Кино • 25 Тамыз, 2022

Киноөндірістегі негізгі мәселелер талқыланды

394 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық киноөндірістің мәселесі қай уақытта да өзекті. Бәсекеге қабілетті һәм сұранысқа ие фильм түсіру бүгінгі қазақ киносының негізгі мақсаты болып отыр. Осы орайда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев кинорежиссерлермен кездесіп, «Қазақфильм» киностудиясын жаңғырту және кинематография саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын, сондай-ақ аталған саладағы бірқатар мәселені талқылады.

Киноөндірістегі негізгі мәселелер талқыланды

Кинематографистер одағы­ның басқарма төрағасы Ермек Тұрсынов жүргізген басқосуға Досхан Жолжақсынов, Тұңғыш­бай Жаманқұлов, Рашид Нұғ­манов, Қанат Төребай, тағы басқа кино мамандары қатысты.

Кездесудің басты сұрақтары­ның бірі – конкурстық іріктеуге қатысушыларға арналған қаржылық тұрақтылық талабы. Сала өкілдерінің айтуынша, бұл көптеген компаниялардың мемлекеттік қолдауға ие болуы­на кедергі келтіреді.

«Бұл талапты Қаржы ми­нистр­лігі берді. Қазіргі уақыт­та киноөндіріс өкілдерінің пайдасына мәселені қарастырып жатырмыз. Біздің тарапымыздан кино мен жалпы осы саланы дамыту үшін барлық күш-жігер жұмсалады», деді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, биыл конкурс­тық іріктеу қорытындысы бо­йынша 62 киножоба мемлекеттің қаржыландыруына ие болды. Бұл ретте сараптамалық кеңестің құрамы 80%-ға жаңартылды. Кон­курсты өткізудің ашық­ты­ғын қамтамасыз ету үшін қор­ғау­дың барлық процесі онлайн-трансляция арқылы жүргізілді.

«Егер 2020 жылы мемлекет 39 жобаны қолдаса, биыл екі есе көп – 62 картина қаржы­лан­дырылды. Питчинг нәти­же­леріне сай іріктеуден өткен­дер­дің көпшілігі – жас режиссерлер. Олар кино әлеміне алғаш қадам жасағандар. Біз жас мамандардың жарқырап танылуларына мүмкіндік беруіміз керек», деді министр.

Сонымен қатар қатысу­шылар анимациялық фильмдер өндірісі туралы да сөз қозғады. Атап айт­қанда, киностудия өкіл­дері интер­нет-кеңістікте қазақ мульт­фильмдерінің жоғары таны­­малдылығын атап өтті.

«Мен осыған дейін де бала­ларға сапалы және көруге ла­йық­ты анимациялық фильмдер қажет екенін айттым. Биыл «Қазақфильм» кино­студиясының базасында «Қазақанимация» шығарма­шылық бірлестігі құ­рылады. Жыл соңына дейін кемінде он пилоттық анима­циялық жобаны ұсыну жоспарланып отыр. Мемлекет ани­мация саласындағы креативті идеялар мен жобаларды қолдауға дайын. Бұл жұмыс өз жемісін беретініне және бәсекеге қабілетті отандық өнім алатынымызға сенімдімін», деп атап өтті министр.

Сондай-ақ кино сала­сын­­­дағы қолданыстағы заң­на­­ма­ны өзгерту мәселесі көтеріл­ді. Дәурен Абаевтың ай­туын­ша, Мәдениет және спорт министр­­лігі кәсіби маман­дар мен тәжірибелі сарапшы­лар қауымдастығымен бірле­сіп, заңнамалық базаға түзету­лер мен ұсыныстар енгізу бағы­тында жұмыс істеуге дайын.