Спорт • 25 Тамыз, 2022

Олқы тұстарымыз аз емес

204 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Болгарияның бас шаһары – Софияда өткен жастар арасындағы әлем бірін­­ші­лігі аяқталған соң даңқты балуа­н, білікті бапкер, Қазақстан және Азия күрес федерацияларының пре­зи­­денті, Біріккен күрес әлемінің (UWW) бюро мүшесі Дәулет Тұрлы­ханов Ал­матыдағы «Достық» спорт кеше­нінде БАҚ өкілдерінің басын қосып, күні кеше ғана өткен жарыс­ты қорытындылады. Сонымен қатар ол жыл басынан бері атқарылған жұ­мыс­­тары жайында баяндай келе, осы салада қордаланып қалған кейбір мәсе­лелерге де кеңінен тоқталды.

Олқы тұстарымыз аз емес

Суретті түсірген Юрий БЕККЕР

Жер-жаһанның жалынды жас­тарының басын қосқан жа­рыста Қазақстан құрамасы жеті жүлде алғаны жайында біз бұған дейін де хабарлағанбыз. Тарқатып айтсақ, еркін күрестен өткен додада Мерей Базарбаев (57 кило) қола медаль иеленді. Әйелдер күресі сайысында Алтын Шағаева (53 кило) мен Анастасия Панасович (72 кило) күміспен күптелсе, Мәдина Аман (59 кило) қолаға қол созды. Грек-рим күресі шеберлерінің бәсе­ке­сінде Юсуф Мациев (97 кило) екін­ші орын алса, Мақсат Сай­лау (87 кило) мен Дінмұхамед Қош­қар (67 кило) үшінші сатыға табан тіреді.

– Болгария жарысты өте жо­ғары деңгейде ұйымдастырды. Елі­міздің жастар құрамасы да жақ­сы өнер көрсетті. Бірақ біз алтын алуды көздеген едік. Өкі­нішке қарай, бұл жолы балуан­дарымызға бас жүлде бұйыр­ма­ды. Алдағы уақытта жат­тық­ты­рушылармен бірлесе оты­рып, осы олқылықтардың орнын толтыру үшін барынша күш са­ла­мыз. Жалпы алғанда, жас­тар­дың жеңіске деген ерекше құл­шы­ныстары көңілімнен шықты. Енді осы жарыста жүлде алған жігіттерді ұлттық құрама сапына қабылдаймыз. Сөз орайы келгенде, олқы соғып тұрған тұстарымызға тоқ­тала кеткім келеді. Шыны ке­рек, Олимпия мен Азия ойындары және басқа да байрақты бәсекелерде олжаға кенелеміз деп жүріп біздер жастарға тиісті көңіл бөлмеген екенбіз. Резерв мәселесін назарымыздан тыс қалдырыппыз. Бапкерлердің де жағдайы мәз емес. Олар жарысқа немесе жаттығу жиы­нына бару үшін әркімнің алдында алақан жаюға мәжбүр. Барлығы да қаражат мәселесіне келіп тіре­леді. Спортшының шеберлік дең­гейі өсу үшін оқу-жаттығу жиы­ны толыққанды өтуі керек. Әр салмақта кемінде бес-алты балуан бір-бірімен күш сынасуға тиіс. Ал бізде барлық облыс жиындарға толық құрамда қатыса алмайды. Жарыстардың жағдайы да солай. Мәселен, таяуда Түркияда аяқталған Ислам ынтымақтастығы ойындарында грек-рим күресінен бәсекелер 10 салмақ дәрежесі бойынша өтсе, біздің елден төрт балуан ғана қатысты. Бұл дұрыс емес. Бұқаралық пен бәсекелестік болған жерде ғана нәтиже болатынын қаперден шығармаған жөн. Қазіргі кезде барлық облыс орталықтарында заман талабына сай спорт ғимараттары салынып, Олимпиадалық даяр­лау орталықтары мен спорт­тағы дарынды балаларға ар­налған мамандандырылған мектеп-ин­тер­­наттар жұмыс істеп жатыр. Ол жерлерде қолайлы жағ­да­й­дың барлығы жасалған. Соған қара­мастан, бәрі бірдей жақ­сы нә­тиже көрсете алмай жүр. Осы­ған байланысты мен Қазақ­стан Республикасы Премьер-Минис­трінің орынбасары Ералы Тоғ­жанов пен Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевпен кезде­суді көздеп отырмын. Спорт комитеті мен өңірлерде осы салаға бөлінетін қаражаттың қалай жұм­салып жатқаны жайында мәселе көтергім келеді. Соған арнайы ревизия жасауды сұраймын. Барлық жағдайды тексеріп, ақ-қарасын анық­тап алуға тиіспіз, – дейді Дәулет Болатұлы.

Сонымен қатар Дәулет Тұрлы­ханов биыл өздері өткізген және қазақстандық балуандар қатысқан жарыстар жайында толық есеп берді. Жасөспірімдер мен жас­тар буыны арасындағы ең ірі ел­ішілік додалар мен құрлық және әлем біріншіліктері өз мәресіне жетті. Енді жерлестеріміз 10-18 қыркүйек аралығында Сербияның астанасы – Белградта жалауы желбірейтін әлем чемпионатына қатысуды көздеп отыр. Сол жарыста Қазақстанның балуандары табысты өнер көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көте­ріледі деп үміттенеміз.