12 Мамыр, 2014

Өскемендегі тасымалдаушы компания жолақыны көтеруді талап етті

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

DSC_0314

ӨСКЕМЕН. 12 мамыр. Бүгін таңертең өскемендіктер жұмысқа жете алмай, аялдамаларда автобустарды сағаттап күтіп қалды. Бұған бір тасымалдаушы компанияның өз көліктерін маршрутқа шығармай қойғаны себеп болды. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады. Осының салдарынан таңертең жолаушылардың қатары сиреген көліктер салонына сыймай қалу оқиғалары туындады. Соңынан белгілі болғандай, қаладағы ірі жолаушы тасымалдаушы «Рост» ЖШС тасымалдау бағыттарына 200 дана көлікті шығармай, тек жұмысқа бару және қайту уақыттарында ғана қызмет көрсететінін мәлімдеген екен. Ол таңғы 6.00 мен 10.00 және 15.00 пен 21.00 сағаттар аралығында ғана қызмет көрсетуді ұйғарып, осыған байланысты талап-тілектерін хатын қала әкімдігіне жолдапты.

Рост тоо

Қала басшылығы өз кезегінде аталған хатты компания әрекетіне құқықтық баға беру үшін прокуратураға жолдады. Ал Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов облыстық ақпарат орталығында брифинг өткізіп, мәселенің себебі қала әкімдігі мен тасымалдаушы компанияның жолақы құнын 75 теңгеге көтеру төңірегінде мәмілеге келе алмай жатқанында екенін айтты. Еске сала кетейік, бұған дейін де жолақы құнын көтеруді талап еткен жолаушы тасымалдаушылардың өтінішін қала билігі қанағаттандырмаған еді. «Біз автотасымалдаушылардың жағдайын және олардың тарифті көтеру талабының негізін жақсы түсінеміз. Дегенмен, біз қала тұрғындарының да жағдайын ойлаймыз. Көптеген отбасылардың мүшелері қоғамдық көлікті пайдаланады. Оларға бағаның көтерілуі ауыр тиеді», – деді қала әкімінің орынбасары. Қазіргі кезде қала басшылығы мен «Рост» ЖШС өкілдері арасында келіссөз жүріп жатыр. Тағы біршама уақытқа бағаны көтермеу жөнінде компанияға бірнеше ұсыныстар әзірленді. Ертең барлық автобустар өз бағыттарына қызмет көрсетуге шығады деп күтілуде. Ал жолақы құнын өзгерту туралы шешімді қалалық мәслихат депутаттары мамыр айындағы отырыста қабылдайтын болады. Думан Анаш. Дереккөз: Egemen.kz. Фото: Egemen.kz, Altaynews.kz.