Қоғам • 26 Тамыз, 2022

Бақпасаң бала кетеді...

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бақпасаң бала кетеді...» деген бұрынғының сөзінің мәні жойылған жоқ. Яғни тәрбие мен білімнің нәрін қанып ішпеген өскелең ұрпақтың өмір өткеліндегі бұралаң сәттері жиілей беретіні белгілі. Өкінішке қарай, елімізде балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс оқиғалары азаймай отыр.

Бақпасаң бала кетеді...

Мұндай жаман әдеттен Алматы облы­сының жас тұрғындары да ада емес екен. Дерекке жүгінсек, жыл басы­нан бері кәмелетке толмағандардың қаты­сумен жасалған қылмыс саны 64-­ке жетіпті. Былтыр мұндай 46 оқиға тір­келген екен. Яғни тәртіпсіздік пен тентектік үлесі артқан. Осы қыл­мыс­­тарға талдау жасаған құқық қорғау­шы­лар­ биыл Қарасай ауданында тәртіп бұзу­ дерегі көбейгенін айтады, өткен алты айда 29 оқиға тіркелген. Ал Жам­былда – 13 оқиға, Талғар ауданында – 9 жағдай және Еңбекшіқазақ ауданында 8 дерек анықталыпты.

Тағы бір қаралы хабарды да жасырып қалуға болмас. Аймақта өткен алты айда 7 бала өз-өзіне қол жұм­сап, өмірмен қоштасқан көрінеді. Қыр­шыннан қиыл­ған жеті жас ғұмырдың екеуі Еңбек­шіқазақ ауданында, екеуі Ұйғыр ауданында тұрған болса, Жам­был, Іле және Қарасай аудандарында бір-бір оқиғадан тіркелген екен. Ал өзіне қол салуға оқталған 11 бала құт­қа­рылыпты.

Өкінішке қарай, жол апатынан зардап шеккен бала саны да артып отыр. Жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен 207 жол апаты болып,
9 бала қаза болған. Тағы 300 бала әр­түрлі дене жарақатын алды.

– Балалар жолда жүру ережесін сіз бен бізден үйренеді. Балалар үлкен­дердің жүріс-тұрысының жақсы жағын да, жаман жағын да қабылдайды. Көп жағдайда балалар жолда жарақат алып, түрлі жағдайға ұшырап жататыны көлік жүргізушілерінің ғана кінәсінен емес, ол көбінесе балалардың жол жүру ере­жесін білмегендігінен де болады. Балаларға жолда жүру ережелерін үйретіп, үнемі оған үлгі көрсетіп және жүріс-тұрысын қадағалап, балаларды көшеде болатын қауіпті жағдайлардан сақтандыру әрбір ата-ананың міндеті, – дейді Алматы облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Ысқақов.

 

Алматы облысы