Қазақстан • 25 Тамыз, 2022

Қауіпке қарсы тұру – ортақ міндет

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ташкентте өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кезекті отырысында қорғаныс ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Қауіпке қарсы тұру – ортақ міндет

Қазақстан әскери делегациясын Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов басқарып барды.

Қорғаныс ведомство­ларының басшылары Қару­лы күштер арасындағы ын­тымақтастықты одан әрі да­мытуға ниет білдіре отырып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты және сенімді орнықты дамытуды қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақ­тас­тықты кеңейтуге уағдаласты. 

Кеңеске қатысушылар Ауғанстандағы тұрақсыз жағ­дай ерекше алаңдаушылық тудырып отырғанын да атап өтті.

Қазақстан Қорғаныс министрі ШЫҰ Хартиясына негізделген және ұзақ мерзімді тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартты және басқа да құжаттарды сөз ете келе, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың оң сипаты бейбітшілік пен тұрақтылық­ты сақтауға, сондай-ақ ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік сала­сындағы  өзекті ортақ проблемаларды шешу жолдарын іздеуге ықпал ететінін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесі аясында өзбекстандық әріптесі генерал-лейтенант Баходир Құрбанов және Үндістан қорғаныс министрі Раджнатх Сингхпен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстанның әскери саладағы екіжақты ынтымақтастығының қазіргі жай-күйінің аспектілері тал­қыланды. Кадр даярлау, бірлескен жауынгерлік даярлық іс-шараларын өткізу, әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері төңірегінде әң­гімелесті. Министрлер Ор­талық Азия өңіріндегі сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қатысты пікір алмасты.

Ал Раджнатх Сингхпен екіжақ­ты кездесуде тараптар әскери-техникалық ынтымақ­тастық, бітімгершілік қызмет, кадрлар даярлау және әскери білім беру мәселелерін тал­қылады.

Қорғаныс ведомство­лары­ның басшылары екі жақты негізде де, халықаралық форматтар шеңберінде де екі ел арасындағы өзара қарым-қатынас деңгейін жоғары бағалап, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.