Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Президент архивінің қорларында басқару құжаттамасымен қатар партиялық номенклатура қызметкерлерінің, өнер, мәдениет және ғылым өкілдерінің жеке істерін қамтитын жеке құрам бойынша құжаттардың бірегей топтамасы сақтаулы. Бұл құжаттардың ішінде қазақ қыздарының қатарынан шыққан журналист, Павлодар облысындағы алғашқы мұғалім қыздардың бірі, дарынды аудармашы, халық ақыны Әбу Сәрсенбаевтың музасы Ләзиза (Лязиза) Мешітбайқызы Серғазинаның (1902–1982) өз қолымен жазылған өмірбаяны бар. 1937 жылғы 28 қарашада толтырылған өмірбаян Л.Серғазинаның жеке ісінде сақтаулы, құжат қазақ (латын қарпі) және орыс тілдерінде бірнеше нұсқада жазылған. Л.Серғазинаның Мәскеудегі редакторлар курстарына жіберу туралы өтініші, кадрлық есеп бойынша жеке парақтары да осында жинақталған. Оның партиялық-көпшілік насихат жұмыстарын жүргізетін бригаданың құрамында болғаны, марксизм-ленинизм еңбектерін аударатын редакторлар курсына жіберілгені, «Сталин жолы» газетіне жауапты қызметке тағайындалғаны туралы басқарушы органның шешімдері, 1933 жылы оның мәселесін дербес қараған тергеу ісі туралы да архив құжаттары сақталған.
«Егемен Қазақстан» газетіндегі («Социалистік Қазақстан» атауымен шығып тұрған кезде) дереккөздер Л.Серғазинаның қоғамдық-саяси өмірінен сыр шертеді. «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясының бұйрықтар кітабында 1944 жылғы 15 желтоқсанда редакция қызметкерлерінің айлық еңбекақысының белгіленуі туралы бұйрықта хат бөлімінің бастығы ретінде Л.Серғазина көрсетілген. Газет редакциясының партия жиналыстарының өндірістік мәселелер қаралған мәжілістердің хаттамалары көрсеткендей, бөлім бастығы, партия мүшесі ретінде Л.Серғазина мекеменің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқан. Жұмыс барысында туындаған күрмеулі мәселелер мен оларды шешу жолдарын қарастыру туралы өз пікірін жиі білдіріп отырады. Газет редакциясының жанындағы бастауыш партия ұйымы коммунистерінің 1946 жылғы 15 қазан – 30 желтоқсан аралығындағы жалпы жиылыстарының төрағасы ретінде қол қойған хаттамалар бар.
Ләзиза Мешітбайқызының 1937 жылы қуғын-сүргіннің қызып тұрған шағында өзінің өмірбаянында «әкем бай, қажы» деп көрсетуден жасқанбаған, өз әкесінен бас тартпаған ерлігін ерекше атап өту керек. Құжат мәтіні былай: «Мен 1902 жылы Павлодар облысында дүниеге келдім. Әкем бай, қажы болған. Оның дауыс беру құқығы болмады. Сотталмады, жауапқа тартылмады. 1929 жылы 79 жасында қайтыс болды. Қазір 1915 жылы туған інім бар. Одан басқа менің туыстарым жоқ. Анам да жоқ. Туыстарым ақ әскер қатарында қызмет етпеген, шетелде болғаным жоқ.
1920 жылға дейін ауылдық мектептің 3 сыныбын бітірдім. 1921-1922 жж. Павлодар қаласындағы 8 айлық мұғалімдер даярлайтын курстарда оқыдым, бірақ анам қайтыс болғандықтан оқуды аяқтауға үлгермедім. 1923 жылы тұрмысқа шығып, 1926 жылға дейін үй шаруасымен айналыстым. 1926 жылдың күзінен бастап 1,5 айлық мұғалімдер курсында оқып, оқытушы болдым. 1930 жылы күйеуімнің Алматыға ауысуына байланысты қоныс аудардық. 1930 жылдың тамызына дейін жұмыс істемедім, тамыз айынан бастап Комвуздың (1920-1930 жылдардағы КСРО-дағы жоғары партия оқу орындары. – авт.) дайындық курстарына түсіп, оны 1933 жылы бітірдім.
