Қазақстан • 29 Тамыз, 2022

Ерулік

762 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шоқжұлдыздай шағын ауыл­дың күзгі кейпі көңіл тояттарлық екен. Әр үйдің маңындағы етек-жеңі кең пішілген, еңселі мал қора­ларының жанына қоянжон маялар үйіліпті. Қарағаштың етегіндегі кең алқаптың үстінде күзгі орақтың лебі еседі. Береке-бірліктің, ырыс пен ынтымақтың жан жадыратар лебі. Ат басын әдейілеп іздеп келген наға­шымыздың үйіне тірегенбіз. Мейман күтіп жатқан жайы бар екен. Біз үстінен түстік. Көптен көр­меген нағашымыз құшақ жайып қарсы алды.

Ерулік

– Жақсы келдіңдер-ау, әдейі ша­қырсақ дәл осылай сәті түспес еді, – деді нағашым өңі қуа­ныштан нарттай қызарып, – әнеугүні ауылға көшіп келген азаматтарды бүгін ерулікке шақырып жатыр едік. Сендер де дәм татыңдар.

Кең қонақ бөлмеге алқа-қотан жайғасқан үш табақ кісі екен. Етектегі табаққа ел ішіндегі жас­тар жайғасыпты, төрде екі-үш ауыл ақсақалы мен бұрын көрмеген бейтаныс адамдар. Шамасы оңтүс­тіктен көшкен елдің азаматтары болса керек. Тура бізді тосып отыр­ғандай аман-саулықтан соң ас әкелінді. Ел ағасы Әйтімбет ақсақал осы елден ірге тебуді мақсат тұтып келген ағайынға ел жайын, жер жайын түсіндіріп айтып жатыр. Сарыарқаның сақылдаған сары аязын да айтып қояды. Ілкі заманнан бері қалыптасқан салт-дәстүр, ауылдастардың бірлесіп атқаратын жұмыс жағдайы, тіпті төрт түлік малдың өрісіне дейін тәптіштеп түсіндіріп берді.

Ас келген соң әңгіме сәл сая­быр тапқан. Әйтімбет ақсақал қо­лын­дағы қылпылдаған кездігімен уылжып піскен бастың маңдайы­нан бір кесіп алып жаңа табысқан ағайын ішіндегі үлкенінің уысына салды.

– Сен де бір елдің азаматысың ғой, жаңа қоныста мұндағы ағайын­ның да, өзіңнің бауырларыңның да арасында жүргеніңде үлкендігіңді танытып, маңдайың жарқырап жүр­сін, – деді.

Мұнан соң бастың майлы ұрты­нан шекеге дейін сылып, жал­пақ алақанына салды да, төрде отырған жігіт ағасына ұсынды.

– Елден естуіме қарағанда, мал ша­руа­шылығымен айналыспақшы екенсің, біздің өлке өте құнарлы өңір. Бұрынғылар «жетек шан­шысаң, арба өсіп шығады» деп әзілдейтін. Бірақ сол әзіл сөздің астарында көп-көрім шындық бар. Ертең-ақ жалғыз тоқтың жарты отар қой болып шыға келеді. Ақадал еңбегіңмен ұртың майға толып жүр­сін деп әдейілеп беріп отырмын. Ал мына жігітті көкпарға түсетін белді жігіт деп естідім. Біздің жақта көкпар тартыла бермейді, өзің үлгі болып өрістетерсің. Сол кезде жел­кең шодырайып жүрсінші, – деп қыр­тыс­ты желкеден жас баланың ала­қанын­дай етіп ойып алып, тағы бір жігітке ұсына берді.

Әзіл-қалжың, әрідегі жұрттың жақсы ырымға балаған жан жады­ратар рәсімімен ас ішіліп, дәм қай­тарылды. Түпқазықта отырған түгел жұрттың кескінін ғана танымай, жан-дүниесіндегі жақсы пейілді түйсінген меймандар нақ бір ежелгі бірге өсіп, біте қайнасқан адамдармен отырғандай жадырап қалды.

Келген аз-мұз шаруамызды бітір­­ген соң біз де аттандық. Күзгі дала сәл сарғыш тартқан. Жеңіл көлік заулап келеді. Үнсіздікті қала­дан келген, сапарлас бозбала бұзды.

– Аға, – деді әлден соң, – ерулік деген қандай дәстүр?

– Ықылым заманнан бері еншісі бөлінбеген атамыз қазақ орталарына көшіп келген сырт ағайынды ел-жұртпен таныстырып, адал асынан татыру үшін осылай қонаққа шақырған. Негізінде дәм адамды жақындастырады. «Бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем берудің» парыз болып саналатыны да сондықтан. Ел ішінің бірлігі ата дәстүрді сақтау арқылы бекімек, – дедім мен.

Қалада өскен бала жағымды жаңалық естігендей күлімдеп отыр. Көнеден келе жатқан атаның ақ жолы осындай жастарға жұғысты болғаны жарасымды емес пе?!

 

Көкшетау