АСТАНА. 10 мамыр. Бүгін еліміздің 6 қаласында футболдан премьер-лига чемпионаты 11-турының ойындары ойналды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Турдағы ең соңғы ойын Ақтөбеде жергілікті команда мен Павлодардың «Ертісі» арасында ойналды. Және бұл ең маңыздысы болды. Себебі, онсыз да топ басында келе жатқан ақтөбеліктер сол қалпын сақтап қоя салмай, өзінен кейінгі «Астанадан» ұпай алшақтығын асыра түсуі ықтимал еді. Осыған орай алаң иелері де ойынға барын салды. Бірақ олар қанша ұмтылғандарымен, бірінші таймда есеп аша алмады. Ал екінші таймда жолдары жүріп берді. Алдымен Маркус Пизеллидің пасынан соң Марат Хайруллин 69-минутта салды. Мұның артынша (77) бразилиялық футболшының өзі есепті ұлғайтты. Соңғы нүктені 83-минутта Александр Гейнрих пенальтиден қойды.
Бір айта кететін жайт, қонақтар есептің осылай аяқталғанына қарамастан, тым нашар ойнаған да жоқ. Павлодарлық футболшылар биыл бас жаттықтырушы болып келген Тармо Рюютли командадан қуылып кеткеннен кейін серпіліп ойнай бастады.
Семейде «Спартак» Алматының «Қайратын» қабылдап, 2:5 есебімен ұтылып қалды. Матчтағы бірінші гол 17-минутта соғылды. Оны Момоду Сисей пенальтиден түсірді. Бірақ 4 минуттан кейін Неманья Чович шалқалап жатып ұрып, есепті теңестірді. Дегенмен, бұл есеп те ұзақ тұрмады. Тағы да 4 минут өткенде, меймандар алға шықты. Оны Жарко Маркович өз есебіне жазды.
Командалар екінші таймда 4 гол соқты. Ойын басталысымен 4 минут өте бергенде, Йосип Кнежевич таблодағы 3:1-ге жеткізді. Тағы 5 минутта Аслан Дарабаев басымдықты асыра түсті. Ал 60-минутта Неманья Йованович бір доптың қарымтасын қайтарды. Ең соңынан (69) Сисей дубль жасады.
Келесі бір ірі есеп Қарағандыда «Шахтер» мен Қостанайдың «Тобылы» арасындағы кездесуде көрініс берді. Кеншілер 4:1 етіп жеңді. Алғашқы екі голды Ұлан Қонысбаев 22 және 44-минуттарда салды. Бұдан соң Михрет Топчагич пен 73 және 83-минуттарда Андрей Финонченко есепті еселей түсті. Осылардың арасында (82) Рауль Джалилов бір доптың қарымтасын қайтарды.
Турда сырт алаңдағы жалғыз жеңіске Қызылорданың «Қайсары» жетті. Есеп – 2:1. Бас жаттықтырушы Дмитрий Огайдың шәкірттері алғашқы голды 11-минутта бұрыштамадан соқты. Оны Римо Хунт басымен ұрып түсірді. Ал алаң иелері тек 52-минутта ғана есепті теңестіре алды (Рауан Сариев). Осымен ойын тең аяқталатындай болып келе жатқан. Сол кезде қонақтар сапынан Сергей Струков (80) маусымдағы өзінің төртінші голын соғып, командасына жеңіс алып берді.
Тап осындай есеп Таразда да орын алды. Онда жергілікті «Тараз» өзінің «мәңгі қарсыласы» - Шымкенттің «Ордабасы» командасын тізе бүктірді. Алаң иелері екі голды да үзіліске дейін түсірді (9, 44). Оларға Алексей Щеткин мен Илья Воротников авторлар атанды. Ал меймандардың жалғыз голы ойынға қосылған 4 минуттың ішінде соғылды (Азат Нұрғалиев).
Еліміздің ең батыс шебіндегі Атырау қаласында да маңызды матч ойналды. Онда топ басына таласып келе жатқан «Астана» жергілікті командамен кездесіп, 0:1 есебімен ұтылып қалды. Ойын тағдырын шешкен жалғыз допты Милош Трифунович 29-минутта пенальтиден салды.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: sports.kz.