Қоғам • 25 Тамыз, 2022

Қазақстандықтар қандай көліктерді жиі сатып алады?

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

LMC Automotive шілде айында жариялаған деректеріне қарағанда, әлем бойынша жаңа жеңіл автомобильдер мен жеңіл коммерциялық техниканы сату 6,9 млн бірлікті құрады. Бұл 2021 жылғы шілдемен салыстырғанда 5,8%-ға артық, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандықтар қандай көліктерді жиі сатып алады?

Energyprom зерттеуіне сәйкес, 2022 жылғы шілдеде Қазақстанда 11,6 мың жеңіл автомобиль және жеңіл коммерциялық техника сатылды. Бұл өткен жылғы шілдемен салыстырғанда 9,1%-ға артық. Сатудың өсуі отандық автомобиль зауыттарын қазақстандық тұтынушылардың қажеттіліктері үшін жедел қайта құру және ресейлік машиналардың тапшылығы жағдайында ішкі нарықты қанықтыру арқылы қамтамасыз етілді. 

Қазақстанда сатылған жаңа автомобильдер саны бойынша 2022 жылғы шілдеде Chevrolet маркасы көшбасшы болды. 4 мың қазақстандық аталған марканың автокөлігін сатып алған. Бұл 2021 жылғы шілдемен салыстырғанда 29,4%-ға артық. Сондай-ақ Hyundai маркалы 2,6 мың автокөлік сатылды, мұндағы өсім 29,6%-ды құрайды. Kia маркалы 1,4 мың көлік көшбасшыларының үштігін 11%-дық өсіммен тұйықтады. Топ 5-ке Toyota және Lada да енді.

Шілде айында қазақстандықтар арасында танымал жаңа автокөліктердің топ 10 құрамына Hyundai маркасының бірден 5 моделі кірді. Олар: Tucson (810 бірлік), Sonata (433 бірлік), Santa Fe (414 бірлік), Creta (391 бірлік) және Elantra (373 бірлік). Бұдан басқа, топ құрамында Chevrolet Cobalt (2796 бірлік) және Nexia (957 бірлік), сондай-ақ Kia Sportage (917 бірлік), Toyota LC Prado (491 бірлік) және Lada Granta (276 бірлік) моделі болды.