Медицина • 25 Тамыз, 2022

Сақтандырудағы сан сауал сапалы ем алуға кепіл болса игі

197 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Ел мен жұрттың есендігін ескеріп, саулығына сақ қарайды дейтін салмақты саланың жетістігі де, жетіспеушілігі де бар. Соның бірін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айшықтап айтты. Бұл – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі.

Сақтандырудағы сан сауал сапалы ем алуға кепіл болса игі

«Жалпы, денсаулық сақтау саласы туралы айтар болсақ, мұнда түйткілді мәселелер көп. Қазақстанда созылмалы ауру сал­дарынан қайтыс болу көр­сет­кіші өте жоғары. Әсіресе Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда біздегі ахуал өте нашар. Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, қордаланған мәсе­лелер шешімін таппай отыр. Мін­детті әлеуметтік медици­на­лық сақтандыру жүйесі тиім­ді бол­мады, нақты нәтиже жоқ.

3 млн-ға жуық адам медициналық сақ­тандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтан­дыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент 3 млн-ға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалды деген болатын. Олар кімдер? Кәсіпкерлер ме, мемлекеттік қызметшілер ме? Жас ерекшеліктері қандай? Аталған сұрақтарды МӘМС қорының өкілдеріне жолдаған болатынбыз.

«Жұртшылықты сақтандыру мәрте­бесімен қамтамасыз ету – МӘМС жүйе­сіндегі негізгі бағыттардың бірі. 2022 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойын­ша МӘМС жүйесіне қатысушылар саны 16 млн-нан астам адамды құрай­ды (бұл ел халқының жал­пы санының 83,6 %-ы). Ал 3,1 млн-нан астам азамат елі­міз­­де сақтандырылмаған. Олар­дың ішін­де 3 млн адам – ең­бек­к­е қабілет­ті, яғни ресми түрде жұмыс істемейтін, өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған немесе жұ­мыссыз тұлғалар. Олар үшін жұмыс беруші медициналық сақтандыруға ауда­рым жасамай­ды да, жұмыскерлердің сақ­тандыру мәртебелері болмай­ды. Saqtandyrý ақпараттық жү­йе­сінде соңғы 12 ай ішіндегі дерек­тер­ді талдау кезінде МӘМС жү­йесіне қатысушының ал­дың­ғы мәртебесі тұрғысынан сақ­­тан­­дырылмағандардың 69%-ы мүл­де жарна төлемегені анық­тал­ды. Азаматтардың тағы 16%-ы – өз қызметін азаматтық-құ­­қық­тық сипаттағы шарт бойын­­ша ат­қаратын тұлғалар. Қазір жарналарды төлеуді тоқтат­қан бұрынғы жалдамалы жұмыс­шылар 7%-ды құрайды. Дер­бес төлеушілердің үлесі – 4%», деп жауап берді қордың мамандары.

