсатында тұрақтандыру қорын толықтыруға және кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие беруге қосымша 2 млрд теңге бөлініпті. Оның ішінде 7 тауар өндірушімен және 4 сауда нысанымен бағаны тұрақтандыру жөнінде 11 келісімшарт жасалған көрінеді. Бірақ баға бәрібір тұрақтанбай отыр.

 

Алматы облысы