Революциялық шараларға қатысқан жоқпын. Кеме қатынасы мекемесінің Павлодар қалалық жүк тасымалы бөлімінің партиялық ячейкасында партия қатарына қабылдандым. Павлодар аудандық партия комитеті бекіткен. Партиядан шығарылған емеспін. Басқа партиялардың немесе топтардың мүшесі емеспін.
1926 жылдан қоғамдық жұмыстарға қатыстым. 1926–1930 жылдары мұғалім болдым. Комвузды бітіргеннен кейін Алматы облыстық «Сталин жолы» газетінде қызмет еттім, қазір мен жауапты хатшымын.
Марапатталмағанмын. 1936 жылы «Сталин жолы» газеті партия ұйымынан Сталин облыстық партия конференциясына делегат болдым. Мен сотталмағанмын. Әскерде болған жоқпын.
Күйеуім Сәрсенбаев Әбуғали, Батыс Қазақстан облысы Теңіз ауданының азаматы, балықшының баласы. Туған жерінде балық шаруашылығында жұмыс істейтін бір ағасы бар. Жолдасым – партия мүшесі, қазір «Қазақстан» баспасының жол-өндірістік бөлімінің редакторы. Отбасымызда
3 баламыз бар. «Сталин жолы» газетінің редакциясында қызмет еткеніме 4 жылдан асты. Жұмыс жақсы, бірақ бір жерде жұмыс істегеніме 4 жыл болғандықтан басқа жұмысқа ауысқым келеді». Қолы: Серғазина.
Ләзиза Серғазина 1902 жылы Павлодар облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Оның туған жылына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында қызықты деректер жарияланған. Кей деректерде, шын мәнінде, 1908 жылы туған, оқуға жасы жетпеген соң жыл қосып алуына тура келген деп айтылады. Әкесі өлкенің беделді, ағартушы тұлғаларының бірі болғандықтан қызына жақсы тәрбие мен білім беруге тырысты. Ләзиза Мешітбайқызы бес жасынан бастап өз әкесінің аралас медресесінде оқып, кейін сол медреседе ашылған кеңес мектебін 1922 жылы озат бағамен бітіріпті. Өзімен қатарлас бітірген ұл-қыздармен Керекуге аттанғысы келген оны жасы жетпегендіктен әкесі алып қалған екен. Ағайын туысының ұлы Ләзизаның шырылдап жылап қалғанын көріп аяғандықтан, «Мешітбай молда қызын оқуға жібермей, ескіліктің сарқыншағын жасап отыр» деп арыз жазыпты. Осы арыздың салдарынан облыстан екі милиция келіп «кеңестік биліктің саясатына қарсы шығып, қызыңызды оқуға жібермей отырсыз, сізді қамауға аламыз», деп ескертеді. Әкесі мен қызының көздері шарадай болып, бір-біріне қарасады. Қыз «мен жазбадым», деп жылайды, әкесі «менің өзіме неге айтпадың, өзім-ақ жіберетін едім ғой», деп ренжиді. Ақырында қызды анасымен бірге облыс орталығына оқуға жібереді. Оқуын оқып, алаңсыз жүрген кезінде, білім сапасын тексере келген облыстық білім бөлімінің меңгерушісі қыздың жасы кәмелетке толмағандықтан оқудан шығарып, ауылына қайтару керек деп шешім шығармақшы болады. Ләзиза атып тұрып: «өздеріңіз хат жіберіп, әкемді қаматамын деп қорқытып, енді мені не деп қайтарасыздар, мен қайтпаймын», деп бұлқан-талқаны болады. «Өзің хат жаздың ғой, оқуға әкем жібермей жатыр деген болатынсың», деген әңгіме тағы қайталанады. Сол жерде оқытушысы да ара түсіп, «өзі кішкентай болғанымен, ең озат оқушымыз, қайтармай-ақ қояйық», деген өтініш жасайды. Жасы 14-ке енді толған қызды сабақта қалай қалдырарын білмеген басшылық, оның жасын ұлғайтып көрсетуге шешім қабылдайды. Солайша Ләзиза 1902 жылы туған болып шыға келеді. Бірақ бәрі-бір сонша әуре-сарсаңмен келген оқуын аяқтап үлгере алмайды, елді жайлаған сүзектің кесірінен оқу тоқтатылады, қыз елге ата-анасының бауырына оралады.
Филолог-журналист атанған Ләзизаның еңбектері 1940 жылдардың басында «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрді, кейін отбасы мәселелерін, әйелдердің қоғамдағы рөлін көрсететін «Қазақстан әйелдері» журналында жауапты хатшы болды. Замандастарының естеліктеріне қарағанда, басылым беттерінде әлеуметтік, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласына қатысты мәселелерді, әйел теңсіздігін алғашқылардың бірі болып батыл көтерген Ләзиза. Оның жарқын мақалалары әрқашан оқырмандар арасында резонанс тудырды.
Ләзиза қазақтың белгілі ақыны Әбу Сәрсенбаевқа тұрмысқа шыққан. Екеуі бірге ұзақ жыл бақытты өмір сүрді.
Қазақстан Президентінің архиві Ләзиза Серғазинаның өмір дерегін қамтитын құжаттық жинақтар шығарды. Соның ішінде архив қорларында сақталған жеке істердің құрамындағы өмірбаяндарды фактологиялық материал ретінде ұсынған жинақты атап өту қажет. Жинақты құрастырушылар оның өмірбаянына қатысты бірнеше түсініктеме берді: «Оқып жүргенде Л.Серғазинаны молданың қызы деп оқудан шығару туралы мәселе көтерілді», «Кейін 25 жыл бойына «Қазақстан әйелдері» журналында жауапты хатшы болып жұмыс істеді». «Аудармашы, қазақтың халық жазушысы Ә.Сәрсенбаев 1986 жылы Л.Серғазина қайтыс болғаннан кейін «Түнгі жыландар би» кітабында Азия және Африка жазушыларының шығармаларынан жасалған аудармаларын жариялады».
Л.Серғазина туралы мәліметтер сол жылдардағы репрессиялық механизмді көрсететін партиялық хаттамаларда да бар. Айыптаулар – тұрмыстық ұсақ құқық бұзушылықтардан бастап, әлеуметтік шығу тегін жасыруға дейін, басқа да партиялық тәртіпті бұзу – барлығы партия органдарының қарау объектісіне айналды. Егер 1920 жылдары мұндай «теріс әрекеттер» үшін сөгіс түріндегі салыстырмалы түрде «жеңіл» жазалар болса, 1937–1938 жылдары олар да партиялық тергеу, одан кейін қылмыстық істерге негіз болды. Тергеуге алынғандардың көпшілігі түрмеге қамалумен қатар, өлім жазасына да кесілді.
Партия хаттамаларынан белгілісі: Ләзиза Серғазинаның партияға мүшелікке өту мәселесі бойынша өтінішінің қаралғаны туралы мәліметтер. Аталған құжатта оның әкесі бай-қажы және майдандас жолдастарына жыр арнаған белсенді Алашорда мүшесі болғаны туралы дерек берілді.
Туған әкесімен байланыс жасауы бірнеше рет партиялық жазаға ұшырауына себеп болды. Оның ішінде 1929 жылы Серғазинаның бұл «әдепсіз әрекеті» еске түседі: «халық жауларымен байланысы бар» деген айып тағылып, Алматы қаласы Фрунзе аудандық комитетінің партия комитеті оны партиядан шығаруға шешім қабылдайды. Араға 10 жыл салып, 1939 жылдың мамырында қалалық партия комитеті аудандық комитеттің шешімін жойып, ол партия қатарында қалдырылды. Бұған қуғын-сүргін толқыны бәсеңдей бастағаны себеп болса керек.
Жеке архив қорларына қайта оралсақ, КСРО ыдырағаннан кейін зерттеушілер белгілі тұлғалардың «билікке хаттарын» (партия, мемлекет органдарының атына, газеттерге жазылған өтініштер, сұранымдар және басқа да құжаттар) атап көрсетеді. «Билік атына жазылған хаттар» сияқты тарихи дереккөздің шетелде аналогы болуы екіталай, бірақ олардың кеңес қоғамы өмірінің әртүрлі аспектілерін зерттеу тұрғысынан біз үшін маңызы өте зор.
Бүгінде ұялы телефондар, электронды пошта, онлайн форумдар арқылы байланыс қолжазба хаттар алмасу тәсілін ығыстырып шығарды. Эпистолярлық дереккөздер үшін тарихи жағдайлар өткеннің еншісінде, сондықтан архивтердегі сақтаулы тұрған жеке текті құжаттар ерекше мән мен құндылыққа ие дереккөз ретінде қала бермек.
Әлия СҮЛЕЙМЕНОВА,
Қазақстан Республикасы Президенті архивінің бас сарапшысы,
тарих ғылымдарының кандидаты