12 Мамыр, 2014

Қызылордадағы сұмдық апатқа кімнің себепші болғаны анықталды

444 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

11-01-14-rul-1

АСТАНА. 12 мамыр. Қызылорда облысының Шиелі ауданы аумағында орын алып, 10 адамның өмірін жұлып кеткен жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізушінің есімі белгілі болды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. Осы сұмдық апаттан аман қалған жолаушылар бірауыздан бұған джип тізгініндегі азаматтың айыпты екенін айтуда. Айтуларынша, қарсы бағытпен автобус емес, қымбат көлікті айдаушы жүйткіген. Рульде шенді қаржы полицейі отырған деген де ақпарат бар. Сол құзырлы органның атына кір келтірмес үшін тәртіп сақшылары кінәні автобус жүргізушісіне арта салды дейді жапа шеккен жолаушылар. Еске сала кетейік, 10 адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апаты 7 мамыр күні Шиелі ауданының Тартоғай ауылы тұсында болған еді. Онда «Лэнд Крузер Прадо» мен «Мерседес» шағын автобусы бетпе-бет соғылған. Соққының қатты болғаны сонша, көлік ішіндегі адамдар терезеден сыртқа ұшып кеткен. Айдалаға «жедел жәрдем» жеткенше, жарақат алған жолаушылар бірінен соң бірі жан тапсырыпты. Тәртіп сақшыларының алдын ала болжамы бойынша, апатқа қарсы бағытпен жүрді делінген автобус жүргізушісі кінәлі саналған. Алайда, аман қалған адамдар мүлдем басқа мәлімет айтып отыр. Апаттан аман қалған тағы бірнеше адам қазір дәрігерлердің қарауында. Бірі басынан ауыр соққы алып, хәл үстінде жатса, енді бірінің қол-аяғы сынған. Ажалдан аман қалғандардың барлығының өміріне төнген қауіп жоқ дейді ақ халаттылар. Ал, Қызылорда облыстық жол полициясы болса, әлі ресми жауап қатқан жоқ. Сондықтан жапа шеккендер Қызылорда облысының әкіміне хат жазып, істің әділ тергелуін сұрап отыр. Құрыш Нұрымбет. Дереккөз: КТК. Фото: КТК.