Қазір жарна төлемейтін және сақ­тандыру мәртебесін жоғалтқан жеке кәсіпкерлер мен бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеушілердің саны 3 %-ды құрайды. Бұл негізінен 38-40 жастағы адамдар. Олар бейресми жұмыс істейді және жарналарды төлемейді. Сондай-ақ жұ­мыспен қамту орталығына барып ресми тіркеле алатын жұмыссыздар да бар. Бұл жағдайда осы азаматтар жеңілдік санатына кіріп, олар үшін төлемдерді мемлекет жасайды. Түптеп келгенде мұның бәрі әлеуметтік-экономикалық мәселелер. Сондықтан қор бұл бағыт­та Денсаулық сақтау министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірле­сіп жұмыс істеуде. Себебі бұл өзге мем­ле­кеттік органдармен және мекемелер­мен бірлесіп шешуді қажет ететін мәселе», деп жауап берді қордың мамандары.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Ләззат Сейт­қазықызы денсаулық сақтау саласында тұрақты қаражат ағынын қамтамасыз ету және қолданыстағы бюджеттік басым­дықтарды оның пайдасына асыру бо­йынша өткір мәселелер барын тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында атап айтқан Міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандыру жүйесі­нің проблемалары денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жүйесін түбегейлі өзгертуді талап етеді. Қаржыландыру көздерін кеңейтуге ұмтылу – денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесін өзгер­ту бағыты ретінде сақтандыру медицинасын таңдаудың негізгі факторы. Қазақстанда мемлекеттік медицина­лық және стационарлық көмекке ақы төлеу жан басына шаққандағы және клиникалық-статистикалық топтар әді­сі бойынша ақы төлеу жүйесі бойын­ша іске асады. Денсаулық сақтау саласында тұрақты қаражат ағынын қам­та­масыз ету және қолданыстағы бюд­­жеттік басымдықтарды оның пай­да­сына асыру бойынша өткір мәсе­лелер бар. Қарастырылып отырған мәсе­лелер аясында жұмыс берушілер үшін де, қызметкерлер үшін де сақ­тандыру жарналары енгізілді, жарна мөл­шерлемелерінің шкаласы белгілен­ді, ол 2022 жылы жұмыс берушілер үшін еңбекақы қорының 3 %-ына және қыз­меткерлер үшін 2 %-ға дейін өсті. Жұмыс істемейтін халықты міндетті ме­ди­­циналық сақтандыру бойынша өңір­­­лік жарналардың мөлшерлемелері де белгіленді. Жұмыспен қамтылған халық табысының тиісті пайызын ден­саулық сақтау саласына төлейді», деді экономика ғылымдарының докторы Л.Сейтқазықызы.

Сонымен қатар ол Стратегиялық жос­­парлау және реформалар агенттігі­нің Ұлттық статистика бюросының мә­ліметі бойынша COVID-19 панде­мия­сының салдары мен инфляция қазақ­стандықтардың дәрі-дәрмекке, меди­ци­­налық мақсаттағы бұйымдар мен тех­­никаға жұмсаған шығыстарына әсер етіп, 63%-ға өскенін атап өтті.

«2020 жылы отбасы орта есеппен дәрі-дәрмекке, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен құрал-жабдыққа 47,1 мың теңге жұмсады. Тұрғындардың денсаулық сақтау шығындарының жо­ғары болуына байланысты, ең көп қаражатты Алматы қаласында (71,7 мың теңге), ең азы Қызылорда облысында (29,8 мың теңге) жұмсаған. Мәселен, 2018 жылы денсаулық сақтауға жұмсал­ған қаржы құрылымында қазақстандық­­тар ең көп қаражатты (60,7%) дәрі-дәр­мек­ке жұмсаған. Жан басына шаққан­дағы дәрі-дәрмекке жеке шығындар 19 356 мың теңгені, мемлекеттік шы­ғыстар 5 213 мың теңгені құрады. Дәрі-дәрмекке жұмсалған жалпы шығын 24 569 мың теңгені (70 доллар) құрады. ЭЫДҰ елдерінде әр отбасының дәрі-дәрмекке жұмсаған шығындары 2018 жылы денсаулық сақтау шығындарының жал­пы көлемінің 38,1%-ын құрады, ал жан басына шаққандағы дәрі-дәр­мекке жұмсалған шығын 376,7 долларды құрады. Біріншіден, Қазақстан халқының өзіне тән белгілері – мемлекетке деген «патерналистік» көзқарасы, биліктен пайда, көмек күтуі, сондай-ақ бастамашылдықтың төмендігі деп болжауға болады. Халық санының 50,6 %-ы ауыл тұрғындары болатын елі­мізде мұндай жағдай билікке деген се­нім­ге нұқсан келтіруі және одан әрі экономикалық реформалар жүргізу үшін бірқатар күрделі мәселе туғызуы мүмкін. Халықтың ең кедей топтары үшін «апатты» денсаулық сақтау шығындарының қаупін азайту керек. Ешбір отбасы ауырып қалса, материалдық жағынан қи­налмауы керек. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп көшіп жатқан еңбек мигранттарына медициналық-санитарлық қызмет көрсету мәселесі өткір болып тұр. Сақ­тан­дыру жарналары жалақысы төмен еңбек мигранттарының өздері үшін де, олардың жұмыс берушілері – арзан мигранттардың жұмыс күшін пайдаланатын және сақтандыру пакетте­рін сатып алуға жеткілікті қаржылық ресурстары жоқ шағын және орта кәсіпорындар үшін де тым жоғары. Осылайша, медициналық сақтандыру тұрғысынан еңбек мигранттары ха­лықтың ең проблемалы бөлігі болып табылады», деді маман.

Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры мамандары 2022 жылғы қаңтар-маусым аралығында МӘМС үшін төленген аударымдар мен жарналар сомасы 485,9 млрд теңге еке­нін жеткізді. Оның ішінде жеңілдікке ие 15 санат үшін төленген мемлекет жар­насы 180,5 млрд теңгені құрады. Осы аралықта жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін шамамен 172 млрд теңге аударым жасаған. Сондай-ақ қыз­меткерлерден, жеке кәсіпкерлерден, аза­маттық-құқықтық сипаттағы шарт бо­йынша жұмыс істейтіндер және дербес төлеушілерден 133 млрд теңге жарна түскен. МӘМС үшін жарналар мен аударымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өзіне емес, Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі. Ол жерден қаражат МӘМС пакеті бойынша көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеуге медициналық ұйымдарға жіберіледі.

«Медициналық қызметтерді қар­жы­ландырудың қолданыстағы жүйесі меди­циналық көмектің сапасы мен қол­­жетімділігін арттыруға және меди­циналық көмекті қаржыландыруды ұлғайтуға мүмкіндік берді. Мысалы, 2019 жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мөлшері 1,039 трлн тең­гені құрады. 2021 жылы қор меди­циналық ұйымдармен 2 трлн теңгеге, оның ішінде МӘМС бойынша шамамен 700 млрд теңгеге шарт жасады. Медициналық көмекті қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 94%-ға өсті. Осыған орай 2019 жылмен салыстырғанда ке­лесі бағыттар бойынша медициналық қыз­меттердің қолжетімділігі артты. Олар, консультациялық-диагностикалық қызметтер – 5 есе өсті, медициналық оңал­ту бойынша тәуліктік стационар жағдайында емделген жағдайлардың өсімі 33%-ды құрады, жоғары техно­логиялық медициналық көмек 2 есе артты, репродуктивті денсаулығында проблемалары бар отбасылар үшін экстракорпоралдық ұрықтандыруды (ЭКҰ) жүргізуге көрсетілетін қыз­мет­тер 7,7 есе өсті, пациенттерді амбула­то­риялық деңгейде дәрілік заттармен қам­тамасыз ету 54,1%-ға артты. МӘМС жү­йе­сінің қағидаттарының бірі – әлеу­меттік бағдарлану. Яғни МӘМС жи­нақтаушы жүйе болып табылмайды, сондықтан жүйеге қатысушылар жарналардың мөлшеріне қарамастан медициналық көмекті қажетті көлем­де ала алады. Айта кетерлігі, МӘМС үшін ай сайын 3 мыңнан 12 мыңға де­йін­гі аралықта төлем жасайтын аза­мат­тар еміне қажетті көлемде, яғни жүз­­деген мың, тіпті миллиондаған тең­геге ем ала алады. Сондай-ақ бұрын сақ­тандырылмаған азаматтар жарна төлеп, сақтандыру мәртебесіне ие болады. Олар бұның экономикалық тұрғыда тиімді екенін түсінеді», деді МӘМС қорының өкілдері.

Ал «Ұлттық медицина орталығы» АҚ дәрігері Ғабит Нұрханұлы МӘМС жүйесі жүйелі жұмыс істеу үшін ақша жи­наумен шектелмеуі керек деген пікірде.

«Қор ашылғандағы мақсат – меди­ци­­налық мекемелердің жағдайын жақ­сартып, сапасын арттыру еді. Бірақ қор ақша жинаумен ғана шек­теледі. Сапа үшін жауап бере алмай­ды. Емханалар сол күйінде. Жаңа меди­циналық мекемелер пайда болған жоқ. Үлкен қалаларда халықтың саны көп, емхана саны аз. Жалпы айтқанда, сол баяғы 2016-ның деңгейінде қалды. Сақтандырылған адам медицинаға өз қалтасынан ақша төлемеуі керек», деді Ғ.Нұрханұлы.

