– Мені көргендердің арасында Гиннес рекордтар кітабына ену үшін арбасын сүйреп шыққан дегендер де болды. Алайда мен бұл сапарға үш мақсатпен шықтым. Қазақстанның тарихи-географиялық орталығы Ұлытауды танытуды қазақстандық қолөнершілерді қолдауды және ең бастысы, Қымыз мерекесін насихаттап, оны төл мерекеміз ретінде күнтізбеге енгізуді көздедім, – дейді әуесқой ұста, реставратор Сәрсенбай ата.
«Ұзақ сапарға шығуға екінің бірінің жүрегі дауаламайды, бұл тәуекелге қалай бардыңыз?» деген сұрағымызға ата: «Көз – қорқақ, қол – батыр» деп тартып отырдым, өзімнің Қазақстаным, ел барда далада қалмаймын» деп нық жауап қайырды.
Әрине, көпті толғандырған «Сапар сәтті аяқталған соң нәтижесі қандай болмақ? Не өзгереді?» деген әлеужелі қолданушыларына Сәрсенбай атаның жауабы жоқ емес.
– Атақ керек десем, бір басымда жетеді. ЭКСПО көрмесінде әртүрлі туындым, металлургияға, жерлестерімнің спорттағы жетістіктеріне арнап жасаған бұйымым көп болды. Сол жылы музейге металлургия саласы бойынша қолөнер туындыларым қойылған болатын.
Ал жоғарыда аталған мақсаттарымның нүктесі сапарым сәтімен біткен кезде қойылмақ. Президентімізге арнайы хат жазып, ел тұрғындарының Қымыз мерекесіне көзқарастары оң екенін, аты аталмай тасада қалған мықты қолөнершілердің еңбегі еленуі керегін, мемлекеттік тіліміз ұмыт болмай, ұлықталуын назарға алуын сұраймын, – деді сөзінің соңында С.Оспанұлы.
Сәрсенбай қарт алыс сапарға 31 наурыз күні аттанса, қазан айының соңына дейін Ақтау қаласына жетпек.
Сапарыңыз оң болсын, саяхатшы ата!
Айжан АМАНГЕЛДИНА
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы