12 Мамыр, 2014

Атырауда Илья Жақанов суретшіліктен дипломдық жұмысын қорғады

776 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

DSC_3911

АТЫРАУ. 12 мамыр. Бүгін Атырауда қазақтың белгілі өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақанов бейнелеу өнері, сызу мамандығы бойынша дипломдық жұмысын қорғады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұған дейін журналистік, жазушылық, композиторлық қырымен кеңінен танылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов бала кезінен сурет салып келеді.  Өзінің айтуынша, қазақ даласының таңғажайып кереметтерін әнмен жеткізе алмаған кезде қолына қылқалам алып, майлы бояумен сурет салады. Оның жанартаудай буырқанған суреткерлігін байқаған жергілікті қылқалам шеберлері Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен кәсіби білім алуға ұсыныс жасаған. Сөйтіп, 2012 жылы жергілікті білім ордасына екі жылдық қысқартылған курсқа оқуға қабылданған. Бүгін қазақтың қабырғалы қаламгері, танымал композитор Илья Жақанов     Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің мемлекеттік емтихан комиссиясының мүшелері композитордың «Жерұйық» тақырыбындағы дипломдық жұмысын өте жоғары бағалады. Дипломдық жұмысты қорғау Ш.Сариев атындағы көркем сурет және қолданбалы өнер мұражайында өтті. «Дипломдық жұмысыма Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қазақ даласының сұлу көріністерін арқау еттім. Бірінші суретте Алтай тауының таңғажайыбы, екінші суретімде Сарыарқаның кең даласы көрініс тапты. Үшінші суретте Ақжайықтың кереметін кең ауқымда баяндадым» деді Илья Жақанов. Бір атап өтерлігі, қазақтың танымал тұлғасының дипломдық жұмысын қорғауына университеттің оқытушы-профессорлары, студенттері, сонымен бірге жұртшылық өкілдері де қатысты. Жұртшылық назарына И.Жақановтың дипломдық жұмысымен бірге бұрын салған суреттері де қойылды. Еске сала кетейік, жазушы, композитор, өнертанушы тұлға 6 мамырда 78 жасқа толды. Жолдасбек Шөпеғұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: egemen.kz.

DSC_3958 DSC_3953