Дәл осы промоушнде аса жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген Әліби жеті жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Бұған дейін ол Медет Жұмамұрат, Ислам Айбатов, Теймур Жапаров, Арген Мәліков және Аслан Өтеғалиевті ұтып, алтын белбеуді иеленді. Одан кейін чешенстандық Жохар Эскиевті есінен тандырып, чемпиондық атағын сақтап қалды. Міне, енді қандасымыз Бразилиядан келген сақа спортшыны сан соқтырып, өзінің мықтылығын тағы бір мойындатты.
Naiza ұйымының басшысы Нұрбек Қарабаланың сөзіне сенсек, UFC менеджерлерінің Әліби Ыдырысқа біраз уақыттан бері көздері түсіп жүрген көрінеді. «Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр», дейді ол. Егер осы әңгіме рас болса, онда әлемдегі ең белді промоушннің қатары тағы бір қазақ жігітімен толығады.
Алматыда өткен жарыста тағы бірнеше спортшымыз өздерінің өрелі өнерімен жергілікті жанкүйерді қуантты. Атап айтсақ, Бағдат Жұбаныш қырғызстандық Сұлтанбек Орозмаматұлын «қылқындырып» тастады. Жұман Жұмабеков Нұрбек Отарды «сабмишн» әдісімен жеңді. Нұрбек Қабдырахманов әзербайжандық Хазар Рустамовқа дәл осындай тәсіл қолданды. Айбек Бекболатов пен Олжас Жақыпбекұлы арасындағы бәсекеде техникалық нокаут тіркелді. Жеңіс Айбектің уысында кетті. Ал Әкімжан Хашимов өзбекстандық Фируз Якубовты ұпай санымен ұтты.
Сондай-ақ UFC-де өнер көрсетіп жүрген қос жерлесіміздің қарсыласы анықталды. Былтыр Ислам дінін қабылдап, намазға жығылған ақтөбелік Сергей Морозов 17 желтоқсанда америкалық Джорни Ньюсонмен күш сынасады. «Мороздың» жерлесі Жалғас Жұмағұлов 19 қарашада АҚШ-тың тағы бір өкілі Чарльз Джонсонмен жекпе-жекке шығады. Аса жеңіл салмақтағы спортшыларымыздың UFC-де ала-құла өнер көрсетіп жүргендері баршаға мәлім. Олар бірде ұтса, енді бірде ұтылып жүр. Сол себепті де дәл осы жекпе-жектерде екеуіне де жеңіс ауадай қажет.