Қазақстан мен Италия өңірлерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстанның Италиядағы елшісі Андриан Елемесов Кампания өңірінде болып қайтты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Кездесулерде Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудің дайындық кезеңіне ерекше назар аударылды. Қазақстан елшісі Кампания кәсіпкерлер қоғамын жоспарланған маңызды халықаралық шараға белсенді қатысуға шақырды. Келіссөздер барысында Астанадағы ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін көпшілікке тарату мақсатымен Жер шарын аралап жүрген қазақстандық атақты жиһанкез Сапар Ысқақовтың Наполиге сапарын ұйымдастыру шаралары талқыланды.
Елшілік делегациясының сапар бағдарламасының негізі Наполидегі конференция барысында БҰҰ қолдауымен әзірленген Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар жобасын талқылау болып табылды. Шамамен 50-ге жуық шақырылған қонақтардың қатысуымен өткен іс-шара Наполидің Сауда-өнеркәсіп палатасы (СӨП) және «Еуроспортелло» инвестициялық агенттігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Сапар барысында Салерно СӨП пен халықаралық «Интертрэйд» компаниясының қолдауымен «Қазақстан: экономикалық дамудың жаңа көзі» атты өңірлік бизнес-форум өтті. Іс-шараға қаланың негізгі салаларында жұмыс істейтін өнеркәсіптердің басшылары қатысты. Шара нәтижесінде Салерно кәсіпкерлері қазақстандық әріптестермен ынтымақтастықты дамыту және бірлескен өнеркәсіптер ашу мақсатында Қазақстанның өңірлеріне сапар шегуге қызығушылықтарын танытты.
Сонымен қатар, А.Елемесов сапары барысында Салерно қаласының портына барды. Порт президенті Андреа Аннунциатомен келіссөздер кезінде екіжақты қатынастардың өзекті мәселелері талқыланды. Елші италиялық серіктестерді Ақтау теңіз портының әкімшілігімен көпжақты қатынастарды дамытуға шақырды. Айта кететін жайт, Салерно Жерорта теңізінің коммерциялық паромды тасымалы белсенді дамып келе жатқан портының бірі болып табылады.