10 Мамыр, 2014

Зердеге достық дәнін себетін кафедра

214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
М.Дулатов атындағы Қостанай инже­нерлік-экономикалық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы ашылды. Оның тұсаукесеріне Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков, оның сенатор әріптестері Хусаин Валиев пен Жеңіс Нұрғалиев қатысты. Кафедраның ашылу салтанатында мазмұнды сөз сөйлеген А.Башмаков ұлт­тар мен ұлыстардың татулығын, бір­лігін сақтау бүгінде әлемдік сипат алып отырған өзекті мәселе екендігіне тоқталды. Оның мысалына Украинадағы жағдайды келтірді. – Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан На­зарбаев мемлекет Тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап, еліміздегі түрлі ұлттар өкілдерінің бірлігін ең бірінші мәселе етіп қойды. Бірлігі бар ел озады. Қазір әлемдегі экономикалық, қаржылық, экологиялық дағдарыстардың барлығы да халықтар татулығы орын алғанда ғана дұрыс шешімін табады. Сол үшін біздің өз дәстүріміз, тіліміз түп-тамырынан ажырамағанда ғана ұлттар татулығы мүмкін болады. Ол үшін Елбасымыз бар­лық жағдайды жасап отыр,– деді Анатолий Афанасьевич. Университет ректоры Сәбит Есмұратов жұртшылыққа кафедраның ашылу мақсаты мемлекеттік этносаясат міндеттерін іске асыру, жастарды толеранттылық және этносаралық келісім рухында тәрбиелеу екенін айтып өтті. Қазақстандағы жоғары оқу орындарында ашылған бұл үшінші кафедра болып саналады. Оның меңгерушілігіне облыста мемлекеттік және шаруашылық қызметтер атқарған, өмірлік тәжірибесі мол азамат Мирас Нұрғалиев бекітілді. М.Дулатов атындағы Қостанай инже­нерлік-экономикалық университетінде ашылған кафедра облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі әдістемелік орталығы болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.
Соңғы жаңалықтар