12 Мамыр, 2014

Бүгін прокуратура органдары жас мамандарының курсы ашылды

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ФОТО-12.05.2014

АСТАНА. 12 мамыр. Бүгін Бас прокуратурада Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың қатысуымен прокуратура органдары жас мамандарының кәсіби деңгейін арттырудың бірінші республикалық курсы ашылды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Жиынды ашарда Бас прокурор атап өткендей, құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасын, сондай-ақ құқық қорғау органдарының құқықтық саясаты тұжырымдамасын жүзеге шеңберінде қадағалау органдарының алдына қойылған басты міндеттердің бірі тиімді кадрлық әлеуетті қалыптастыру және нығайту болып табылады. Прокурорлық қадағалаудың тиімділігі, азаматтардың сенім деңгейі қызметкерлердің кәсібилігіне және құзіреттілігіне, олардың іскерлік және моральдік қасиеттеріне тәуелді. Сондықтан жас мамандарды даярлау және олардың кәсіби қалыптасу мәселелері ерекше маңыздылыққа ие болады. Жас прокурорларға арнап сөз сөйлей отырып, А.Дауылбаев оларға әрдайым қойылатын талаптарға жоғары деңгейде сәйкес келуге, өздерінің қызметтік міндеттерін ойдағыдай орындауға, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың, қоғам мен мемлекет мүдделерінің күзетінде болуға, күнделікті еңбекпен прокуратураның беделін нығайтуға, прокурорлық этиканың нормаларын мүлтіксіз сақтауға, прокурорлық кәсіптің керемет дәстүрлерін көбейтуге шақырды. Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің өкілдері, еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының жетекшілері, прокуратура органдарының ардагерлері жас мамандарға жылы лебіздерін білдірді. Екі апталық курстар барысында тыңдаушылар алдында Бас прокуратураның департамент басшылары, өңірлік прокурорлар сөз сөйлеп, жас мамандармен қадағалау қызметінің негізгі бағыттары бойынша тәжірибелері мен білімдерін ортаға салады. Сонымен қатар оқыту бағдарламасында шешендік өнер, көшбасшылық қасиеттер, заңгерлік хаттардың техникасы тәрізді қажетті қосымша дағдыларды дамытуға бағытталған арнайы сабақтар, сондай-ақ стресс тұрақтылығы бойынша тренингтер өткізу жоспарланған. Сәкен Майлыбай. Дереккөз: Бас прокуратураның баспасөз қызметі. Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі.