Қазақстан • 26 Тамыз, 2022

Қаржы министрлігін цифрландыру тұрмысты қаншалықты жеңілдетті?

235 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қаржылық қызметтердің біршама цифрлануы күнделікті тұрмысымызды әжептәуір оңайлатып тастады. Дегенмен қағаз күйінде реттелмесе шешімін таппайтын қызметтер қатары әлі де қалың. Осыны ескерген Қаржы министрлігі салалық ведомствоны цифрландыруға кіріскендерін мәлімдеп, оның бірқатар жарқын мысалдарын жария етті.

Қаржы министрлігін цифрландыру тұрмысты қаншалықты жеңілдетті?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Биыл Мемлекеттік кірістер комитеті Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында біраз жобаны қолға алған. Оның ішінде Бірыңғай терезе, «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі, электрондық шот-фактура, Тәуекелдерді басқару жүйесі, сондай-ақ халыққа және бизнеске арналған мобильді қосым­ша­лар да бар. Мысалы, Бірыңғай терезе ақпараттық жүйесі кедендік экспорттық, импорттық операцияларды жеңілдету, оңтайландыру және импорт құжаттарын беруді автоматтандыруға арналған.

«Елге қауіпсіз өнімді әкелу бо­йын­ша барлық уәкілетті органдардың элек­­трондық рұқсат құжаттарын беру бір терезе қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Растайтын құжаттар мен мәліметтерді бірнеше рет ұсыну алы­нып тасталды. Қызмет алу уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Бүгінде жүйеде 6,3 мың пайдаланушы тіркел­ген. Жыл басынан бері 78 мыңнан астам сәйкестендіру сертификаты берілді, Ден­саулық сақтау министрлігінің 1 045 құжаты әзірленді, мемлекеттік кіріс­­тер органдарының – 529, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі­нің 117 құжаты осы жүйеде әзірленіп, берілді. «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі – тауарларды әке­луден бастап шығаруға дейінгі барлық кедендік процестердің негізгі жүйесі. Бүгінде кедендік декларациялар 100 пайыз қашықтан, электронды түрде ұсынылады. 4,9 млн астам кедендік декларация, оның ішінде 4 млн-нан астамы (82 пайызы) 1 минут ішінде автоматты түрде шығарылды. Жүйе тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді, декларацияны кеңседен немесе үйден шықпай-ақ ұсынуға болады», дейді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Панбаев.

Ал электрондық шот-фактуралар жүйесі – шаруашылық жүргізуші су­бъек­­тілердің барлық мәмілелерін қада­ғалай­тын платформа. А.Панбаевтың айтуынша, бастапқы бухгалтерлік құжат­тарды электрондық түрде ресімдеу де енгізілді. Жүйе онлайн режімде тәулік бойы жұмыс істейді. 1 тамыздағы жағдай бойынша жүйені пайдаланушылар саны 824 мыңға жеткен. 870 млн-нан астам шот-фактура жазылып, тауарларға 46,5 млн ілеспе жүк­құжат ресімделген.

Сондай-ақ Тәуекелдерді басқару жүйесі салықтардың жиналуын жақсар­туға мүмкіндік бермек. Бүгінде 16 млрд-тан астам цифрлық құжат өңделіп, 144 тәуекел моделі жасалыпты.

«2021 жылғы маусымнан бастап «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сымен бірлесіп контрагенттерді олар­дың сенімділік деңгейін анықтау мүм­кіндігімен дербес тексеру үшін «Салық төлеушілердің адалдық индексі» сер­висі іске қосылды. Тәуекелдерді бас­қару жүйесі салықтардың жиналуын жақ­сартуға, салықтық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және жалған кәсіпкерлік белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілген сәттен бастап бюджетке қосымша 500 млрд теңге қаражат түсті. Салық мін­деттемелерін орындау процесін жеңілдету құралдарының бірі – E-SALYQ мобильді қосымшаларын құру. Жеке тұлғалар үшін «салық әмияны» қызметін атқаратын Е-Salyq-Azamat мобильді қосымшасы енгізілді. Пайдаланушылар саны 1,3 млн-ға жетті. Биыл 1 қаңтар­дан бастап кәсіпкерлік субъектілерінің салық міндеттемелерін орындауына ыңғайлы болу үшін E-Salyq-Business мобильді қосымшасы іске қосылды. Бүгінде пайдаланушылар саны 307 мың жеке кәсіпкерді құрайды», деді спикер.

Қаржы вице-министрі Эльдар Қаз­ған­баев министрлікті цифрландыру жұ­мысы – стратегиялық және бюд­жет­тік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, қазы­нашылық жүйелерінде бюд­жет­тің атқарылуы, мемлекеттік аудит және ка­ме­ралдық бақылау, салық және кедендік әкімшілендіру сияқты бағыттарды қам­ти­тынын атап өтті.

«Мемлекеттік және бюджеттік жос­пар­лау рәсімдерін цифрландыру мақ­са­тында «Мемлекеттік жоспарлау жү­йе­сін дамыту» жобасы іске асырылып жа­тыр. Соңғы екі жылда жобаның бірін­­ші және екінші кезеңі аяқталды. Бұл республикалық бюджетті электронды түрде қалыптастыруға мүмкін­дік берді. Жоба аясында стратегиялық және бюджеттік жоспарлауды байланыс­тыру рәсімдері цифрландырылды. «Стра­тегиялық жоспарлау» функционалы аясында жүйеге 10 Ұлттық жобаның 9-ы енгізілді, біреуі құпия және жүйеге енгізілмейді. Сондай-ақ министрліктің жүйелерімен және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жүйелерімен интеграция жүргізілді. Осы арқылы деректерді енгізу қайталанбайтын болды және қағаз құжат айналымы қыс­қарды. «Мемлекеттік сараптама» жү­йесімен ­интеграциялау бойынша және трансферттер мен мемлекеттік инвес­тициялық жобаларды жоспарлау рәсім­дерін цифрландыру бойынша жұмыстар аяқталуда», деді вице-министр.

Осы жылы жоба аяқталғаннан ке­йін стратегиялық құжаттар мен рес­публикалық бюджетті қалыптастыру­дың барлық кезеңі цифрландырыл­мақ. Бұл жоспарлау процесін жеңілдетіп қана қоймай, оның ашықтығын да қам­тамасыз етеді. Қазіргі кезде мемле­кет­тік сатып алудың барлық процесі авто­маттандырылған. Жоспар жасау, сатып алуды өткізу, шарт жасау және орындау толығымен электронды форматта өтеді. Қазір веб-порталда 100 мыңнан астам өнім беруші мен 24 мыңнан астам тұтынушы тіркелген. Өткен есепті кезең­де мемлекеттік сатып алулар бойынша шартты үнемдеу 485 млрд теңге болыпты.

«Биыл келесі міндеттерді жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бірінші, бір көзден алу үлесін азайту. Мәселен, «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң шеңберінде сатып алудың бәсекелі тәсілдерін тапсырыс берушілердің өт­кізуіне басымдық берілген. Бір көз­ден алу негіздері қысқартылды. Элек­трондық дүкен енгізілді. Екінші, адами факторды болдырмайтын және өнім берушіні таңдауды автоматтандыратын рейтингтік-балдық жүйені әзірлеу. Бұл жаңашылдық 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап қолжетімді. Үшінші, негіздеме­лік келісімдерді іске қосу. Бұл мемлекет­тік сатып алуды өткізу мерзімін 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүм­кіндік бере­ді», дейді спикер.

Биыл «Тауарлардың электрондық каталогы» жобасы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді және жалпыға қолжетімді.

«Каталог деректерді толтыру тәрті­бінде жұмыс істейді. 1 шілдеден бас­тап мемлекеттік сатып алуда тауар­лар­дың техникалық ерекшеліктерін қалып­тастыру функционалы қолжетімді. Қазір­дің өзінде каталогта шамамен 16 мың техникалық ерекшелік қалып­тас­тырылды. 2 мыңнан астам пайдаланушы тіркелді. 461 мың тауар енгізілді», деді Э.Қазғанбаев.

Оның айтуынша, биыл каталогты та­уарлармен толтыру және каталогтан сатып алынатын тауарлар тізбесін кеңейту бойынша жұмысты күшейту жоспарланған. Сондай-ақ тауарларды ­модерациялау процесі үшін нейро желілерге негізделген машиналық оқыту технологияларын қолдану көзделген.

Өз кезегінде Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Еркін Беркешев 2020 жылдың соңынан бастап Электрондық аудит жобасы іске қосылғанын және қазірге де­йін 717 млрд теңгеден астам қамтумен шамамен 1 600 аудиторлық іс-шара жүргізілгенін жеткізді. Дәстүрлі аудит процесін электрондық форматқа түрлендіру арқылы іссапар, еңбек және уақыт шығындары азаяды. Аудитор мен аудит арасындағы тікелей байланысты жою жолымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқарту, сондай-ақ бір уақытта бірнеше аудит объектілері бо­йынша аудит жүргізу мүмкіндігі туады.

«2021 жылы қашықтан жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың үлесі ауди­торлық іс-шаралардың жалпы санының 31 пайызын құрады. Бұдан басқа, «Тәуе­келдерді басқару жүйесі» модулін атап өту қажет. Модуль аудитке жата­тын мемлекеттік объектілердің тізбесін анық­тауға арналған. Бүгінде модульде 64 тәуекел индикаторы енгізілді. Жалпы, Қаржы министрлігінің қызметін цифр­ландыру бюджетті атқарудың әр­бір кезе­ңінде профилактикалық аудит жүр­гізуге мүмкіндік береді, бұл шығыстарды жоспарлау, кассалық атқару, бюджет ­пен қаржылық есептілікті қалыптастыру ке­зеңдері», деді департамент басшысы.

Биыл Қаржы министрлігі қолға алған тағы бір бастама – Президенттің «Мем­лекеттік аппарат қызметін бюрокра­тиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шеңберінде бухгалтер­лік опе­рациялардың бірыңғай деректер ­базасын құру жобасы. Қанатқақты жоба
­7 мемлекеттік органда жүзеге асқан.

«Жобаны іске асыру мемлекеттік органдардың бухгалтерлік қызметтері­нің деректерін шоғырландыруға бағыт­талған. Сонымен қатар жобада бірың­­ғай анықтамалықтарды пайдалану да жоспар­ланып отыр. Бұл талдамалық құ­рал­дарды орнатуға және қаржы сала­­сын­дағы әртүрлі процестердің, яғни бухгалтер­лік есепті жүргізу, есеп­ті­лік беру, бюд­жетті жоспарлау және пәр­менді мемлекет­тік аудиттің тиімділігін арттыруға мүмкін­дік береді», деді департамент директоры.