Сонымен қатар ол азаматтардың саулығына жауапты саладағы жемқор­лықты жоймай, елдің сенімі артпайтынын алға тартты.

«МӘМС-тің тиімді тұсы қандай десеңіз, қазір нарық заманы болған­дықтан барлық нәрсеге төленеді, бәрі сатылады, бәрі сатып алынады. Сақ­тандыру жүйесі де тек азық-түлік сатып алынбайды, денсаулықты да сатып алуға болады дегенді түсіндіру үшін жасалған. Мұндай жүйе әлемнің барлық елінде бар деп айтуға болады. Ол жақта сақтандыру жүйесі енгізілген емханалардың сұранысы да жоғары. Себебі адамдар өздері төлеген ақысына қарай сапалы қызметті жоғары деңгейде ала алады. Сақтандыру қорына үнемі ақша түсіп отырғандықтан мемлекет денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөледі. Елімізде денсаулық сақтау саласына бөлінетін сома жалпы ұлттық табыстан 2,4 пайыз болса керек. Дамыған мемлекеттерде 10 пайыздан кемі жоқ. Егер бұл жүйені жүйелі жүргізсе ауруха­налар салып, денсаулық сақтау сала­сына орасан зор үлес қосуға болатын еді. Ол үшін ең бірінші халыққа түсін­діру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізу керек. Алдымен қызметтерін ұсы­нып, сапалы түрде көрсетсе, азаматтар өз денсаулығынан қаржы аямай­ды. Денсаулық сақтау саласындағы осын­дай олқылықтардың кесірінен қаншама ­ақша шетелге кетіп жатыр. Қаншама отан­­дас отандық медицинадан гөрі шетелде емделуге асығады. Сол себепті салмақты саладағы жемқорлықты жою керек. Өйткені басталғанына 6 жыл болған сақтандыру жүйесінің басшылары да жемқорлықпен ұсталды», деді маман.

Ал Әлеуметтік медициналық сақ­­тан­дыру қорының қызметкерлері Пре­зи­денттің ескертуі негізінде қор тара­пынан бірқатар шаруа қолға алынатынын айтты.

«Мемлекет басшысының тапсыр­масын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық сақтан­ды­ру қорымен бірлесіп халықты МӘМС жүйе­сіне тарту бойынша қосымша шаралар қабылдайды. Десе де бұл жерде, ең алдымен, халықты ел экономикасына тарту мәселелері де бар екенін ұмытпа­ған жөн. 2022 жылдың 4 шілдесінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сақтандыру мәртебесін алу үшін тек өткен 12 ай үшін емес, алдағы 12 айға да төлем жасауға болады. Яғни МӘМС-ке жарналар тө­лемеген адамдар сол өзгерістер бойын­ша МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекті алу үшін келесі тәсілдердің біреуін таңдап, жарналар төлей алады. Біріншіден, Республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жы­­лына белгіленген жалақының ең тө­мен мөлшерінің 5 пайызы көлемінде төлем жасаған күнінен кейінгі он екі ай кезең үшін, әрбір ай үшін (2022 жылы – 3 мың теңгеден), екіншіден, Республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жылына белгілен­ген жалақының ең төмен мөлшерінің 5 па­­йызы көлемінде төленбеген кезең үшін төлей алады. Бірақ әрбір ай үшін төлем күнінің алдындағы он екі айдан асырмау керек (2022 жылы – 3 мың теңгеден, 2021 жылы – 2 125 теңгеден). Осы өзгерістер халықты медициналық сақтандыру жүйесіне тартуға ықпал етеді және объективті себептер бойынша өтіп кеткен кезеңдер үшін жарналарды төлей алмағандарға сақтандырылу мәртебесін ыңғайлы және пайдалы тәсілмен алуға мүмкіндік береді. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, яғни түзетулер қыркүйек айының басында күшіне енеді», деп атап өтті қор мамандары.

Сайып келгенде осының барлығы медициналық әлеуетімізді арттыруға бағытталған басты қадамдар. Халық соның жүйелі жүргізілгенін ғана талап етеді. Қалтасынан қиып берген қаржысына қанағаттанарлық қызмет алуды қалайды.